Солтүстік Қазақстан газеті

СУ БАСЫНДА САҚ БОЛ!

Печать PDF

Облыстық төтенше жағдайлар жөніндегі департаменттің кезекті баспасөз мәслихатында биылғы суға түсу маусымы кезінде атқарылып жатқан жұмыстар және бүгінге дейін орын алған төтенше жайттар әңгіме арқауына айналды.

argaiv1900

Департамент басшысының орынбасары, подполковник Ерік Сарыбаевтың айтуынша, тұрғындардың қауіпсіздігін қамтамасыз ету – күн тәртібінен түспейтін өзекті мәселелердің бірі. Қыста жолдар мен жолаушылардың жағдайы және өрт оқиғасын болдырмау жолдары бақыланса, жазда құтқарушылар су жағасында ақпараттық-түсіндіру шараларын ұйымдастырып, тыным таппайды. Департамент қызметкерлері биыл су айдындарының қауіпті жерлеріне шомылуға тыйым салынған 228 белгі мен 75 ақпараттық стенд орнатқан. Қызметкерлер 845 рет рейдке шығып, 14612 жадынама таратқан. Заңсыздыққа жол берген 159 тұрғын әкімшілік жазаға тартылыпты. Сондай-ақ, балалардың демалыс орындарында су жағасындағы қауіпсіздік ережелерін түсіндіру шараларын өткізген. “Төтенше оқиғалардың алдын алуға қанша күш салынып жатса да, оқыс жайттар орын алуда. Жыл басынан бері 14 адам суға кетіп қалса, соның төртеуі жеткіншек. Соңғы аптаның өзінде төрт адам судан ажал құшты, – деді Ерік Темірханұлы. Судағы қайғылы оқиғалар қауіпсіздік ережелерін сақтамау, балаларды қараусыз қалдыру, құтқару құралынсыз шомылу, алкогольдік ішімдіктің әсері сияқты себептерден туындайды.

Жедел-құтқару жасағы басшысының орынбасары Виктор Держанский құтқарушылардың тәртіп сақшыларымен бірлесе рейдтерге шығып, су жағалауларында кезекшілік ұйымдастыратынын жеткізді. Есіл өзенінің бойындағы жағажайлар мен Үлкен Тораңғұл көлі үнемі құтқарушылардың бақылауында. Сауықтыру лагерьлері мен демалыс орындарын тексеріп, жеткіншектерге жүзу техникасын үйрету шараларын да қолға алған. Жаз басталғалы 27 адам құтқарылған.

Гүлгүл ҚУАТҚЫЗЫ,

“Солтүстік Қазақстан”.

Пікір білдіру


Защитный код
Жаңалау