Солтүстік Қазақстан газеті

ЖҰЛДЫЗЫ БИІК ЖЕРЛЕСІМІЗ

Печать PDF

argaiv1962

Қасиетті Қызылжар топырағы сайдың тасындай сайыпқырандардан, тарлан таланттардан, дүлдүл дарындардан, сарабдал мінезді азаматтардан кенде болған емес. Солардың бірі әрі бірегейі – еңбек жолын қарапайым жұмысшыдан бастап, Үкімет басшысына дейін өскен, ғұмыры ғибратқа толы көрнекті мемлекет және қоғам қайраткері Бәйкен Әшімов. Қажырлы еңбегімен Қазақстанның қалыптасуы мен дамуына сүбелі үлес қосқан айтулы тұлғаның 100 жылдық мерейтойы қарсаңында еліміздің әр түкпірінде шаралар ұйымдастырылуда. Кеше Петропавлдағы Мәдениет және демалыс саябағында қазақтың асыл перзентінің мүсіні ашылды. Осынау салтанатты жиынға облыс әкімі Құмар Ақсақалов, зиялы қауым және этномәдени бірлестіктердің өкілдері, Бәйкен Әшімовтің жақын туыстары мен жастар қатысты.

– Бұл айтулы іс-шара – Президентіміз Нұрсұлтан Назарбаевтың “Болашаққа бағдар: рухани жаңғыру” атты мақаласында айтылған жобаларды жүзеге асырудың бір айғағы іспеттес. Елбасымыз “Бәйкен Әшімов – шын мәнінде білімді, талантты, адамгершілігі зор тұлға. Халқымыз оның еңбегі мен өмірін ешқашан ұмытпайды”, – деген болатын. Ардақты ағамыз өзінің терең кемеңгерлік қасиетімен, елге, жерге деген шынайы жанашырлығымен көп істер тындырды. Ел басқаруға араласқан кезінде республикамыздың барлық өңірінде зауыттар мен фабрикалар салынды, ауыл шаруашылығы қарыштап дамыды. Асыл азаматтың есімін жас ұрпаққа жеткізу біздің парызымыз, – деген өңір басшысы Құмар Ақсақалов қайраткердің байтақ еліміздің, сайдақ жеріміздің өркендеуіне қосқан қажырлы еңбек жолына да тоқталып өтті. Жастайынан еңбекпен шыңдалған азамат Отан үшін от кешті.

Салтанатты сәт үстінде биік парасат иесінің кесек мінездері жайлы сыр шерткен Қазақстан Республикасы Парламенті Мәжілісінің депутаты Кәрібай Мұсырман даңқты жерлесіміздің елге сіңірген еңбегін әділ бағалау үшін бір сәт көне тарихымызға көз салуымыздың дұрыстығын атап өтті.

Бәйкен Әшімұлы да өз уақытында сол дана би-бабаларымызбен қатар аса маңызды тарихи міндет атқарып, алаш арыстарының қатарынан мәңгілік орын алған бірегей тұлға десек асыра айтқандық емес. Бәйкен Әшімов кешегі өтпелі қиын-қыстау кезеңде Тұңғыш Президентіміздің ішкі-сыртқы саясатын жан жүрегімен қолдап, “басшы біреу болсын, басқалар оған тіреу болсын” деген ұлағатты сөз айтып, халқымызды бірлікке, елдікке шақырған, ұлтымыз ұстаз тұтқан абыз қариямыз болатын, – деді Кәрібай Иманжанұлы.

Содан кейін сөз алған облысымыздың құрметті азаматы Жақсылық Ысқақовтың жұлдызы биік кемеңгердің білім алып, еңбекке етене араласқандығы, елдің экономикасына, әлеуметтік-мәдени саласына біліктілікпен басшылық жасағаны, елдің, жердің қамы үшін жарғақ құлағы жастыққа тимей қызмет атқарғаны, өнегеге толы өмірі жайлы айтқан жылы естелігі жиналғандардың жүректерін елжіретіп, көңілдеріне елжандылық пен отансүйгіштік сияқты қасиеттердің дәнін екті. Бұл күні Бәйкен Әшімов білім алған Петропавл темір жол көлік колледжіне қайраткер есімінің берілгендігі белгілі болды.

Даңқты жерлесіміздің ғасырлық мерейтойын туған жері – Қызылжар халқының ерекше дайындықпен өткізіп жатқанына шынайы алғысын жеткізген Бәйкен Әшімовтің ұлы, Ұлттық ғылым академиясының академигі, профессор, М. Қозыбаев атындағы Солтүстік Қазақстан мемлекеттік университетінің ректоры Оңдасын Әшімов өз ойын былайша өрнектеді: “Бүгін – біздің отбасымыз ғана емес күллі қазақ жұрты үшін қуанышты күн. Петропавлдың төрінде әкеміздің , ұлт мақтанышының еңселі ескерткіші ашылғалы тұр. Ару қала Алматыда әкеміздің атымен аталатын көше бар. Жуырда Қарағандының бір шағынауданы оның есімімен аталмақ. Елбасымыздың өзі атын берген оңтүстік Астанамыздағы Алланың үйі – Бәйкен Әшімов атындағы мешіт те имандылықтың нұрын таратуда”.

Бәйкен Әшімовтің мүсінінің ақ жамылғысын облыс әкімі Құмар Ақсақалов пен асыл тұлғаның ұлы Оңдасын Әшімов ашты. Замана заңғарының ескерткішіне тағзым етіп, гүл шоқтарын қоюға асыққан жұртшылықтың легі көпке дейін толастамады.

Иә, даланың даңқты данагөйі Бәйкен Әшімов енді талай ғасырлар бойы елдің жадынан өшпей, мәңгі жасай береді. Өйткені, оның ел жүрегінде жатталған тұлғасы, тас тұғырдағы бейнесі де келешектің көшіне бет бұрды.

Нұргүл ОҚАШЕВА,

“Солтүстік Қазақстан”.

Суретті түсірген Талғат ТӘНІБАЕВ.

Пікір білдіру


Защитный код
Жаңалау