Солтүстік Қазақстан газеті

СЕРПІН ТАНЫТАР СӘТ

Печать PDF

argaiv1322

Санаулы күндерден кейін облысымызда егін жинау науқаны басталады. Бұл туралы облыстық ауыл шаруашылығы басқармасының мамандары хабарлады.

Өткен жаңбырлы жылмен салыстырғанда үстіміздегі жылы ауа райы қолайлы болып, егіннің беталысы диқандарды қуантып отыр. Облыстық ауыл шаруашылығы басқармасы басшысының орынбасары Қуандық Шақұбаевтың айтуынша, дәнді дақылдар мен рапстың шығымдылығы жақсы.

– Биыл өңірде 4,8 млн. гектар алқапта дақылдар өсірілді, оның 2,5 млн. гектары – бидай. Елбасы Нұрсұлтан Назарбаевтың тапсырмасы бойынша егістік алқаптарын әртараптандыру жұмыстары жүргізілді. Майлы дақылдар егілген алқаптар 712,2 мың гектарға дейін, яғни 40 пайызға ұлғайтылса, бұршақ дақылдарының егістігінің көлемі 2,5 есе кеңейтілді. Өңірімізде соя өсіру қолға алынды. Астық қабылдайтын элеваторларымыз жауапты науқанға толығымен дайын. Қазіргі таңда өңірімізде жасымықты жинау жұмыстары басталды, – деді Қуандық Нұрғазыұлы.

Жаз бойы өңір аграрийлері танап басында тынбай еңбектеніп, қажетті агротехникалық шараларды толығымен орындады. Алдағы орақ науқанына сегіз мыңнан астам комбайн жұмылдыру жоспарланса, олардың үштен бірі – жоғары өнімді техникалар. Диқандардың негізгі мақсаты – 4 миллион 200 гектар алқапқа себілген алтын дәнді шашау шығармай жинап алу. Ол үшін барлық жағдай жасалған. Үкімет күзгі дала жұмыстарын ұйымшылдықпен жүргізу үшін 75 мың тонна арзандатылған жанар-жағармай бөлді. Бүгіндері агроқұрылымдарға жоспарлы сұйық отынның 44 мың тоннасы жеткізілді.

Қанат АТАМАНОВ,

“Солтүстік Қазақстан”.

Пікір білдіру


Защитный код
Жаңалау