Солтүстік Қазақстан газеті

ТҰҒЫРНАМА ҚАЛАЙ ОРЫНДАЛУДА?

Печать PDF

argaiv1208

Бұрнағы күні “Нұр Отан” партиясы облыстық филиалы саяси кеңесі бюросының кезекті отырысы өтті. Партияның облыстық филиалының төрағасы, өңір басшысы Құмар Ақсақаловтың төрағалығымен өткен отырыста сайлауалды тұғырнаманың жүзеге асырылу барысы туралы облыстық мәслихат депутаттарының есептері тыңдалды.

 

Партияның сайлауалды бағдарламасындағы “Білім” бағыты бойынша атқарылған жұмыс жайында облыстық мәслихаттың депутаты Ғафура Бөстекова баяндады.

– Өңірімізде үшауысымдық және апаттық жағдайдағы мектептердің мәселесі шешімін тапты. Сондай-ақ, өңірде 3-6 жастағы балаларды мектепке дейінгі біліммен қамту мәселесі 99,6 пайызға шешілген. Бұл жұмыстар аудандарда жақсы жүргізілсе, облыс орталығында қарқыны баяу. Мәселен, “Береке”, “Жас өркен” шағынаудандарында шағын орталықтардың саны аз. Үш жасқа дейінгі балғындарды мектепке дейінгі тәрбиемен қамту бойынша атқарылған жұмыстардың барысы көңілден шықпайды, – деді Ғафура Сабырқызы.

Халық қалаулысының айтуынша, 125 қысқа мерзімді шағын орталықтың санын қысқарту керек. Сондай-ақ, облысымыздағы жеке-меншік мектепке дейінгі білім беру ұйымдарының желісі баяу дамуда. Бүгіндері мұндай 19 мекеме бар. Мемлекеттік-жекешелік әріптестік бағдарламасын арттыру бағытындағы жұмыстарды жергілікті атқарушы органдар сылбыр жүргізуде.

Күн тәртібіндегі келесі мәселе бойынша облыстық білім басқармасының басшысы Гүлмира Кәрімова хабарлама жасады. Бүгіндері өңірде жас мамандарды елді мекендерге тарту бойынша жүйелі жұмыс жүргізілуде. Былтыр “Дипломмен – ауылға!” бағдарламасы аясында 360 жас педагог жұмысқа орналастырылған. Ал биыл өңір мектептеріне 510 маман келеді деп жоспарлануда.

Десек те, маман тапшылығы әлі де сезіледі. Бүгінде ауыл мектептерінде 253 мұғалім жетіспейді екен. Әсіресе, математика, ағылшын және орыс тілі пәндерінен мамандар тапшы. Гүлмира Райынбекқызы педагогтар тапшылығын жергілікті колледждер мен университеттер түлектерінің аздығымен байланыстырды. Кейбір мамандықтарда тек 5-6 ғана адам оқиды.

Облыс әкімі Құмар Ақсақалов “Білім” бағдарламасы сылбыр жүзеге асырылып отырғанын айтып, мұғалімдер тапшылығын жаңа оқу жылы басталғанға дейін шешуді тапсырды. Бұған дейін берілген тапсырмалардың қаншалықты орындалғанына баса назар аударатынын ескерткен өңір басшысы балабақша мәселесіне де жіті көңіл бөлу керектігін атап көрсетті.

Бұдан кейін “Нұр Отан” партиясы Мамлют аудандық филиалының төрағасы, аудан әкімі Ерболат Бекшенов пен Қызылжар аудандық филиалы төрағасының бірінші орыңбасары Данияр Әбутәліп өздерінде жүзеге асырылып жатқан партиялық жобалардың жай-жапсарын баяндады.

Ерболат Мұратұлы Мамлют ауданының әлеуметтік-экономикалық ахуалын жақсартуда жүйелі жұмыс жүргізіліп жатқанын жеткізді. Қазіргі таңда ауданда "Ардагерлерді ардақтайық", "Ұлы дала қазынасы" сынды бағдарламалары жоспарлы жүзеге асырылуда. Алғашқы аталған жоба шеңберінде жыл басынан бері 25 іс-шара өткізілсе, "Кедергісіз болашақ" жобасы бойынша мүмкіндігі шектеулі жандарды жұмысқа орналастыру бағытына ерекше көңіл бөлінуде. Жыл басынан бері 11 адам екі қолға бір күрек тапса, 6 мүгедек жан тұрақты жұмысқа тұрған. Арнайы қызметкерлер мүмкіндігі шектеулі 53 адамға қызмет көрсетуде. Аудандағы 107 нысанның 47-сінде кемтар жандардың еш қиындықсыз кіруіне жағдай жасалынған.

Қызылжар ауданында да атқарылып жатқан жұмыс барысы жаман емес. Ауданда жеті партиялық жоба жүзеге асырылуда. Үстіміздегі жылдың бірінші жартыжылдығында 236 іс-шара ұйымдастырылып, оған жеті мыңнан астам аудан тұрғындары қатысқан. 71 әлеуметтік қызметкер 343 қарт пен 17 мүгедекке әлеуметтік және материалдық қолдау көрсетілді. “Бақытты балалық шақ” партиялық жоба аясында 102 жетім және ата-ана қамқорлығынсыз қалған балалар халық қалаулыларының бақылауына алынған. Олардың 83-і пәтер кезегіне тұрғызылған. Үстіміздегі жылы екі жетім бала Бәйтерек ауылында баспаналы болды.

Жиында саяси кеңес бюросы мүшелері аудандардағы атқарылған жұмыстарды оң бағалады.

Бюро мәжілісінде “Нұр Отан” партиясы облыстық филиалы төрағасының бірінші орынбасары Артур Молдағұлов “Қазақстан - 2021 Бірлік. Тұрақтылық. Жасампаздық” атты партияның сайлауалды бағдарламасының сегіз бағыты бойынша партиялық кураторлардың жұмысы туралы есеп берді. Белгілі болғандай, кураторлардың бір бөлігі өз жұмысына жауапкершілік танытпаған. Мәселен, "Индустриалды даму" комиссиясының төрағасы Қуаныш Бишімов жыл басынан бері өткізген төрт отырыс барысында жасалған бес ұсыныстың тек үшеуін ғана жүзеге асырған. Ал облыстық мәслихаттың депутаты, “Шағын және орта кәсіпкерлікті қолдау” бағытындағы сараптама тобының жетекшісі Гюлага Илдырымов осы мерзімде өткізген алты отырыста жасалған он бір ұсыныстың тек үшеуін орындаған. Осыған байланысты Артур Молдағұлов жұмысын дұрыс атқармайтын комиссия төрағаларына партиялық жаза тағайындауды ұсынды. Бұл ұсынысты саяси бюро мүшелері бірауыздан қолдады.

Өңір басшысы партия кураторларының сеніп тапсырылған жұмысты атқаруларына неліктен селқос қарайтынына қатысты сауалына толымды жауап ала алмаған соң, алдағы уақытта олардың қызметтеріне лайықтылықтарын қайта қарастыруды тапсырды.

Осындай өзекті мәселелер көтерілген жиынды қорытындылаған “Нұр Отан” партиясы облыстық филиалының төрағасы, облыс әкімі Құмар Ақсақалов:

– Өңіріміз үстіміздегі жылды табысты аяқтап, жүзеге асырылуы тиіс жоспарларымыз бар, басқа да көрсеткіштер бойынша жақсы нәтижелерге қол жеткізуі керек. Ол үшін біз партиялық жобалар аясында қолға алынған шаралардың санына емес, сапасына көңіл бөлуіміз қажет, – деді.

Саяси бюро кеңесінің отырысында уақыттың тапшылығына байланысты талқыланбаған үш мәселе келесі жиында қаралатын болып шешілді.

Қанат АТАМАНОВ,

“Солтүстік Қазақстан”.

Суретті түсірген Талғат ТӘНІБАЕВ.

Пікір білдіру


Защитный код
Жаңалау