Солтүстік Қазақстан газеті

Түйткілдер шешімін табады

Печать PDF

“Нұр Отан” партиясы облыстық филиалы жанындағы “Азаматтық бақылау” қоғамдық қабылдау бөлмесі өз жұмысын жалғастыруда. Бұрнағы күні облыстық ішкі істер департаменті жергілікті полиция қызметінің бастығы, полиция полковнигі Қанат Айтбаев осы жобаның аясында келушілерді қабылдады.

argaiv1322

Облыс орталығының тұрғыны Гүлнар Шагирова үй жануарларын ұстау мәселесіне қатысты шағыммен келіпті. Бұл әйелдің көршісі пәтеріндегі екі итін ұзақ уақыт серуенге шығармай қойған. Сол себепті, соңғы екі айда үйді жағымсыз иіс басқан. Қанат Киікбайұлы бұл мәселені санитарлық-эпидемиологиялық қызметтің өкілдері және ПИК төрайымымен бірлесе шешетінін айтып, осы сияқты жайттарды болдырмау үшін “Көрші бақылауын” пайдалануға кеңес берді.

Қабылдау барысында жастар да көкейіндегі сауалдарын қойды. Петропавлдағы Ұлттық ұлан әскери институтының курсанты Тамирлан Гайнуллин оқуды тамамдаған соң ішкі істер органында жұмыс істегісі келеді екен. Ал М.Қозыбаев атындағы Солтүстік Қазақстан мемлекеттік университетінің студенті Дина Досқанова болашақта полицияның қай құрылымында жұмыс істей алатындығын сұрады. Қанат Киікбайұлы қыздардың көбіне тергеуші, ювеналды полицияның инспекторы секілді лауазымдарға алынатынын тілге тиек етіп, биыл құрылған “Әйелдер взводы” жайлы әңгімеледі.

“СҚО жастар мәслихаты” жастар қоғамдық бірлестігінің төрағасы Абылайхан Қайроллаев тамыз айында осы сияқты тағы да бес қоғамдық қабылдау өтетінін айтты.

Былтыр қоғамдық қабылдау бөлмесі қыркүйек-желтоқсан айларында жұмыс істеген. Осы мерзім аралығында облыс орталығы және аудандардағы қоғамдық қабылдау бөлмелеріне 130-ға жуық солтүстікқазақстандық жүгінген. Олардың көпшілігін баспана кезегі, әлеуметтік жәрдемақылар, жер қатынастары саласы бойынша мәселелер және мемлекеттік қызмет көрсету сапасы толғандырған.

Нұржан СЕЙІЛБЕКОВ,

“Солтүстік Қазақстан”.

Пікір білдіру


Защитный код
Жаңалау