Солтүстік Қазақстан газеті

КҮДІКТІЛЕР ҚАМАУДА

Печать PDF

Петропавлда ішімдікке масайып, көңіл көтерген жастар арасындағы дау ушығып, ақыры қару қолданумен аяқталған екі оқиға орын алды. Соның салдарынан оқ тиіп, жапа шеккен Ербол Хамитов қазір ауруханада ауыр халде жатыр. 19 жастағы Ерболдың өмірін құтқарып қалу үшін науқастың бір аяғын тізеден жоғары кесуге тура келген.

argaiv1797

 

Облыстық прокуратурада болған брифингте Петропавл қаласының прокуроры Александр Трикачев, облыстық ішкі істер департаменті тергеу басқармасының бастығы, полиция полковнигі Қайрат Қасымбеков пен облыстық прокуратурадағы екінші басқарма бастығы Бақытжан Сәдібеков оқиғаның қалай өрбігенін айтып, бұқаралық ақпарат құралдары өкілдерінің сұрақтарына жауап берді.

Бірінші оқиға қалалық саябақта орын алып, төбелесушілердің бірі травматикалық қару қолданғандықтан зәбір шегуші дене жарақатын алған. Алайда, сол түні оқиғаға қатысушылардың ешқайсысы полиция қызметкерлеріне де, ауруханаға да жүгінбеген. Тәртіп сақшылары мұны оқиға маңындағы ғимараттардың біріндегі бейнебақылау құрылғысынан көріпті. Оқиға бойынша екі азаматқа іздеу жарияланған.

Ал Пушкин мен Партизан көшелерінің қиылысында болған екінші оқыс оқиғада топтық жаға жыртысу жалғасып, Ерболға шолақ мылтықтан оқ атылған. Бұл жағдай облыстық балалар ауруханасының маңында орналасқан үйлердің біріндегі бейнекамераға түскен. Бұл оқиғада зардап шегуші де қару қолданыпты. Ауыр жарақаттанған Ерболды ауруханаға оның достары жеткізген. Оқиға орнынан бірден қашып кеткен күдіктілер көлігін тәртіп сақшылары Ойқала кентінде тоқтатып, үш жасөспірімді қамауға алған. Күдіктілер қолданған қару тоқтатылған көліктен табылса, Ербол қолданған мылтық іздестірілуде.

– Күдіктілердің үлкені 1998 жылғы болса, кішісі – 2001 жылы туған жеткіншек. Кісіге қастандық жасап, заңсыз қару қолданғандары үшін оларға қатысты Қылмыстық кодекстің үш бабы бойынша тергеу амалдары жүргізілуде, – дейді облыстық ішкі істер департаменті тергеу басқармасының бастығы, полиция полковнигі Қайрат Қасымбеков.

Әлеуметтік желі парақшаларында қамауға алынған күдіктілер бостандыққа шыққандығы жайлы хабар тараған болатын. Алайда, брифингке қатысушылар ақпараттың жалған екенін, бұл күдіктілердің қамаудан босатылмағандарын айтты. Бүгінгі күні бірінен соң бірі орын алған екі оқиғаның өзара байланысы анықталып, аныққанығы тексерілуде.

Орынбасар ТӨЛЕПБЕРГЕНҚЫЗЫ,

“Солтүстік Қазақстан”.

Пікір білдіру


Защитный код
Жаңалау