Солтүстік Қазақстан газеті

ОБЛЫС ОРТАЛЫҒЫ КӨРКЕЙЕ ТҮСПЕК

Печать PDF

argaiv1087

Облыс әкімі Құмар Ақсақалов бұрнағы күні Петропавл қаласындағы бірқатар құрылыс нысандарын аралап, атқарылып жатқан жұмыс барысымен танысты.

Өңір басшысы алдымен Петропавл қаласындағы “Оңтүстік-Орал” темір жолының үстімен өтетін көпірге ат басын бұрды. Үстіміздегі жылы өңіріміздің жолдарына жөндеу және қалпына келтіру жұмыстарын жүргізуге республикалық бюджеттен 12,5 млрд. теңге қаржы бөлінген болатын. Бұл қаражаттың 1,2 млрд. теңгесі 58 жыл бұрын пайдалануға берілген көпірді қайта қалпына келтіру жұмыстарына бағытталған.

“ҚазАвтоЖол” ҰК” акционерлік қоғамы облыстық филиалының директоры Болатбек Айтбаевтың айтуынша, көпірдің бүгінгі жағдайы сын көтермейді. Сол себепті оны қайта қалпына келтіру туралы шешім қабылданған. Қала тұрғындары үшін маңызды жұмысты Алматы қаласының “Мостостроительный отряд №25 им. Рязанова” жауапкершілігі шектеулі серіктестігі жүргізуде. Ақпан айында басталған қайта қалпына келтіру жұмыстары “Нұрлы жол” бағдарламасы аясында қолға алынған.

– Үстіміздегі жылға бөлінген 900 млн. теңгенің қазір 27 пайызы игерілді. Мердігер компания 23 арнайы техникасы мен 90 қызметкерін жұмылдырудың арқасында көпірді ұстап тұрған ескі бетон бағандар жаңасына ауыстырылды. Алдағы уақытта құрастыру жұмыстарын жүргізу үшін “Оңтүстік-Орал” темір жолы әкімшілігімен келіссөздер жүргізетін боламыз. Көпірдің оң жақ бөлігі қыркүйек айына дейін аяқталады. Ал орталық бағандар орнатылғаннан кейін нысан ұзақ мерзімге жабылатын болады. Мердігер компания барлық жұмысты 2018 жылдың қараша айында аяқтауды жоспарлап отыр, – дейді Болатбек Айтбаев.

Жөндеу жұмыстарынан кейін көпірдің заманауи талаптарға сәйкес болатындығын айтқан облыс әкімі Құмар Ақсақалов қала басшылығына қоғамдық көліктің жұмысын ойластыруды тапсырды. Тұрғындардың мақсатты жеріне жетулері үшін Жұмысшы кенті арқылы қатынайтын автобустардың саны арттырылып, жүру бағыттарына өзгерістер енгізілетін болады.

Содан кейін өңір басшысы шаһардың кіреберіс бөлігіндегі “Жас өркен” шағынауданында болды. Қала әкімі Марат Тасмағанбетовтің мәліметінше, құрылыс алаңына айналған шағынаудан алдағы жылдары жаңа кейіпке енбек. Бүгіндері Жамбыл көшесінің бойындағы шағынауданның 62 гектар аумағындағы ескі үйлер бұзылған. Олардың орнына “Нұрлы жер” бағдарламасы бойынша тоғызқабатты прокуратура ғимараты, төртқабатты Оқушылар сарайы және заманауи теннис корты салынбақ.

Шағынаудандағы құрылыс жұмыстарын жобалау барысында тұрғындардың баспаналы болуына басымдық берілмек. Шағынаудандағы 18 кварталда, негізінен, тұрғын үй кешендері бой көтеретін болады. Құрылыс жұмыстарын “Казградстрой НС”, “Кокшетауская топливная база”, “Зерттеу СК” кәсіпорындары және тағы басқа құрылыс компаниялары жүргізетін болады.

Құмар Іргебайұлы мердігер компаниялардың басшыларына тұрғызылатын нысандардың сапасына ерекше талап қойылатындығын ескертіп, жергілікті зауыттарда шығарылатын материалдарды пайдалану облыс экономикасы үшін маңызды екенін айтты.

Бұдан бөлек, Петропавл қаласының кіреберісіндегі аумаққа да өзгерістер енгізілмек. Атап айтқанда, Петропавл қаласына кіреберіске Қожаберген жыраудың ескерткіші орнатылатын болады. Бүгіндері ескерткіштің жобасын жасауға жарияланған ашық конкурс аяқталған. Конкурс талабы бойынша айналма жолдың ортасына орнатылатын ескерткіштің жалпы биіктігі 14 метрден кем болмауы және жырау, батыр, қолбасшы Қожаберген Толыбайұлы ат үстінде отыруы тиіс. Өз ұсыныстарын білдірген сәулетшілердің ішінен екі модель іріктеліп, республикалық комиссияның талқылауына жіберілген.

“Архстрой” ЖШС-нің бас инженері Василий Стихин Пестрое көлінің маңында абаттандыру жұмыстарын жүргізуді ұсынды. Қала тұрғындарының суға түсетін орнын оң жақта бос тұрған орынға ауыстырып, бұл жерде құтқару станциясын ашу қажеттілігі айтылды. Сондай-ақ, сәулетшілер шаһардың кіреберісіне жасыл желектер отырғызу, шағын сәулеттік формалар мен мүсіндерді орналастыру, көшенің екі жағындағы бетон жақтауларын сәнді қоршауларға ауыстыру жөніндегі ұсыныстарын жеткізді.

Абаттандыру тұжырымдамасымен танысқан Құмар Ақсақалов барлық ұсыныстар қала құрылысы кеңесінде талқыланатындығын атап көрсетті.

Содан кейін өңір басшысы С.Мұқанов көшесінде атқарылған жұмыстың сапасын тексерді. Тұрғындардың алаңдаушылығын тудырған көшеге “Ашық Аспан” ЖШС-нің мамандары 72 млн. теңгенің күрделі жөндеу жұмыстарын жүргізіп, асфальт жамылғысын жаңартқан. Тұрғындармен кездескен Құмар Іргебайұлы үстіміздегі жылы жол жөндеу жұмыстарына бөлінген қаржының екі есе артқанын, биыл қырық шақырымнан астам жолдың жөндеуден өтетіндігін хабарлады.

Құмар Ақсақалов бюджет қаражатына аулаларына абаттандыру жұмыстары жүргізіліп, балалардың ойын алаңдары жаңартылған Абай көшесі, 53,84,86-үйлердің тұрғындарымен кездесті. Жүргізілген жұмыстардың барысында сәні мен салтанаты келіскен балалар ойын алаңы орнатылған. Одан бөлек, балақайлардың ойындарына қажетті құм жеткізіліп, кешендер мен әткеншектер қойылған. Мұндай жұмыстар Егемен Қазақстан көшесінің Интернационал және Букетов көшелерімен қиылысында да атқарылған.

Қала әкімі Марат Тасмағанбетовтің айтуынша, былтыр Петропавл қаласында 107 аула асфальтталып, 80 балалар алаңы абаттандырылған. Өзекті мәселе биыл да оң шешімін табуда. Жыл соңына дейін қалада 100 аулаға абаттандыру жұмыстарын жүргізу жоспарланып отыр.

Сапарының соңында облыс әкімі жаңғырту жұмыстары басталған Мәдениет және демалыс саябағына ат басын бұрды. Бүгіндері “СК Райв” компаниясы жасаған жаңғырту жобасы бойынша саябақтың 31,2 гектар жерінде құрылыс жұмыстары жүргізілуде. Жаңғырту жұмыстары барысында демалыс орнының 137 орындығы жаңартылып, барлық жаяу жүргінші серуендейтін жолдарға асфальт төселінбек. Сондай-ақ, 249 шам мен 70 қоқыс жәшігі орнатылатын болады. Бұдан бөлек, ескі саябақта да балалар ойын алаңы салынып, саламатты өмір салтын серік еткен қала тұрғындары үшін 2,5 шақырымдық велосипед жолы тартылады. Саябақтағы спорттық жаттығу құрылғылары орнатылған “стрит воркаут” алаңы жастардың сүйікті орнына айналмақ. Саябақтың орталық кіреберісіндегі балалардың ойын машиналарына да осы жерде орын берілмек.

Ал облыстық әкімдікке қарама-қарсы жерде орналасқан Абай мен Пушкин ескерткішінің артында тұрған ескі колоннадалар жаңартылып, жаңа сахна орнатылған. Ескі колоннадалар алдағы аптада Жеңіс саябағынан орын табатын болады. Бұған қоса мұндағы 8 мың түп ағаштың 2 мыңы кесілмек. Қазір оның 150-і құлатылып үлгерілген. Олардың орнына шетен, қарағай, қайың ағаштарының көшеттері отырғызылатын болады. Сондай-ақ, саябақтың кіреберісінде тұрған ұшқыш-космонавт Владимир Шаталовтың мүсіні жанына жерлесіміз, мемлекет және қоғам қайраткері Бәйкен Әшімовтің ескерткіші қойылады. Жаңғырту жұмыстарына жергілікті бюджеттен 290 млн. теңге бөлінген.

Орталық саябақтағы жұмыстар қараша айында аяқталады деп жоспарлануда.

Қанат АТАМАНОВ,

“Солтүстік Қазақстан”.

Суретті түсірген

Виталий ВЛАСЕНКО.

 

Пікір білдіру


Защитный код
Жаңалау