Солтүстік Қазақстан газеті

ҚАРАҚШЫДАН ДА, ҚАСҚЫРДАН ДА ҚОРЫҚПАҒАН

Печать PDF

Сұрапыл соғыс басталғанда мен небәрі 3-4 жастағы баламын. Оң-солымды танып, ес жия бастаған кезден қолымнан келгенше әкем Мүтәлап Дүйсенбайұлына көмектесе бастадым. Ол кісі оқу-жазу білмеген. Соған қарамай, есте сақтау қабілеті жақсы болғандықтан, соғыс кезінде ауылда хат тасушы болып істеді. Орталық ауылы сол кезде Преснов ауданына қарайтын. Кейінде Боевик ауылымен бірігіп, “Абай” ұжымшары атанды. Әкем оның есепшот мәліметтерін, қажетті қағаздарын, сатушының сатқан тауардан түскен ақшасын жинап, 8-10 шақырым жерден Архангелка пошта бөлімшесіне уақытымен жеткізіп тұрды.

argaiv1428

Біздің үй ауылдың шетінде болған. Ол кезде қыс әлдеқайда суық болатын. Мен әлі баламын. Даладан келген үлкен адамдардың “күннің суығынан өгіздің мүйізі түсті” деген сөздерін талай естігем. Боран соққанда шым үйімізді төбесіне дейін қар басып қалатын. Сонда әкем марқұм қораның үш жерінен ауыз есік жасап, қайсысы ашылса, содан атшанасын шығарып, поштасын уақытында жеткізуші еді.

Ол кезде боран қатты соғатын. Жол деген мүлдем көрінбейді. Әкем жол бойына малдың қиын төгетін. Суаткөл мен Молалыкөлден қамыс шауып, буып байлап Архангелка жолына жақындау қарға көметін. Онысы, түнде жүргенде жолаушыларға белгі болсын деген ниеті. Сол кезде қасқырлардың көп болғаны соншалық, үйдің сыртына дейін келетін. Талай рет өрісте жүрген бұзаулар мен құлындарды жаралап, жеп кеткенін өз көзімізбен көргенбіз. Пошта тасып жүрген әкеме де бір күні аш қасқырлар шауып, ол өзінің өжеттігінің арқасында ғана аман қалыпты.

Мен ауылда 7-сыныпты бітіріп, Баян орта мектебіне барып, емтихан тапсырдым. Сегізінші сыныпты сонда оқыдым. Молдабай Сәдуәқасов деген адамның үйінде үш жыл тұрдым. Көктемде көлік тапшы болғандықтан, әкем поштаны үйретілген өгізбен тасыды. Ауыл адамдары оны алыстан көргенде “қандай хабар әкеле жатыр” деп алаңдайды екен. Қара қағаз келсе, әкем оны өзі жеткізбей, ауылдың екі-үш үлкеніне айтатын. Кейін олар жиналып, қазалы үйге барып, көңіл айтып, қайғысына ортақтасады екен.

Бірде әкем түнделетіп поштамен келе жатқанда Архангелка ауылының қасында оны бірнеше жігіт тоқтатып, қоршап алған. Ақша, жәрдемақы алған кезді білетін олар алдынан шығып, қорқытып, арам пиғылдарын жүзеге асырмақ болған. Бірақ әкем қайсар мінезді адам еді. Ол қасқырға да, қарақшыларға да дес бермейтін. Осылай жыртқыш аңмен де, жаман ниетті адамдармен де арпалысып жүріп, өзіне тапсырылған жұмысты жеріне жеткізіп тұрып істейтін жақсы қасиеті болды. Мен осының бәрін көріп өстім. Алдыңда бағыт-бағдар беріп, жақсы мен жаманның арасын ажыратып, еңбек пен бақыттың егіз екенін іспен дәлелдей білген ардақты әкелердің орны бөлек екен. Менің көргенім де, өмірден түйгенім де осы.

Соғыс кезінде қандай отбасыға болмасын, оңай болған жоқ. Қару ұстауға жарағандардың барлығы майдан шебіне аттанды. Ауылда жас балалар мен кемпір-шалдар ғана қалды. Соның өзінде жұмыс тоқтаған жоқ. Әркім қолынан келгенше еңбекке араласып, Жеңіс күнін жақындатуға үлес қосты. Осындай еңбекқор адамдардың арасында менің әкемнің болғанын мақтан етемін.

Сәркен МҮТӘЛАПҰЛЫ,

зейнеткер.

Петропавл қаласы.

Пікір білдіру


Защитный код
Жаңалау