Солтүстік Қазақстан газеті

“АЛАШТЫҢ” ОРЫНДАЛҒАН АРМАНЫ

Печать PDF

Қазақтың тұңғыш саяси-демократиялық “Алаш” партиясының құрылғанына биыл 100 жыл толып отыр. Еліміз тәуелсіздік алып, жариялылық самалы ескелі төл тарихымызда жабық тақырыптарға жол ашылып, бұрынғы тоталитарлық жүйенің күштеп таңуымен мызғымастай орнығып келген қиғаш пікір, оғаш ойлардың бұрыстығы дәлелденіп, зымиян саясаттың бет пердесі ашылды. Тарихшыларымыз бірауыз сөз айтуға батылы бармайтын бүкіл бір кезең, дәуір тарихы қайта қаралып, бірте-бірте ақтаңдақтардың орны толықтырылуда. Соның ішінде әлі де болса шынайы баға беріліп, тың деректердің негізінде қайта объективті зерттеуді талап етіп отырған нәрсе – Алашорда үкіметі мен “Алаш” партиясының және сол кездегі қазақ зиялыларының қызметі. Бұл тақырыпты көптеген ғалымдарымыз зерттеп, өздерінің үлкенді-кішілі еңбектерін жазуда. Мен де өз білгенімді оқырман назарына ұсынуды жөн көрдім.

argaiv1797

 

1917 жылдың жазына қарай қазақтың либералдық-демократиялық қозғалысы жетекшілерінің уақытша үкіметке деген сенімі әлсірейді. Өйткені, уақытша үкімет Қазақстанда әлеуметтік-саяси мәселелер бойынша іс жүзінде құлатылған патша үкіметінің саясатын жүргізумен болады. Қазақстанның өз алдына ұлттық-аумақтық автономия болуы жөніндегі мәселесін мемлекеттік дәрежеге көтереді деген үмітін аяқасты етті. Осыдан кейін уақытша үкіметте шешуші позицияға ие болып отырған кадеттерге деген Әлихан Бөкейхановтың көзқарасы күрт өзгереді. Мұны ол “Қазақ” газетінің 1917 жылғы 23 желтоқсандағы 256-шы санында жарияланған “Мен кадет партиясынан неге шықтым” деген ашық хатында жанжақты негіздеген.

Әлихан Бөкейханов кадет партиясынан шыққасын, қазақ автономиясын құруға мұрындық болуға тиісті ұлттық-саяси партия ұйымдастыруға бел шеше кіріседі. Оның бастауымен 1917 жылғы 21-26 шілде күндері Орынбор қаласында бірінші Бүкілқазақтық съезд өтті. Оған қатысушылар саны аса көп болмағанмен (20-дан аса адам) оның күн тәртібіне сол кездегі Қазақстанның әлеуметтік-экономикалық және қоғамдық-саяси өміріне тікелей қатысы бар аса маңызды 14 мәселе енгізіліп, талқыланды. Сол мәселелердің ішінде саяси ұйым ретінде тұңғыш жалпыұлттық “Алаш” партиясын құру мәселесі де қаралды. “Алаш” партиясы, негізінен, әлеуметтік табиғаты жөнінен әртекті ұлттық-демократиялық қазақ интеллигенциясының саяси ұйымы болды. 1917 жылғы шілдеден бастап құрылған “Алаш” партиясы немесе Алашорда қозғалысы саяси ұйым ретінде өмір сахнасынан кеткен жиырмасыншы жылға дейін Қазақстан тарихынан белгілі орын алды.

“Алаш” партиясының құрылуы қазақ халқының өміріндегі елеулі оқиға болды, өйткені, ол тұңғыш ұлттық саяси ұйым еді. Партия 1917 жылдың жазында қалыптасқан жағдайда халықтың келешек тағдырын анықтауға тікелей қатынасы бар жалпыұлттық мәселелерді саяси күрестің күн тәртібіне қойып, оларды шешу жолында айтарлықтай қызмет атқарды. Бұл, ең алдымен, партия бағдарламасының жобасын дайындаудан, қазақ ұлттық мемлекетін құру ісіне белсенді түрде кірісуден, қазақ қауымынан құрылтай жиналысына депутаттар ұсынып, оларды сайлау ісіне қажырлықпен атсалысудан да айқын көрінеді. Бұл әрекеттердің барлығы 1917 жылдың екінші жартысында жасалады.

1917 жылғы шілде айынан бастап “Алаш” партиясы сол кездегі мүмкіндіктер аясында саяси күреске белсене араласа бастайды. Бұл күрестің түпкі мақсаты қазақ халқын отарлық езгіден құтқару мен буржуазиялық үлгідегі оның мемлекеттігіне қол жеткізу болды. Басқаша айтқанда, “Алаш” қоғамдық-саяси қозғалысының көсемдері сан ғасырлар бойы Ресей империясының отары болып келген Қазақстанды тар шеңбердегі таптық тұрғыдан емес, керісінше, жалпыұлттық мақсат-мүдделер негізінде дербес ел етуге ұмтылды. “Алаштың” басты идеологиясы отаршылдыққа қарсы бағытталған жалпыұлттық идеядан туындады. Сондықтан да “Алашты” Қазақстанды капиталистік қатынастарға ыңғайлауға тырысқан, негізінен, ұлттық интеллигенция өкілдерінен тұратын идеологиясын отаршылдыққа қарсы бағыттаған ұлттық-демократиялық саяси ұйым деп анықтауға болады.

“Алаш” партиясы құрылған 1917 жылдың шілде айында оның нағыз саяси партияға тән Жарғысы да, бағдарламасы да болған жоқ. Оның мүшелеріне партиялық билеттер берілмеген. Бұл мәселелерді Міржақып Дулатов ОГПУ-дің тергеушісіне 1929 жылғы 30 қарашада берген жауабында растай түседі. Онда М. Дулатов былай дейді: “Алаш” партиясының Жарғысын бекіткен съезд болған емес. Газет арқылы (“Қазақ”, 1917 ж. 21 қараша) жарияланған жобамен танысқан және оны мақұлдағанның бәрі өзін партияның мүшесімін деп санады. Шын мәнінде нұсқау беретін қалыптасқан партия болған жоқ. Тек қана құрылтай депутаттығына кандидаттар осы партияның атынан ұсынылды, бұдан басқа партия тарапынан жасалған әрекет болған емес. Сондықтан “Алаш” партиясы көпшілікке кең танылған Алашорданың көлеңкесінде қалды”.

“Алаштың” әдеттегі саяси партияға айналу процесі 1917 жылғы шілдеден сол жылдың соңына, яғни “Алаш” автономиясы мен Алашорда үкіметі құрылғанға дейін айтарлықтай қарқынмен жүргізіледі. Оның жергілікті комитеттері 1917 жылғы қазан-қараша айларында құрылғандығы жөнінде жекелеген облыстар құжаттарында сақталған. Кеңес үкіметінің орнауына байланысты 1918 жылдың көктемінің соңы мен жазының басында азамат соғысының басталуына орай, “Алаштың” партия болып қалыптасуы аяқсыз қалды.

Петроградта революция жеңіске жетіп, Қазақстанда кеңес өкіметін орнату процесі жүріп жатқан кезде “Қазақ” газетінің 1917 жылғы 21 қарашадағы 251-ші санында “Алаш” партиясы бағдарламасының жобасы жарияланды. Бірінші жалпықазақ съезінің шешімдеріне сәйкес Әлихан Бөкейханов, Ахмет Байтұрсынов, Міржақып Дулатов, Елдес Омаров, Есенғали Тұрмұхаметов, Ғабдулхамит Жүндібаев, Ғазымбек Бірімжанов дайындаған партия бағдарламасының жобасы он баптан тұрады. Олар мыналар:

1. Мемлекет қалпы. Мұнда “Алаш” партиясы мемлекеттік құрылым мәселесіне Ресейдің терезесі тең мемлекеттердің федеративтік одағы болуын, оған мүше болған әрбір субъект өзінің егемендік құқы бар болуымен бірге жалпы федеративтік одақ мүдделерін қорғауда ынтымағы бір болуын талап етті.

2. Жергілікті бостандық. Қазақ жүрген облыстардың бәрі өз тізгіні өзінде болып: Ресей Федерациясының бір ағзасы болу. 3. Негізгі құқық. 4. Дін ісі. 5. Билік және сот. 6. Ел қорғау. 7. Салық. 8. Жұмысшылар. 9. Ғылым, білім үйрету. 10. Жер мәселесі.

Көлемі жағынан шағын, мазмұны жағынан терең осы бағдарлама жобасы қараша айының ортасында өткен Құрылтай съезі сайлауында “Алаш” партиясының үлкен табысқа жетуін қамтамасыз етті. Қазақстанда Құрылтай съезіне депутаттар сайлау 12-18 қараша күндері аралығында өтті. Архив қорларында сақталған мәліметтерге сүйенсек, осы сайлауда “Алаш” партиясы басқа саяси ұйымдармен салыстырғанда аса ірі жеңіске жеткендігін көреміз. “Алаш” партиясының сайлау алдындағы бағдарламасы байыптылығымен және шыншылдығымен Қазақстанның әлеуметтік-экономикалық және қоғамдық-саяси өмірінің ерекшеліктерін ескеруімен бағаланады.

1917 жылғы шілдеде өткен бірінші жалпықазақ съезінен кейін Қазақстанның жекелеген орталықтарында оның бөлімшелері мен комитеттерін ұйымдастыру жұмыстары жүргізілді. Мысалы, Ақмола облыстық “Алаш” комитеті 1917 жылдың қазан айында Ақмола облыстық құрылтай жиналысында құрылды. Бұл жиналыста Томск қаласында өткен Сібір автономияларының съезінде болып келе жатқан Әлихан Бөкейханов Омбыдағы қазақ жастарының “Бірлік” қауымымен кездесіп, оларға “Алаш” партиясының бағдарламасын, күрес әдісін таныстырады. Жиналысқа алпыс шақты адам қатысқан. Әлихан Бөкейхановтың баяндамасынан кейін “Алаш” партиясына көп адам жазылады. Соңында облыстық “Алаш” комитеті сайланып, құрылады. Комитеттің төрағасы болып Айдархан Тұрлыбаев, мүшелері болып Асылбек Сейітов, Ережеп Итбаев, Мағжан Жұмабаев, Қошке Кемеңгеров, Жұмағали Тілеулин, Бекмұхамбет Серкебаев, Ерқосай Мұқышев, Дінмұхамбет Әділов, Бірмұхамбет Айбасов, Мұхтар Саматов сайланады.

“Алаштың” облыстық комитеттері сол кезеңде ұлтазаттық қозғалыстың өрістеуіне, халық арасында партияның үлкен беделге ие болуына зор үлес қосады. Облыстық комитет мүшелері екінші жалпықазақ съезіне қатысып, Алашорда үкіметінің орнауында үлкен рөл атқарады және бұл комитеттер бүкілресейлік құрылтай сайлауында “Алаш” партиясының жеңіске жетуіне үлес қосты.

“Алаш” партиясы деген атпен танылған ұлттық-демократиялық қазақ зияларының өтпелі кезеңдегі саяси ұйымы халық санасының қозғаушы күші міндетін заман талабына сай адал атқарады. “Алаш” партиясының өз идеологиясы болды, оның мәні мүліктік айырмашылықтарына қарамастан, бүкіл халықпен мүдделері бірдей екендігін мойындауға саятын. “Алаш” партиясы – өзі пайда болған кезден бастап халықты байлар мен кедейлерге бөлмей, бүкіл қазақ халқының мүддесін жақтады. “Алаш” партиясы – қазақтарға ұлттық бостандық, теңдік алып беруді көксеп құрылған партия. “Алаш” партиясы қоғамдық-саяси өмірге араласа бастаған кезден түбегейлі екі ұлттық мақсатты – қазақ халқын отарлық езгіден құтқаруды және қазақ қоғамын өркениетті елдер қатарына жеткізуді өзіне басты нысана етіп белгіледі. Осы негізгі мақсаттарды және олардан туындайтын басқа да әлеуметтік-саяси міндеттерді шешуді “Алаш” басшылығы эволюциялық жолмен жүзеге асыруды көздеді.

“Алаш” партиясының, “Алаш” зиялыларының алға қойған мақсаттары еліміз тәуелсіздік алғаннан кейін жүзеге асты. Қазіргі таңда тәуелсіз Қазақстан әлемнің өркениетті елдерінің қатарына ұмтылып, қарыштап алға басып келеді. Елбасы Нұрсұлтан Назарбаев алға қойған әлемнің ең дамыған отыз елінің қатарына кіру үшін Қазақстанда үлкен жұмыстар атқарылуда. Оған жететініміз еш күмән тудырмайды. Мұндай жағдайда біз бұдан 100 жыл бұрын өмірге келген “Алаш” партиясының сол кездегі қазақ халқының отарлық езгіден арылып, тәуелсіз ел болуы үшін күрескенін ұмытпауымыз қажет.

Қайролла МҰҚАНОВ,

зейнеткер, өлкетанушы.

Пікір білдіру


Защитный код
Жаңалау