Солтүстік Қазақстан газеті

ЖАРТЫ ЖЫЛ — БІР БЕЛЕС

Печать PDF

argaiv1208

Облыстық әкімдіктің кеше өткен кезекті отырысы кадрлық тағайындаудан басталды. Өңір басшысы Құмар Ақсақалов Дулат Тайшабайдың облыс әкімі аппаратының әдеп жөніндегі өкілетті өкілі, Серікбай Қасмақасовтың облыстық қоғамдық денсаулық сақтау департаментінің басшысы, ал Алмат Қожахметовтің “Аграрлық несие корпорациясы” АҚ-ы Солтүстік Қазақстан облысы бойынша филиалының директоры болып тағайындалғанын жеткізді.

Әкімдік отырысында облыстық ішкі істер департаменті жергілікті полиция қызметінің бастығы, полиция полковнигі Қанат Айтбаев өзі басқаратын ведомствоның бірінші жартыжылдықтағы қызмет қорытындысы туралы айтып берді. Баяндамашының ақпараты бойынша, жарты жыл ішінде өңіріміздегі криминогендік ахуал біршама жақсарып, өңірдегі жалпы қылмыс саны 28,1 пайызға азайған. Үстіміздегі жылдың алты айында құқық бұзушылықтың алдын алуға қатысты атқарылған жүйелі жұмыстардың нәтижесінде облыс аумағындағы жалпы қылмыстар саны – 32,6 пайызға, аса ауыр қылмыс – 51,7 пайызға, ал ауыр қылмыс 36 пайызға кеміген.

– Жыл басынан бері облыс аумағында 269 бейнебақылау құрылғысы орнатылды. Оның 80-і – облыс орталығында, 189-ы аудандарда жұмыс істейді. Құқық бұзушылықтың алдын алудағы тиімді әдістің көмегімен қылмыстың 90 фактісі тіркеліп, 5815 әкімшілік құқық бұзушылық анықталды. Құрылғылардың көмегімен 257 млн. теңгенің айыппұлы салынды, – деді Қанат Айтбаев.

Жасөспірімдер арасындағы қылмыстарды азайту мақсатында ювеналды полиция қызметкерлері де жастар көп жиналатын орындарда жүйелі түрде рейдтер жүргізуде. Бірінші жартыжылдықта 101 кәмелетке толмаған жас пен 70 жайсыз отбасы арнайы есепке қойылды. Есепті кезеңде 26 адам ата-ана құқығынан айырылса, кейбіреуінің құқығы шектелген. Жыл басынан бері 98 бала облыстық кәмелетке толмағандарды бейімдеу орталығына, 5 жасөспірім девиантты тәртібі бар балаларға арналған арнайы мектепке орналастырылған.

Облыс әкімі Құмар Ақсақалов жергілікті полиция қызметінің материалдық-техникалық базасын нығайтуға қосымша бөлінген 300 миллион теңге қаржының бүгінге дейін толық игерілмеуін сынға алып, жергілікті полицияның өз қызметінде ашықтықты қамтамасыз етуге күш салуы қажеттігін ескертті.

Отырыста облыстық табиғи ресурстар және табиғат пайдалануды реттеу басқармасы басшысының орынбасары Анатолий Усольцевтің да хабарламасы тыңдалды. Оның деректеріне сәйкес, бүгінде облыс бойынша алты жүзге жуық қатты тұрмыстық қалдықтар алаңы бар екен. Өкінішке қарай, олардың басым бөлігі қолданыстағы экологиялық және санитарлық нормаларға сәйкес келмейді. Белгілі болғандай, қазіргі уақытта қоқыс алаңдарының тек 214-інде жер актілерінің құжаттары рәсімделген болса, 14-інде ғана құжаттары бар.

– Бүгіндері облыс бойынша 21 кәсіпорын қатты тұрмыстық қалдықтарды сұрыптау жұмыстарын жүргізумен айналысады. Олардың 9-ы қалдықтарды, қоқыстарды қайта өңдейу ісін қолға алған. Алғашқы жартыжылдықта бұл кәсіпорындар 1638 тонна қоқысты сұрыптап, қайта өңдеуге жіберді. Бұл өткен жылдың сәйкес мерзімімен салыстырғанда 457 тоннаға артық, – деді Анатолий Федорович.

Биыл өңірімізде “Промотход Казахстан” ЖШС-і жылына 10 мың тонна өндірістік және медициналық қалдықтардың барлық түрлерін залалсыздандырумен айналысатын кәсіпорнын ашпақ. Ал “ВторПластСКО” ЖШС-і пластикалық шөлмектерді қайта өңдеумен айналысатын кәсіпорнын жыл соңына дейін пайдалануға беруді жоспарлап отыр.

Өңір басшысы Құмар Іргебайұлы аудан әкімдеріне ауылды жерде қараусыз жатқан қатты тұрмыстық қалдықтар алаңдарын тәртіпке келтіруді тапсырып, бұл мәселені жеке бақылауына алатынын ескертті.

Кеңес соңында облыс әкімі Құмар Ақсақалов өзінің орынбасары Анархан Дүйсенованы басқа жұмысқа ауысуымен құттықтап, жаңа қызметінде сәттілік тіледі.

Қанат АТАМАНОВ,

“Солтүстік Қазақстан”.

Суретті түсірген Виталий ВЛАСЕНКО.

Пікір білдіру


Защитный код
Жаңалау