Солтүстік Қазақстан газеті

Сабыр түбі — сары алтын

Печать PDF

“Үй болған соң ыдыс-аяқ шылдырламай тұрмайды” деп атамыз қазақ бекер айтпаған. Ерлі-зайыптылар арасында анда-санда кикілжіңдер туындап тұратыны бұл заңды құбылыс. Мұндай жағдайда төмендегідей маңызды ережелерді естен шығармағаныңыз жөн болар.

argaiv1087

– Екеуара болған түсініспеушілік кезінде ешқашан ата-ана жайлы сөз қозғамау керек. Үйде болатын ұрыс-керіске оларды қатыстырмаңыз. Сондай-ақ, ата-анаңыздың жанжалға қатысуына жол бермеңіз.

– Күш қолданудан аулақ болыңыз. Қанша жерден ашулы, ренжулі болсаңыз да, ешуақытта қол жұмсауға бармаңыз. Жарыңыздың да мұндай әрекетке баруына жол бермеңіз.

– Ешқашан ажырасу туралы айтпаңыз. Көптеген адамдар қызуқандылықпен әр нәрсені айтуға барады. Алайда, ешуақытта “сенімен ажырасамын” деп айтпаңыз. Жарыңыз үшін бұл сөздер қатты тиеді. Айта берсеңіз, расында да бір күні қызбалыққа салынып, ажырасып кетуіңіз мүмкін. Кейін өмір бойы бұл әрекетіңізге өкініп жүресіз.

– Ұрыс кезінде үйден кетпеңіз. Бұл – қате әрекет. Жарыңыздың кинодағыдай артыңыздан жүгіріп шығып, кешірім сұрауы екіталай. Одан да әліптің артын бағып, зайыбыңыз сабасына түскенде жанжалдың оң шешімін табуға тырысыңыз. Үйден кетіп қалып, кейіннен өкініп қалудан аулақ болыңыз.

– “Сөзге келіп қалдық екен” деп теріс қарап, сөйлеспей жүрудің қажеті жоқ. Одан ешкім де ұтпайды. Қалай болғанда да, әдеттегі қалыпты сақтауға тырысыңыз. Мұндай қадам – шиеленіскен мәселені “басып”, жүйкені тыныштандыруға бастайтын бірінші баспалдақ.

– Ер адам сабырымен, әйел адам даналығымен жанжалды болдырмауға тырысуы керек екенін ұмытпағайсыз.


Кенже ЕСЕНОВА,

психолог-маман.

Пікір білдіру


Защитный код
Жаңалау