Солтүстік Қазақстан газеті

ТӨРТ ТҮЛІК — ТАБЫС КӨЗІ Облыс әкімі Құмар Ақсақалов шалғай аудандарда мал шаруашылығын дамытуға да баса назар аударды

Печать PDF

argaiv1208

Облыс әкімі Құмар Ақсақаловтың аудандарға жұмыс сапары Ғабит Мүсірепов атындағы және Айыртау аудандарында жалғасын тапты. Өңір басшысы бірқатар өндірістік және әлеуметтік нысандардың жұмысымен танысып, елді мекендерде агро-құрылымдарды, мал шаруашылығын, қайта өңдеу саласын дамытуға байланысты тың міндеттер қойды.

 

Облыс әкімі сапар барысында алдымен Ғабит Мүсірепов атындағы ауданның Червонное ауылына ат басын тіреді. Мұндағы “Червонное-Агро” жауапкершілігі шектеулі серіктестігі картоп, қырыққабат, сарымсақ және жасыл бұрыш өсірумен айналысады.

– Бүгiнгi күнi өңiрiмiзде оңтүстiк облыстардың көкөнiсiне тәуелдiлiк бар. Бiздiң жерiмiзде барлығы жақсы өсетiндiктен, ондай тәуелдiлiктен арылуымыз керек. Ол үшiн бiзде барлық жағдай жасалған. Құнарлы жеріміз бар, су қоры да жеткiлiктi. Климаттық жағдай көкөніс өсіруге кедергі емес. Сондықтан көкөністі қазіргіден кем дегенде екі есе артық өсіруіміз қажет. Агроқұрылымдар мен жеке шаруашылықтарда өсірілетін өнімдерді сатып алып, қажеттілігімізді жабуымыз керек. Біз Елбасы Нұрсұлтан Назарбаев айтқандай, сатып алулар жүйесін жетілдіру бойынша жұмыстарды жалғастыратын боламыз, – деді Құмар Ақсақалов.

Бұдан кейін өңір басшысы серіктестіктің егiстiк алқабын аралады. Тексеріс барысында егістіктің септориоз ауруына шалдыққаны анықталды. Танаптағы жағдайды сынға алған Құмар Ақсақалов көп өнім алу үшін танаптарға химиялық өңдеу және алдын алу жұмыстарын уақытында жүргізу қажеттігін айтып, алдағы уақытта ауыл шаруашылығы жерін тиімді пайдаланбаған серіктестіктерге шара қолданылатындығын ескертті.

Жұмыс сапары соңында облыс әкімі аудан орталығы – Новоишимка ауылында аудан активімен кездесті. Ауыл шаруашылығы саласы мәселелеріне арналған жиын барысында аудан әкімі Владимир Дудов ауданның әлеуметтік-экономикалық дамуының негізгі көрсеткіштеріне тоқталды.

– Үстіміздегі жылдың бірінші жартыжылдығы бойынша ауыл шаруашылығында 6,5 пайыз өсім бар. Саланың жалпы өнiмі 4,5 млрд. теңгенi құрады. Бүгінде облыс бойынша үшiншi орындамыз. Ауданда еңбек өнiмдiлiгiне көп көңiл бөлiнедi. Соңғы кезде ауыл шаруашылығына тартылған инвестиция көлемінің өскені байқалады. Өнiм көлемiн арттыру мақсатында алқаптарды әртараптандыру бойынша жұмыстар жүргiзiлуде, – дедi аудан әкімі.

Кездесу барысында облыстық ауыл шаруашылығы басқармасының басшысы Қайрат Омаров агроқұрылымдардың атқарған жұмыстарына талдау жасап, аудандағы серіктестіктердің жиырмасы ғана алқаптарға минералды тыңайтқыш сiңiрумен айналысатынын атап көрсетті.

Бүгіндері ауданда сүт өндiруде біршама ілгерілеушілік бар. Алғашқы жартыжылдықта сүт өндiру 6 пайызға өсіп, 20,2 мың тоннаны құраған. Сонымен бірге өсiм резервi бар. Өткен жылдың сәйкес мерзiмiмен салыстырғанда өсiм 13,2 пайызды құраған. Ауданда қара мал саны 41,8 мыңға жеткен. Өкінішке қарай, жергілікті үш жүзге жуық ауыл шаруашылығының 56-сы ғана мал шаруашылығымен айналысады.

Қайрат Қайроллаұлы ауданда “Атамекен Агро-Целинный” (39,9 мың га.), “Дружба” (24,9 мың га.) және “Содружество” ЖШС-і (22 мың га.) ірі шаруашылықтардың болғанымен, олардың мал шаруашылығымен айналысуға көңіл бөлмей отырғанын атап айтты.

Жиналыс барысында сөз алған облыстық жұмыспен қамтуды үйлестіру және әлеуметтік бағдарламалар басқармасының басшысы Сергей Яковенко ауыл шаруашылығы кәсiпорындарындағы еңбекақының төмендiгiн алға тартты.

Қайрат Қайроллаұлы ауданда “Атамекен Агро-Целинный” (39,9 мың га.), “Дружба” (24,9 мың га.) және “Содружество” ЖШС-і (22 мың га.) сияқты ірі шаруашылықтардың мал өсіруге көңіл бөлмей отырғанын атап айтты.

Жиналыс барысында сөз алған облыстық жұмыспен қамтуды үйлестіру және әлеуметтік бағдарламалар басқармасының басшысы Сергей Яковенко ауыл шаруашылығы кәсiпорындарындағы еңбекақының төмендiгiн алға тартты.

Шілде айының басынан бері ауданда жұмыспен қамтылған тұрғындардың саны күрт азайған. Бұл көші-қонның салдары дегенімізбен, оған аудандағы жекелеген кәсіпорындардағы еңбекақының төмен болуы да әсерін тигізуде. Жыл басынан бері ауданнан қоныс аударған 188 тұрғынның жайлы жұмыс, жоғары еңбекақы іздемеске шарасы қалмаған сияқты. Сергей Яковенко мұның бәрін ауданда тұрғындарды жұмыспен қамту бойынша тиiмдi жұмыс жүргiзiлмейтіндігімен түсіндірді. Мәселен, “Дружба” және “Краснознаменское-2” жауапкершілігі шектеулі серіктестіктерінде орташа еңбекақы мөлшері бар-жоғы 34 және 32 мың теңгені ғана құрайды.

Аудандағы әлеуметтік ахуалды бағамдаған өңір басшысы ауылдықтардың еңбекақысын 20 пайызға көтерудi және жұмыспен қамту бойынша тиiмдi жұмыс жүргiзудi тапсырды.

Өңір басшысы содан кейін Айыртау ауданындағы Казанка ауылдық округiнің бүгінгі тыныс-тіршілігімен танысты. Жергілікті шаруа қожалықтары басшыларымен кездесу барысында пардың жайына, ауыспалы егiс пен мал шаруашылығына, бiрiншi жартыжылдықтағы еңбекақы көлеміне назар аударған Құмар Іргебайұлы жұмыс сапары барысында әлемге әйгілі “Ботай” археологиялық ескерткiшiне де соқты. Жобаның жетекшісі, профессор Виктор Зайберт қазба жұмыстары жүргізілген жылдарда 300 мың зат табылып, 160-тан астам тұрақ қазылғандығын тілге тиек етті. Ғалымдар “Ботайды” зерттегенге дейiн қазақтар да басқа түркі этностары сияқты түркі саяси жүйесiмен байланысты деп келген екен. Алайда, қазба жұмыстары қазақ этносы “Ботайдан” да көне дәуiрге жататындығын көрсетіпті.

Өңір басшысы осындай құндылықтарымызды сақтап, жаңаша әспеттеуімізге жол ашқан “Болашаққа бағдар: рухани жаңғыру” бағдарламасы аясында қоныс аумағында ашық аспан астында мұражай ашылатындығын және соған байланысты тиісті жұмыстар қолға алынғандығын айтты.

Облыс әкімі еліміздегі бірегей археологиялық ескерткішті тамашалағаннан кейін “Кирилловка-Айыртау” ЖШС-нiң егiстiк алқабын аралады. Серіктестік директоры Владимир Казаркиннің айтуынша, 14 мың гектар алқаптың 80 пайызына – бидай, 2,5 мың гектарына – арпа, 400 гектарға – рапс, 400 гектарға жасымық егіліпті. Бүгінде орақ науқанына әзірленіп жатқан агроқұрылымда еңбекақы ай сайын төленіп, жұмысшылардың адал еңбегі тиісті бағалануда.

Шалқар көлiнiң жағасындағы “Ардагер” демалыс орны да өңір басшысының назарынан тыс қалмады. 80 орынға шақталған “Ардагердің” жиырма үйі демалушылардан бір босамайды. Демалыс құны бір адамға 2-2,5 мың теңгені құрайды екен. Демалушылардың дені – Қостанай, Ақмола, Ресейдiң көршi облыстары мен Астана қаласының тұрғындары.

Ауданның ауыл шаруашылығы саласының ахуалы, туристік әлеуеті жергілікті тұрғындармен болған кездесу кезiнде де әңгіме өзегіне айналды.

– Есептi кезеңде ауыл шаруашылығы өнiмiнiң жалпы көлемi 6,4 млрд. теңгенi немесе 100,7 пайызды құрады. Майлы дақылдар алқабы – 20 мың гектарға, жасымық – 13 мыңға, жемазық алқабы 1700 гектарға көбейдi. Ауыспалы егiстің көлемі 77,8 пайызға жетті. Биыл 54 мың гектарға минералды тыңайтқыш сiңiрiлдi. Үстіміздегі жылы сүт пен еттiң сатып алу бағасының өсуіне байланысты мал шаруашылығын дамытуға қолайлы жағдай жасалды. 400 басқа арналған сүт кешенi, 100 басқа арналған мал фермасы, 400 басқа арналған репродукторлы шаруашылық құру жоспарланып отыр. Сүт сатып алу бойынша үш ауылдық өндiрiстiк кооператив құрылды, – дедi аудан әкімі Ағзам Тастемiров.

Кездесу барысында облыстық ауыл шаруашылығы басқармасының басшысы Қайрат Омаров, кәсiпкерлiк және туризм басқармасының басшысы Құралай Жарова мен облыстық жұмыспен қамтуды үйлестіру және әлеуметтік бағдарламалар басқармасының басшысы Сергей Яковенко өз салалары бойынша пікірлерін білдірді.

Айыртау ауданында туризмдi дамыту жайлы баяндаған Құралай Жарова Шалқар көлiнің жағасындағы 24 демалыс орнының төртеуіне тиесілі жер телімі бос тұрғандығын айтты. Туристердi тарту үшiн санитарлық жағдайы мен демалыс орындарының материалдық-техникалық базасы да зор мәнге ие. Алайда, көптеген нысандар жайлылық жағынан бүгінгі талаптарға сай емес. Жатын орын болғанымен, шағын инфра-құрылым, монша, душ, ойын-сауық орны сияқты қосымша қызметтер қарастырылмаған. “Бизнестің жол картасы – 2020” бағдарламасы қолға алынғалы бері 9 млн. теңгеге бiр нысанға ғана электр қуаты тартылған. Ал осы бағдарлама аясында ұңғымаларды абаттандыру, демалыс үйлерiне су тарту, душ орнату мүмкіндіктері пайдаланылмай отыр.

– Бiз бiр ғана демалыс орнын аралап, көңіліміз құлазыды. Санитарлық талаптарға толық сай емес. Егер кәсiпкер заманауи талаптарға сай кәсібін дамыта алмаса, онда демалыс базасын ашудың қажеті қанша?! Басқа өңiрлерден келген қонақтарда бiз туралы қандай пiкiр қалыптасады?! Бiз туризмдi дамыту үшiн барлық жағдайды жасап отырмыз, – деді облыс әкімі Құмар Ақсақалов.

Кездесудiң соңында өңiр басшысы ауыл шаруашылығында еңбекақыны өсiрудi, жұмыспен қамтылған адамдар санын көбейтудi және туризмдi дамыту бойынша нақты шаралар қолдануды тапсырды.

Облыс әкімінің баспасөз қызметі.

Суреттерді түсірген

Виталий ВЛАСЕНКО.

Пікір білдіру


Защитный код
Жаңалау