Солтүстік Қазақстан газеті

СӘБИГЕ — АНА ЖҮРЕГІНІҢ ЖЫЛУЫ

Печать PDF

“Жұмақ ананың табанының астында” деген қасиетті қағида қазақ ұлтының аналарға, жалпы әйел қауымына деген зор ілтипатын аңғартып тұрса керек. Айналасын шуаққа бөлеп, Жер бетіне жақсылық нұрын себе білген ана құрметке де, қошеметке де лайықты.

argaiv1208

Алаш ардақтысы Міржақып Дулатов айтқандай, “бізді сүйетұғын, күйетұғын, әрқашан қамымызды ойлап жүретұғын абзал жанды адам, бұл – ана”. Шынымен де, ана – өмірдің өзегі. Ол ұрпақ сабақтастығын жалғайтын алтын көпір іспеттес. Өкінішке қарай, соңғы кезде ана атына кір келтіріп, оған көлеңке түсіріп жүрген “анасымақтардың” бала тәрбиесіндегі жаға ұстатар фактілерін естіп, көріп те жүрміз.

Осыдан бірнеше күн бұрын ғана желіні әп-сәтте шарлап кеткен бейнетаспа қоғамда қызу талқыға түсті. Оның желісін қысқаша баяндар болсақ, жас келіншек телефонмен сөйлесіп отырғанда, мазасын алып, жылай берген кіп-кішкентай сәбиін кереуетте отырған жерінен көтеріп алып, жерге бір-ақ соқты. Бар болғаны “анам көтерсе екен” деп мазасызданған баланы соншалықты жұлқылаған ананың мына ісіне қарап, қайран қаласың. Ол күшік емес, көжек емес, адамның баласы ғой. Өзгенің емес, өзінің ішінен шыққан сәбиі. Алпыс екі тамырын иіп, ақ сүт беріп өсірген бауыр етіне соншалықты қатыгездікпен, аяусыздықпен қарау қайдан шыққан нәрсе? Алланың өзі бойға дарытқан құдіретті күш – аналық мейірім, аналық сезім, аналық махаббат қайда кеткен?!

Осыдан бірнеше ай бұрын өз баласын аяусыз ұрып-соғып, оны бейнетаспаға түсіріп алған павлодарлық әйелдің іс-әрекетін де көзі қырағы оқырмандарымыз ұмытқан жоқ шығар. Кіп-кішкентай қыз балаға туған шешесінің қол көтеріп, оны әдейі ұрыпсоғуы туралы бейнетаспа “Instagram” әлеуметтік желісінде жарияланды. Қатты тиген шапалақтан ба, қорғау орнына қорқыта түскен анасының айғайынан ба, әйтеуір шошыған бала ботадай боздап жылай береді. Ашу қысқан ана қызының үнін өшіргісі келіп, тамағынан қыса түседі. Мұндай көріністі кинодан көрудің өзі бір бөлек шығар, себебі, “әйтеуір қолдан жасалған өтірік көрініс” деп өзіңді жұбата аласың. Ал енді мына сіз бен біз өмір сүріп жатқан қоғамда осындай оқыс оқиғалардың өршіп бара жатқаны ойлантатын жайт. Шаңырақтың береке-бірлігін сақтап, ұрпақ сабақтастығын жалғайтын аналарымыздың істеп отырған қылығы осындай болса, өсіп келе жатқан қыздарымыз, келіндеріміз кімнен үлгі алмақ?

“Жақсылық тасбақа сияқты жылжып жетеді, ал енді жамандық деген нәрсе көзді ашып-жұмғанша құстай ұшып келеді”, – деген халық даналығы бекер айтылмаған. Көз көріп, құлақ естімеген неше түрлі жаман хабарлардың ел ішінде тез тарап кетуіне ғаламтордың тигізер “пайдасы” зор. “Естіген құлақта жазық жоқ” дегендей, әр жерден түскен ақпараттардың көптігі соншалық, оған, тіпті, етіміз де үйреніп кеткен сияқты. “Анасы өз баласын ұрыпты”, “...сәбиін қоқыс жәшігіне лақтырып кетіпті”, “...анасы балаларын өлтірмекші болыпты” деген сөздерді естігенде, селт етпейтін жағдайға жеттік. “Сұмдық-ай” деген сөзден асып, алысқа бармаймыз. Күн сайын азаймай тұрған сұмдық, жиіркенішті ақпараттарға ағзамызда қарсы иммунитет қалыптастырып алғандаймыз. Яғни, “диірменде туған тышқан тарсылыңнан қорықпайдының” кері емес пе?

Осындай олқылықтардың кесірінен қатыгездік деген кесапат біртіндеп жерді жайлап, ең бастысы, ана жүрегін жаулап бара жатыр.

Әрине, бұл жерде біз көпке топырақ шашудан аулақпыз. Дана сөзімен, асыл мінезімен көпке өнеге болып жүрген ақ жаулықты аналарымыздың қатары қалың. Бірақ қоғамда бір қарын майды шірітетіндер де бар екені шындық. Олардың небір сынықты сылтау етіп, ашуға бой алғызып, сәбиіне қол көтеруінің себебі неде? Алланың өзі мейірімді төгіп берген асыл жандардың бойында қатыгездік іс-әрекеті қайдан пайда болады? Баласын бауырына басқанда “жаным, балапаным менің...” деген сөздермен аялайтын ана жүрегіне бұл тікен қандай жағдайда қадалады?

Осы мәселе төңірегінде психолог-маман Гүлден Ақмағамбетованың пікірін білдік.

– Ана мен бала арасындағы қарым-қатынас – бүгінгі күннің өзекті мәселелерінің бірі. Балаға қол көтеру, оған зорлық-зомбылық әрекеттерін жасау заң тұрғысынан алғанда қылмыс болып саналады. Әрине, әр оқиға әртүрлі өрбиді. Оның себеп-салдары да бірдей болмайды. Сондықтан да бұл сұраққа бірден жауап беру мүмкін емес. Ең бастысы, әлеуметтік жағдайға көңіл бөлу керек. Қазіргідей ақшаны пір тұтатын заманда рухани құндылық құлдырап кеткендей. Өкінішке қарай, көптеген әйелдер “ақша, алтын, қымбат көлік” деп жүріп, балаға тиісті көңіл бөлмейді. Ал осының қайсыбіріне қол жетпей жатса, өзін бақытсыз сезініп, айналасындағыларға қырғидай тиеді. Қабағынан қар жауып, отбасында қаталдық ахуалын орнатады. Әйел адам босанғаннан кейінгі аралықта оның ағзасында, жалпы өмірінде белгілі бір өзгерістер орын алады. Мұндай кезде ананың бойында шаршау, әлсіреу пайда болады. Түн ұйқысын төрт бөліп, уақытымен дұрыс тынықпаған кезде ананың жүйкесі сыр береді. Осындай кездерде ол беймаза күй кешіп, ашуға бой алғызуы мүмкін.

Ана бойындағы қатыгездік іс-әрекетке себеп болатын факторлардың бірі – кездейсоқ жүктілік. Сондай-ақ, ажырасу. Ерлізайыпты екі жаққа кеткенде олардың араларында бір-біріне деген өкпереніш болса, кейін оның салдары сәбиге тиіп кетуі мүмкін. Мәселен, бала әкесіне қатты ұқсады делік. Оның кескін-келбеті, жүрістұрысы әйелге бұрынғы күйеуін, отбасылық өмірін бұзған ұрыс-жанжал сияқты жағымсыз нәрселерді есіне түсіре беруі мүмкін. Осындай кезде де ананың бойында баласына деген жылылықтан, мейірбандықтан гөрі, қатаңдық басымырақ болады. Қырық жастан асып барып тұрмыс құрып, сәби сүйген аналардың бойында да баласына деген ыстық сезім айтарлықтай болмауы мүмкін. Себебі, олар бұл кезде бала тәрбиелейтін жастан әлде-қайда алшақтап кетеді. Сондықтан “әйтеуір, туған екем, енді осы баланы өсіруім керек” деген ойдың жетегінде кетеді.

Бұл барлық әйелдерге қатысты кесіп айтқан шешім емес, әрине. Бірақ психологиялық тұрғыдан алғанда осындай топқа бөлетін аналар бар. Олардың іс-әрекеттерін желіге салып, “сүйіншілеудің” қажеті жоқ. Керісінше, алдын алу жұмыстарын жүргізу керек, – деді ол.

Осы мәселе төңірегінде облыстық “Қызылжар” орталық мешітінде құрылған “Әжелер мектебінің” жетекшісі Ырысжамал Әленова да өз ойын жіпке тізгендей айтып берді.

– Көтеріп отырған мәселеңіз өте орынды. Соңғы кезде өз баласына қол көтеріп, зорлық-зомбылық әрекетін жасаған аналар жайында неше түрлі жағымсыз жаңалықтарды естуге болады. Мұның бәрі тәрбиеден кетіп жатқан қателіктен деп ойлаймын. Бүгінгі қыздар – ертеңгі аналар. Сондықтан да қыз балалардың тәрбиесіне көп көңіл бөлу керек. Оларға үйде ата-анасы, мектепте ұстаздары, жалпы қоғам болып қазақы қалыпқа салып, бағыт-бағдар беріп отырса, нұр үстіне нұр болар еді. Отбасындағы әкенің, баланың рөлі қандай екенін айтып, ана мен оның сәбиі екеуінің арасындағы көзге көрінбейтін тылсым күштің құдіретін айту да тәрбиенің бір жолы. Тарихымызда ойып тұрып орын алған дана да дара асыл аналардың өмірін өнеге етіп айту қажет. Осындай маңызды әңгімелерді қозғап, қыз баланың тәрбиесіне барынша оң ықпал тигізу “Әжелер мектебінің” алдына қойған мақсаты. Алдағы уақытта осы жұмысты әрі қарай жалғастырып, қыздармен де, ұлдармен де кездесіп, тәрбие жайындағы өзекті мәселелерді талқылаймыз. Жас буынды бүгіннен бастап жақсы тәрбиелей білсек, неше түрлі жаға ұстатар жаман жаңалықтарды естімейтін боламыз.

Сансыз себептерге сүйеніп, қорғансыз сәбиге жұдырық ала жүгіргеннен де, оларды аялы алақанға салып шапағат нұрына бөлейік. Ақылсыз жүректің соқыр, ал жүрексіз ақылдың қатыгез болатынын ұмытпайық.

Алма ҚУАНДЫҚҚЫЗЫ,

“Солтүстік Қазақстан”.

Пікір білдіру


Защитный код
Жаңалау