Солтүстік Қазақстан газеті

БАҚЫТ КІЛТІ — ТАТУЛЫҚТА

Печать PDF

Елбасымыз “Отбасында адам бойындағы асыл қасиеттер жарқырай көрініп, қалыптасады. Отанға деген ыстық сезім – жақындарына, туған-туысқандарына деген сүйіспеншіліктен басталады” деп қадап айтқан болатын.

argaiv1208

 

Мемлекет басшысының бастамасымен бірнеше жыл қатарынан елімізде “Мерейлі отбасы” ұлттық байқауы өткізілуде. Бір қуантарлығы, оған қатысушылар саны жыл сайын арта түсуде. Ізгілік пен сыйластықты серік етіп, бір шаңырақ астын­да берекелі өмір сүрудің маңыз­дылығын арттыру, отбасылық өмір салты, ата-ананың парызы сияқты маңызды ұғымдарды ел санасына сіңіруді мақсат еткен байқаудың көтеріп тұрған жүгі ауыр. Аз ғана уақыттың ішінде елдің ризашылығына бөленіп, көптің көңілінен шыққан байқау, әсіресе, жастар үшін үлкен өнеге.

Есіл ауданындағы Қорғанбай әулеті ұлттық құндылықтарымызды ұлықтаған “Мерейлі отбасы” байқауының бірінші кезеңінде топ жарып, жеңіске жетті. Өнегелі отбасының екінші кезеңде де асығы алшысынан түсті, олар “Өнерлі отбасы” аталымы бойынша сертификат пен арнайы марапатқа ие болды.

Отағасы Жұмабек Қорғанбай аудандық ауруханада “Жедел жәрдем” көлігінің жүргізушісі болып жұмыс істейді. Оның жан жары Бұхаркүл Сисенбайқызы – алты қызға өмір сыйлаған “Күміс алқа” алқасының иегері. Бала тәрбиесін уыстарынан шығармаған ардақты ата-ана – ұлттық салт-дәстүрімізді насихаттап, ұрпақ тәрбиесіне зор үлес қосып, еселі еңбегімен өнеге танытып жүрген жандар.

– Ең бастысы, тәлім-тәрбиеге көп көңіл бөлу керек. “Жастар – болашаққа апаратын алтын көпір”, – дейді дана халқымыз. Олай болса, өскелең ұрпақ өз қабілетіне, біліміне сай қоғамымыздың бір кірпіші болып қалануы тиіс. Білімді, білікті, заман талабына сай жастарымызды қолдап, оларға жақсы еңбегімізбен үлгі бола алсақ, құба-құп, – дейді отағасы. Аудандағы қоғамдық және мәдени жұмыстарға белсене қатысатын Жұмабек Қызтуғанұлы жұмыстан бос уақытында домбыра, гитара тартып, сурет салумен де айналысады.

Алтын мінезді, көпбалалы ана – Бұхаркүл Сисенбайқызы Аяған Шәжімбаев атындағы №3 Явленка орта мектебінің қызметкері. Бар байлығын, бақытын балаларына теңеген ол – он саусағынан өнер тамған ісмер. Қыздарын еркелетсе де, еркіне жібермеген асыл ана оларды иманды, инабатты болып өсіруде. Отбасының тұңғышы, ата-анасының көз қуанышы Перизат психолог мамандығын игерген. Бүгінгі таңда ол Ақмола облысындағы Астраханка ауылында тұрады. Алматы қаласында тұратын қыздары Аяжан менеджер болып істейді. Әсем ұстаздық жолды таңдаса, Гүлназ отағасынан үлгі алып, өнер саласында бағын сынауды жөн көрген. Өнер колледжінің студенті – көптеген ән байқауларының жеңімпазы. Талапты бойжеткен фортепьянода және домбырада ойнайды. Үйдің кенжелері Светлана мен Әйгерім – 11 және 4-сынып оқушылары. Алды тұрмыс құрып, өз отбасының шырайын келтіріп отырған әпкелеріне қарап, ой да, бой да түзеген сіңлілері – анасының қуанышы, қолғанаты.

Алма ҚУАНДЫҚҚЫЗЫ,

“Солтүстік Қазақстан”.


Пікір білдіру


Защитный код
Жаңалау