Солтүстік Қазақстан газеті

“Сырымбет”

Печать PDF

argaiv1797

Сырымбет – от ауызды, орақ тілді сұңғыла шешен ақындардың, шежіре сырын суыртпақтап, тарихтың тереңінен ой қозғаған ғұламалардың, сұлулықты әспеттеп, дала мәдениетін асқақтатқан күміс көмей салсерілердің ортасы қалыптасқан құт мекен.

ХІХ ғасырдың 98-жылдар шамасында судай сұлу, желдей екпінді жұмбақ өмір иесі Ақан серінің Сырымбетке – Жүсіп төренің ауылына жолы түсіп келуі осында отырған қалың елге үлкен қуаныш сыйлайды. Арнайы шақыртып алдыра алмайтын мұндай қадірлі мейман келіп жатқанда қалайша ел дүрлікпесін. Дәстүрге сай серіге арналып алты қанат ақ үй тігіліп, сойыс малы мен саба-саба қымыз жеткізіледі. Алыс-жақыннан атағы алты қырдан асқан Ақанды көреміз деп ел жиылып, сері отырған ақ боз үйде ине шаншыр жер қалмайды.

Қаумалаған халықтың қолқалауымен домбырада ұзақ шертіп, ойлы көздерімен жан-жағына бір қарап алған сері сырлы да сазды “Шырмауық” әніне басады. Ән сапырылған бал қымыздай сабасына түсіп, өз арнасымен бұралаңдай төгіледі. Көпшіліктің байқағанындай Ақанның үнінде ауыр шердің лебі есіп тұрған еді. “Бұл күнде аға болдым төр алдында, Бір кезде Ақан едім аспандағы” деп күңірене толғаған серінің әніне қалың ел бірге толқиды. Жүдеу көңіл өткенді аңсайды. Расында да он жыл отасқаннан кейін дүниеден өткен Бәтима, одан кейін үш ай ғана бірге жанында болып бақилық болған жары Ұрқия, тірідей айырылған өмірлік махаббаты Ақтоқты, бір жылда 60 түлкі алған алғыр бүркіті Қараторғай, құмай тазы иті Базарала, адамнан да есті жүйрік пырағы, баспа-бас қызға бермес Құлагер аты – бәрі-бәрі есіне түсіп, көз алдына келеді.

Бірақ желдей ұйытқыған серінің жараланған жүрегі бір нәрсе іздегендей жан-жақты барлап, көзінің қиығымен отырғандарды шолумен болады. Кенет іздегенін тапқандай бойын жылдам жиып, босаға жақтан төрге озып, үлкендерден рұқсат алып, өзіне сәлем беру үшін екі жеңгесінің ортасында бұрала басып келе жатқан талдырмаш қызды көріп, шапшаң орнынан тұрады.

Бұл Жүсіп төренің Жиреншеден тәлім алғандай шешен, Едігеден бата алғандай данышпан, бір басында дүйім жұртты аузына қарататындай өнері бар, жібек желден жаратылғандай ару қыз 16 жасар Жамал еді. Жас баланың сәлемін алып, ағалық батасын берген Ақан кеш соңына дейін көңілді отырып, тағы да бірнеше әндердің басын қайырды.

Қалың бұлт сейіліп, күн сәулесі төгілгендей Ақан жадырап сала берді. Ұзақ уақыт бойы қорғасыннан ауыр қайғымен оралып жатқан жұдырықтай жүрегінің “дір” ете қалғанына серінің өзі де қайран қалып отыр. Тәйір-ай, алда тағы не күтіп тұр? Асау көңіл енді қайда апарып соғарын кім білсін? Әйтеуір, тізгін қолдан шығып кеткендей... Жүйрік жүрек бір бастаса, не сүйіп қосылып, не қосыла алмай күйіп, күлдің кебін кимей тоқтай ма?! Еліне көңілді қайтқан серінің әніне ән қосылады. Қанды көз қыран қияға қонып, қиянға қарай бастады. Алқымына тығылғаны әнге ұласты...

Қыздарды мен не қылам

қылаң-сылаң,

Қалайша ғашық отқа сабыр қылам.

Бірге өскен кішкентайдан

беу қарағым,

Басы “жұм”, ортасы “миім”,

аяғы “ләм”... – деп,

еркелете шырқаған Ақан Жамал қыздың атын жұмбақтап, қайта түлеп сала берді.

Бірақ та ел арасында Ақан мен Жамалдың жас ерекшеліктері үлкен даулы әңгімеге ұласып, қаңқу сөздер көптеп тарап жатты. Шынында, Жамал серіден 39 жас кішілігі болса да, өте зерек көңілімен ел мақтаған жігітті құлай сүйеді. Бірақ “қызға қырық үйден тыйым” деген бар ғой қашанда. Жөнсіздікке жол бермейтін төре тұқымы ертерек қамдануға кірісіп кетеді. “Дүниеде қыздан сорлы кім бар екен, Айырылып кете барар руынан”, – деп Ақанның өзі айтқандай заманының заңынан құтыла алмаған Жамалды атастырылып қойған жеріне тез арада ұзатып салады. Міне, осыдан кейін сұлулыққа жаны құмар сері көңіл сергелдеңге түсіп, ән болып өріледі. Ақан мен Жамалдың махаббатының ескерткіші болып күңіріне толқып, Сырымбеттің даласын сағыныш сазына бөлеп “Сырымбет” әні төгілді.

Сырымбет

Дабыл қақтым Сырымбет саласына,

Үкі тақтым ақ сұңқар баласына.

Бидайыққа лайық қарғам едің,

Бөктергіге қор болып барасың ба.

Қайырмасы:

Қарындас-ау, енді есен бол.

Алтын қайық жарасар күймесімен

Наздана алмас сұлу қыз сүймесімен.

Қоскөл жаққа таныса киіп барған,

Бешпетіңді беріп кет түймесімен.

Қайырмасы:

Қарындас-ау, енді есен бол.

Біржан ЕСЖАНОВ,

дәстүрлі әнші, өнер

колледжінің оқытушысы.

Пікір білдіру


Защитный код
Жаңалау