Солтүстік Қазақстан газеті

КІНӘСІН ТОЛЫҚ МОЙЫНДАДЫ

Печать PDF

“ҚазАвтоЖол ҰК” АҚ облыстық филиалының бұрынғы директоры Асқар Жанкин “К-Дорстрой” АҚ бас директорының орынбасары Серік Рамазановтан делдал А.Луценко арқылы пара алып жатқан жерінде ұсталған болатын. Биылғы жылдың ақпан айынан бері уақытша ұстау изоляторында отырған күдіктіге қатысты сот отырысы басталды.

argaiv1797

 

Асқар Жанкиннің өз кінәсін толық мойындауына байланысты қорғаушысы істі қысқартылған тәртіппен қарауды ұсынды. Судья бұл өтінішті қанағаттандырды, енді сот залында куәгерлерден жауап алынбайды. Есесіне Асқар Жанкин ақпанның 23-і күні орын алған қылмыстық оқиғаның қалай болғанын толық баяндап берді.

Мердігер компания “К-Дорстрой” АҚ-ы Қызылжар ауданының 948-ші шақырымында орналасқан “У Ксюши” дәмханасының маңында байқау эстакадасын және демалыс күркесін орнатып, “Лана” дәмханасынан “Оңтүстік” бақылау бекетіне дейінгі жолға қоршау тұрғызуы керек болатын. Бірақ бұл жұмыстар орындалмаған. Кезекті тексеріс барысында тапсырыстың орындалмағанына көзі жеткен күдікті жауапты азаматтарға хабарласады. Осылайша, аталған нысандар бой көтермесе де, бұған көз жұма қарап, ақша таппақ болады.

Асқар Жанкиннің қорғаушысы Дәулет Өміралин судьядан жазаны айыппұл ретінде тағайындауды сұрады. Ал егер сот шешімі бойынша күдіктіге айыппұл тағайындалса, онда ол қазынаны 120 млн. теңгемен толтыратын болады. Алайда, судьяның қандай шешім шығаратыны әлі белгісіз. Келесі сот отырысы 10 тамызға белгіленді. Бұл іске қатысы бар Серік Рамазанов пен делдалдың рөлін атқарған А.Луценкоға қатысты да қылмыстық іс қозғалғанын айта кеткен жөн.

Орынбасар ТӨЛЕПБЕРГЕНҚЫЗЫ,

“Солтүстік Қазақстан”.

 

Пікір білдіру


Защитный код
Жаңалау