Солтүстік Қазақстан газеті

Тәртіп бұзғанға жаза бар

Печать PDF

Облыс әкімі аппаратының жетекшісі Мадияр Қожахметтің қатысуымен өткен жиналыста әдеп жөніндегі өкілетті өкілдің міндеттері сөз болды. “100 нақты қадам” Ұлт жоспарының 12-ші қадамын жүзеге асыру мақсатында енгізілген әдеп жөніндегі өкілдер институты нәтижелі жұмыс атқарған.

argaiv1582

– Құқық бұзушылықтардың алдын алу мен кәсіби мемлекеттік аппаратты қалыптастырудың маңызды шарты мемлекеттік қызметтің әдеп нормаларына сәйкестігі болып табылады. Президенттің үстіміздегі жылғы 1 маусымдағы №487 Жар­­лығына сәйкес әдеп жөніндегі өкілетті өкілдер туралы Ережеге өзгерістер енгізілді. Енді әдеп жөніндегі өкілдің дербес лауазымы орталық мемлекеттік органдар мен облыс әкімдерінің аппараттарында қолданылса, Петропавл қаласы мен аудан әкімдіктерінде және аумақтық органдарда әдеп жөніндегі өкілдің функциялары жауапты қызметшілерге жүктеледі, – деді Мадияр Дүйсенбайұлы.

Бұдан соң Мемлекеттік қызмет істері және сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл агенттігі облыстық департаменті басшысының міндетін атқарушы Жанат Жұмабаев кеңестің қызметі жайында айтып, алғашқы жартыжылдықтағы жұмыстың қорытындысы туралы ақпарат берді. Әдеп жөніндегі кеңестің негізгі міндеті – сыбайлас жемқорлықтың және қызметтік әдеп нормаларын бұзушылықтың, оның ішінде мемлекеттік қызметке кір келтіретін теріс қылықтардың алдын алу. Жыл басынан бері облыстық әдеп жөніндегі кеңестің мүшелері жеті отырыс өткізіп, алпысқа жуық мәселе қараған. Мемлекеттік қызметтің беделіне нұқсан келтірген 17 маман тәртіптік жауапкершілікке тартылыпты. Олардың 11-інің қызметіне толық сай еместігі анықталса, біреуінің лауазымы төмендетіліп, біреуі жұмыстан шығарылған. Қалған бес мемлекеттік қызметшінің біреуі сөгіс, тағы екеуі қатаң сөгіс алса, соңғы екеуіне ескерту жарияланған. Департамент жүргізген тексеріс барысында мемлекеттік қызмет туралы заңнаманы бұзудың 169 фактісі анықталған. Бұзушылықтардың дені жеке және заңды тұлғалардың өтініштерін қарау мерзімі мен тәртібін, қандай да бір шешім қабылдарда заңдылық принциптерін бұзуға қатысты болған. Тәртіптік жазаға тартылған мемлекеттік қызметшілердің 355-сіне ескерту, 168-іне сөгіс, 37-сіне қатаң сөгіс жарияланса, 28-і қызметіне толық сәйкес емес деп танылды. Ал төрт маманның лауазымы төмендетіліп, бес азамат қызметінен босатылған.

Кеңес барысында үстіміздегі жылдың 1 тамызынан бастап облыс әкімі аппаратының әдеп жөніндегі уәкілі болып сайланған Дулат Тайшабай өз міндеттері жайында әңгімеледі. Әдеп жөніндегі уәкіл – қызметтік әдеп нормаларының сақталуын және мемлекеттік қызмет, сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл туралы заңнама мен Қазақстан Республикасы мемлекеттік қызметшілерінің Әдеп кодексін бұзушылықтардың алдын алуды қамтамасыз ету қызметін жүзеге асыратын маман. Сонымен қатар, ол өз құзыреті шеңберінде мемлекеттік қызметшілер мен азаматтарға консультациялық көмек көрсетіп, Әдеп кодексі нормаларының, ұжымдағы моральдық-психологиялық ахуалдың сақталуына мониторинг жүргізеді. Статистикаға сүйенсек, өткен жылы елдің әдеп жөніндегі уәкілдері 450-ге жуық консультация беріп, 900-ден астам “дөңгелек үстел” мен семинар өткізген. Жалпы алғанда, әдеп жөніндегі уәкілдің қызметі бүгіндері мемлекеттік қызметшінің оң бейнесін қалыптастыруға бағытталған.

Нұржан СЕЙІЛБЕКОВ,

“Солтүстік Қазақстан”.

Пікір білдіру


Защитный код
Жаңалау