Солтүстік Қазақстан газеті

ТЫҢАЙТҚЫШ — МОЛ ӨНІМ КЕПІЛІ

Печать PDF

argaiv1293

Дүйсенбі күні Ақжар ауданында болған өңір басшысы Құмар Ақсақалов алдымен Ақжарқын ауылдық округінің диқандарымен кездесіп, егіс алқаптарының жай-күйіне қанықты. Биыл мұнда ылғалдың тапшылығы байқалғанмен, кәсіпкерлер егіннің бітік шығуы үшін білек сыбана жұмыс істеген. Дегенмен, Ақжарқын, Ащыкөл ауылдары аумағындағы 30 мың гектар егістік жердің тек 1500 гектары ғана парға бөлініпті. Құмар Іргебайұлы бұл көлем аз екенін айтып, ауылдық округ басшысы Мақсат Темірболатовқа келер жылы бұл жағдайдың қайталанбауын қадағалауды тапсырды.

 

Бұдан соң өңір басшысы “Гоцак” шаруа қожалығының егістігіне ат басын тіреді. Осыдан 26 жыл бұрын негізі қаланған агро-құрылымның жетекшісі Тамара Гоцак – егіншілік пен мал шаруашылығын отбасылық кәсіп етіп, жақсы нәтижеге ұмтылған жан. Бүгінде ер адамның жұмысын атқарып жүрген оған жалғыз ұлы мен екі қызы қолқанат болып, кәсіптен нәсіп табудың жолын үйренуде. Қазіргі таңда Гоцак отбасының қорасында қазақтың ақбас тұқымды 28 сиыры бар. Меншігінде “Вектор”, “Есіл” маркалы қазіргі заманғы үш жаңа комбайн мен егіс кешені, тырма, су шашатын қондырғысы бар қожалық биыл 2730 гектар жердің 420 гектарына – арпа, қалғанына бидай сеуіпті. Қожалық жетекшісі алдағы уақытта арпадан босаған жерді өңдеп, парға қалдыруды көздеп отыр. Аудан әкімі Серікбай Тұралинов “Гоцак” шаруа қожалығының агро-техникалық шараларды ғылыми негізде жүргізуге зор маңыз беретінін атап көрсетті. Құмар Іргебайұлы ауылдың қоғамдық өміріне белсене араласып, мектепке барынша қолдау көрсетіп отыратын кәсіпкерге ризашылығын білдірді.

Іссапар барысында облыс әкімі Ақжарқын ауылындағы Мәдениет үйінің жұмысымен де танысты. Іргетасы 1964 жылы қаланған нысанда бүгінде жергілікті кәсіпкерлердің жинаған қаражаты есебінен күрделі жөндеу жұмыстары жүргізілуде. Мәдениет ошағының директоры Сайлау Қойшыбайдың айтуынша, домбыра, хор, би сияқты үйірмелерге тұрақты түрде 70-ке жуық азамат қатысса, ауыл тұрғындарының 80 пайызға жуығы қоғамдық және мәдени іс-шаралардың бел ортасында жүреді. Сонымен қатар көршілес ауылдардың тұрғындары мереке күндері бірлесе концерттік бағдарламалар әзірлеп, жасөспірімдер арасында КВН ойындарын өткізуді дәстүрге айналдырған.

– Мәдениет саласын дамыту әрдайым маңызды болып қала береді. Сол себепті, бұл бағытта біраз жұмыс істеуіміз керек, – деген өңір басшысы ауыл өнерпаздарына сәттілік тіледі.

Облыс әкімі округтің дәрігерлік пунктінде болды. Өңір басшысына өзінің қызметі жайлы баяндаған фельдшер Инна Васильева тегін медициналық дәрі-дәрмектің көлемі артқанын, оның игілігін пунктте түрлі аурумен тіркелген 85 адам көріп отырғанын айтты.

Облыс әкімі “Қазпочта” акционерлік қоғамының округтегі бөлімшесінің жұмысымен де танысты.

Жұмыс сапарының соңында Құмар Іргебайұлы Талшық ауылындағы Мәдениет үйінде аудан тұрғындарымен кездесті. Жиында аудан әкімі Серікбай Тұралинов биылғы жылдың бірінші жарты-жылдығында атқарылған жұмыстар жөнінде есеп берсе, облыстық ауыл шаруашылығы басқармасы басшысының орынбасары Алтынбек Абдуллаев жергілікті шаруашылықтардың жұмысына талдау жасады.

Өткен 6 айда ауданның ауыл шаруашылығы саласына 1,2 млрд. теңге инвестиция тартылған. Бұл көрсеткіш бойынша ақжарлықтар өңірдегі 13 ауданның ішінде тоғызыншы орында тұр.

Биыл аудан диқандары 265 мың гектар алқапқа дән сіңірген. Аудан диқандары келер жылы егістік көлемін бос жатқан жерлерді айналымға қосу арқылы ұлғайтпақ. Бүгінде осы мақсатпен 25 мың гектар жерді алғашқы өңдеуден өткізу жұмыстары қолға алыныпты.

Жиында ауданда минералдық тыңайтқыштарды пайдалану арқылы топырақ құнарлығын арттырудың жайы мәз емес екені айтылды. Мәселен, 267 ауыл шаруашылығы құрылымының тек жетеуі ғана егістікке тыңайтқыш себеді екен. Ал жерді нәрлендіруге ұсақ шаруа қожалықтары түгіл, “Бекзат-1”, “Асыл дән”, “Тоғыз”, “Сүт”, “Азмаған”, “Ақниет Агро” сияқты ірі жауапкершілігі шектеулі серіктестіктер де салғырттық танытып отыр. Өңір басшысы үкіметтің 50 пайыздық қаржылай қолдауын пайдаланбай отырған бұл шаруашылықтардың басшыларын сынға алды. Сондай-ақ, тұқым сұрыбын тек 17 шаруашылық қана жаңартқан. Қалған 250 құрылымның басшылары тұқым алмастыруды мүлдем ұмытқан сыңайлы.

Бүгінде ауданда мал шаруашылығы ақсап тұр. Бұл іспен ауданда ауыл шаруашылығы құрылымдарының 41-і ғана айналысуда. Биыл сол құрылымдар 715 бас ірі қара сатып алыпты. Ал "Сыбаға" бағдарламасы мүлдем орындалмаған. "Басқа аудандар аталған бағдарламаны орындап отыр. Неліктен сіздерде орындалмаған? Мемлекет қаражат бөліп, тұрғындардың табыс табуы үшін жақсы мүмкіндіктер жасауда. Бұл ақшаны мақсатты пайдаланбасақ, жыл соңында қолдағы қаржыдан айрылып қаламыз. Бөлінген қаражатты неге дұрыс пайдаланбайсыздар?"- деген өңір басшысы жиналған қауымға бүгінде мал шаруашылығымен айналысу тиімді екенін нақты мысалдармен түсіндірді. Құмар Іргебайұлының айтуынша, бүгінде Ресейдің Омбы қаласында 1 литр сүт 360 теңге тұрса, ірі қара малдың 1 килограмм етінің бағасы 3 мың теңгеге дейін көтерілген. Кей омбылықтар осы қымбатшылыққа байланысты тауарды біздің өңірге келіп алатын көрінеді. Өңір басшысы осы жағдайды пайдаланып, мал шаруашылығы өнімдерін Ресейге әлдеқайда қымбатқа сатуға болатынын айтты. Сондай-ақ, Құмар Іргебайұлы сүттің ел ішінде де сұранысы жоғары екенін айтып, оны молайту үшін ауыл шаруашылығы кооперативтерін құру қажеттігін атап көрсетті. Бұл жағдайда мемлекет салқындатқыш сауыт алуға демеуқаржы береді екен.

Кездесуде облыстық индустриялық-инновациялық даму басқармасы басшысының орынбасары Жеңіс Асанов, жұмыспен қамтуды үйлестіру және әлеуметтік бағдарламалар басқармасы басшысыныңорынбасары Ринат Елжасов өз салалары бойынша ақпарат берді.

– Аудан бойынша ауыл шаруашылығы құрылымдары 142 млн. теңге салық төледі. Еңбекақы 286 млн. теңгені құрады. Үкімет тарапынан демеуқаржы түрінде 1 млрд. 285 мың теңгеге қолдау көрсетілді. Бұдан байқайтынымыз, мемлекет еңбекақыны да, салықты да өзі төлеп отыр, – деген өңір басшысы кәсіпкерлерге екінші жартыжылдықта нәтижелі жұмыс істеуді тапсырды.

Түс ауа Уәлиханов ауданына барған облыс әкімі жергілікті диқандармен кездесті. Мұндағы жердің құнарлылығы өзге аудандармен салыстырғанда төмен екені ашық айтылды. Алайда, қажетті технология бұл кемшілікті еңсерудің тиімді тетігіне айналған. Бұның бір айқын көрінісі – “Қайыңды” жауапкершілігі шеутеулі серіктестігінің иелігіндегі алқаптар. Өңіріміздегі ірі шаруашылықтардың бірі саналатын серіктестіктің директоры Сүйіндік Жолдасбаевтың айтуынша, бүгінде 26 мың гектар егіс алқабының 4 мың гектары парға қалдырылған. Ал қалған алқапқа бидай, арпа, зығыр, жасымық, күнбағыс, рапс, жүгері егіліпті. Алқаптар селитрамен және аммофоспен тыңайтылған. Биыл шаруашылық мемлекеттен 16 миллион теңгенің демеуқаржысын алып, 40 жаңа жұмыс орнын ашқан. Әрі мал шаруашылығымен де айналысатын шаруашылықтың жайылымында бір мыңға жуық мүйізді ірі қара мен 500-дей жылқы бағылуда. Жалпы 140 адамды тұрақты жұмыспен қамтамасыз етіп отырған серіктестіктегі орташа еңбекақы – 90 мың теңге. Мұндай еңбекақы аудандағы өзге шаруашылық жұмысшыларының түсіне де кірмейді. Бұл жөнінде Кішкенекөл ауылының Мәдениет үйінде өткен жиын барысында айтылды.

Кездесуде Уәлиханов ауданының әкімі Медет Оспанов алғашқы жартыжылдықта атқарған жұмыстарын жіпке тізгендей қылып баяндағанмен, облыстық ауыл шаруашылығы басқармасы басшысының орынбасары Алтынбек Абдуллаев жергілікті ауыл шаруашылығы құрылымдарындағы өндіріс баяу екенін ашық айтты.

Бүгінде ауданда ауыл шаруашылығы бағытындағы 750109 гектар жер болғанымен, олар тыңайтылмайды. Мәселен, жоспардағы барлығы 6500 тонна минералды тыңайтқыштың 1900 тоннасы ғана себілген. Аудандағы 200-ге жуық шаруашылықтың оны ғана егістіктерге тыңайтқыш сіңіретін көрінеді.

Диқандардың дені мал шаруашылығымен айналыспайды. “Сыбаға” бағдарламасы аясында жоспарлы 200 ірі қараның 139-ы ғана сатып алынған. Ал “Құлан”, “Алтын асық” бағдарламаларын жүзеге асыру мүлдем ұмыт қалған. Өңір басшысы өнікті жұмыс істемейтін әрі жұмысшыларына аз еңбекақы төлейтін серіктестіктердің жұмысын екі айдан соң тағы бір келіп тексеретінін айтты.

Кездесу соңында ауыл тұрғындары Құмар Іргебайұлына көкейінде жүрген сауалдарын жолдады. Олардың қатарында жол, көшелерді жарықтандыру, қосымша жайылым бөлу, мүгедектерге әлеуметтік көмек көрсету мәселелері бар. Азаматтардың өтініш-тілектерін мұқият тыңдаған өңір басшысы барлық сұрақты бақылауға алатынын айтты.

Нұржан СЕЙІЛБЕКОВ,

“Солтүстік Қазақстан”.

Суретті түсірген

Виталий ВЛАСЕНКО.

 

 

 

Пікір білдіру


Защитный код
Жаңалау