Солтүстік Қазақстан газеті

ЕГІН ЕГІП, МАЛ БАҚҚАННЫҢ ҰПАЙЫ ТҮГЕЛ

Печать PDF

argaiv1428

Облыс әкімі Құмар Ақсақалов бұрнағы күні жұмыс сапарымен Аққайың мен Тайынша аудандарында болды. Өңір басшысы осы аудандардың активімен және жергілікті тұрғындарымен кездесті.

Өңір басшысы аудандағы бірқатар әлеуметтік нысандарды аралап көрді. Бірнеше жылдан бері “Жұмыспен қамтудың жол картасы – 2020” бағдарламасы әлеуметтік саланың дамуына игі ықпалын тигізіп, жаңа мектептер, ауруханалар мен Мәдениет үйлері қатарға қосылса, кейбіреулері жөнделуде. Мәселен, Смирново ауылындағы сапаржайға қайта жан бітуде. Сапаржайдың басшысы Любовь Котляровская құрылыс жұмыстарының барысымен таныстырды.

– Қырық жыл бұрын қабырғасы қаланған ғимарат соңғы кездері апаттық жағдайда болған еді. Бүгінде нысанға күрделі жөндеу жұмыстары жүргізілуде. Сапаржайдың жолаушылар залы кеңейтіліп, ғимарат ішінде орын көп болу үшін касса бұрышқа ауыстырылып, жаңа орындықтар қойылды. Жолаушылар үшін жылы бокс ашылмақ. Құрылысқа қажетті қаражат пен материалдар жеткілікті, – деді Любовь Котляровская.

Өңір басшысы жоспар бойынша тамыз айының ортасында қолданысқа тапсырылуы тиіс сапаржай ғимаратындағы атқарылған жұмысқа бағасын кейін беретінін айтты.

Бұдан кейін облыс әкімі “СПК Мол-ТД” өндірістік кооперативінде болды. Қазіргі уақытта сүт қабылдау және өңдеу қосынының құрылысы жүргізілуде. Кәсіпорында пастерленген сүт, йогурт, сүт қоспалары және басқа да өнімдер шығарылмақ. Кооператив төрағасы Евгений Данько кооперативке жиырма адамның біріккенін, сүт ауданның төрт ауылдық округінен жеткізілетінін айтты. Бүгіндері сүттің әр литрі 85 теңгеден сатып алынуда, әр жарты айда есеп айырысу жүргізіледі. Сүт қабылдау және өңдеу қосыны жұмысын бастағаннан кейін 13 ауыл тұрғыны тұрақты жұмыспен қамтылатын болады. Жаңа нысанның құрылысы қараша айында аяқталмақ.

Құмар Ақсақалов жергілікті басшыларға шикізатты өткізу механизмдерін қарастыруды тапсырды.

Жұмыс сапары барысында облыс әкімі бастаған топ Аққайың ауданының ауыл шаруашылығы алқаптарындағы дәнді дақылдардың өсірілу технологиясымен танысып, астық шығымдылығын бағалады. “Симаргл” ЖШС-нің алқаптарында диқандар көктемгі егіс науқаны барысында барлық технологияларды қолданып, қажетті минералды тыңайтқыштар себілген. Диқандардың маңдай терінің арқасында бүгінде егін бітік шығады деген үміт бар.

– Үстіміздегі жылы 6130 гектарға дәнді дақылдар ектік. Жоғары өнім алу үшін алқапқа ауыспалы егіс технологиясын енгіздік. Жоспар бойынша алқаптағы дәнді дақылдардың ауруға шалдығуының алдын алу және қаулап өскен арамшөптер мен зиянкестерге қарсы фунгицидпен және гербицидпен дәрілеу жұмыстары жүргізілді. Бұл жұмыстардың жартысын өз қаражатымызға, қалғанын мемлекеттің демеуқаржысына атқардық, – деді серіктестіктің директоры Владимир Пожиткин.

Құмар Іргебайұлы біздің өңір үшін таңдаулы болып табылатын “Омбы-35” бидайы сұрпының өсірілу технологиясына жоғары баға берді. Бұл алқаптағы бидайдың гектар берекелігі 25 центнерден кем болмайды деп күтілуде.

Бұдан соң өңір басшысы “Солтүстік Қазақстан ауыл шаруашылығы тәжірибе станциясы” жауапкершілігі шектеулі серіктестігінің егін алқаптарындағы жағдаймен танысты. Бүгіндері станция иелігінде 20 мың гектар жер бар, үстіміздегі жылы он бір мың гектарға жуық алқапқа бидай, арпа, сұлы, қарақұмық, бұршақ, жасымық, екі мың гектарға зығыр, рапс сияқты дақылдар егілген.

– Биыл дәнді-бұршақты дақылдарға арналған алқаптың кеңейтілгені дұрыс шешім болды. Себебі, егістік алқапты әртараптандыру – бүгінгі күннің талабы. Үстіміздегі жылы да Қызылжар өңірінде құрғақшылыққа төзімділігімен ғана емес, өнімділігімен де танылып үлгерген “Омбы-35”, “Астана”, “Астана 2” тұқымдарын сіңірдік. Тұтастай алғанда, көктемгі дала жұмыстары кешені жоспарға сәйкес жүргізілуде, – деді тәжірибе станциясының директоры Белгібай Қанафин.

Негізінен, Аққайың ауданындағы егін алқаптарының сапасы өңір басшысының оң бағасын алды. Дегенмен, көңілге дақ түсіретін жайттар да кездеседі. Атап айтқанда, Григорьевка ауылдық округіне қарасты “Парунов” ЖШС-нің зығыр еккен 800 гектар алқабында арамшөп қаулап өсіп кеткен. Өңір басшысы диқандардың еңбегін рәсуа еткен басшыны сынға алып, аудан әкімі Дәурен Байтөлешовке ауыл шаруашылығы жерін тиімді пайдаланбаған серіктестікке тексеріс жүргізіп, шара қолдануды тапсырды.

Жұмыс сапары соңында облыс әкімі Құмар Ақсақалов аудандық Мәдениет үйінде аудан активімен кездесті. Жиынды ашқан өңір басшысы облысымыздың әлеуметтік-экономикалық дамуының негізгі көрсеткіштеріне тоқталып, соңғы жылдары майлы дақылдардың бағасы қымбаттап, сұраныс артқанына қатысушылардың назарын аударды.

– Біз егістік алқаптарды әртараптандыру жұмысын қолға алуымыздың арқасында облыс бойынша майлы дақылдар себілген алқаптың аумағы 30 пайызға ұлғайтылып, 712 мың гектарға жеткізілді. Бұл республика бойынша барлық майлы дақылдар көлемінің 30 пайызын құрап отыр. Бұршақ дақылдарының да егіс алқабы кеңейтіліп, жасымық 2,5 есе артық себілді. Алдағы уақытта майлы және бұршақты дақылдар алқабын бір миллион гектарға дейін жеткізу көзделіп отыр. Осындай жұмыстар нәтижесінде біздің облыстың экспорттық әлеуетінің өсуіне қол жеткізуіміз керек, – деді облыс әкімі.

Аудан әкімі Дәурен Байтөлешовтің үстіміздегі жылдың алғашқы жартыжылдығында атқарылған жұмыстары туралы есебі тыңдалды. Баяндамашының айтуынша, биыл аққайыңдық диқандар 214 мың гектар алқапқа ырыс дәнін сіңірген. Оның 144 мың гектары – бидай, 44 мың гектары майлы дақылдар болса, ал 23 мың гектары – жемазық. Майлы дақылдардың алқабы 14 мың гектарға ұлғайтылған. Сондай-ақ, аудан әкімі жерді мақсатты және тиімді пайдаланбай жүрген серіктестіктерге 46 тексерістің жүргізілгенін, нәтижесінде 5 миллион теңгенің 29 әкімшілік айыппұлы салынғанын атап көрсетті.

Жергілікті шаруашылықтардың жұмысына талдау жасаған облыстық ауыл шаруашылығы басқармасының басшысы Қайрат Омаров бұл саладағы бірқатар кемшіліктерге тоқталды. Басқарма басшысы аудандық агроқұрылымдарға бюджеттен 1 млрд. 612 млн. теңгенің демеуқаржысы берілгенін айтты. Ауыл шаруашылығы құрылымдары 344 млн. теңге салық төлесе, еңбекақы 777 млн. теңгені құраған. Ауданда мал шаруашылығын дамытуда да бірқатар кемшіліктер бар. Жыл соңына дейін екі мың қара мал сатып алу жоспары 41,9 пайызға орындалған. “Иван Зенченко” ЖШС-і мен “Калибеков” жеке кәсіпкерлігі қорадағы малдың санын сәйкесінше 632 және 500 басқа арттырмақ. Бұдан бөлек, аудандағы 253 агроқұрылымның 13-і ғана егіс алқаптарына минералды тыңайтқыштарды сіңіргені анықталды.

Жиналысқа қатысқан аудан тұрғындары күн тәртібінен түспей тұрған мәселелерді көтеріп, сауалдарын қою мүмкіндігіне ие болды. Бүгінде ауылдық округтерде кадр тапшылығы сезілуде. Егер аудан мектептерінде 24 мұғалім жетіспейтін болса, оның басым бөлігі Ивановка ауылдық округіне тиесілі. Аудандағы ауруханаларға 9 маман қажет. Бұл сұраныстың басым бөлігі ауданға жолдама бойынша келетін жас мамандармен толтырылатын болады.

Күннің екінші жартысында өңір басшысы Құмар Ақсақалов жұмыс сапарын Тайынша ауданында жалғастырды. Облыс әкімі ат басын бұрған егістік алқабы “Степноишим тәжірибе стансасы” ЖШС-іне тиесілі. Серіктестік 16 мың гектарға – астық, қалған 5 мың гектарға майлы дақылдар сепкен екен. Серіктестіктің бас директоры Александр Кобзевтің айтуынша, өткен жылы бидайдың өнімділігі гектарына 20 центнерді, ал жасымықтың берекелiгi гектарына 14-15 центнердi құраған. Екі аптадан кейін серіктестіктің мамандары жасымыққа шалғы салмақ.

Жолдың екінші жағында рапс алқабы орналасқан. Өңірімізде майлы дақылдардың ішінде рапстың бағасы ең жоғары. Өткен жылы шаруашылықта рапс гектарының шығымдылығы 27 центнерге жетіп, оның әр тоннасы 125 мың теңгеге сатылған. Серіктестік басшылығы биыл да мол өнім күтіп отыр.

Жұмыс сапарының соңында облыс әкімі Құмар Ақсақалов Тайынша қаласындағы аудан активінің жиынына қатысты. Кездесу барысында аудан әкімі Ержан Иманслямның жарты жылдағы әлеуметтік-экономикалық даму барысы туралы есебі тыңдалды. Мұнда да Аққайың ауданындағы сияқты мәселелер жетіп артылады. Тұралап тұрған кәсіпорындар аз емес, еңбеккерлердің айлық жалақысы төмен. Бүгінде Тайынша ауданында кадр тапшылығы орын алған. Ауданның шалғай ауылдарында 7 дәрігер, 40 мұғалім жетіспейді.

Жиналыс барысында өңір басшысы мемлекеттің қолдауына ие болған, алайда, ауыл тұрғындарына жағдай жасамайтын агроқұрылым басшыларын сынға алды. Ауданның егістік алқаптарына дән сіңіріп жүрген инвесторлар жергілікті тұрғындардың мәселесіне көңіл аудармауда. Соңғы бес жылда жалпы өнімнің көлемі артқанымен, ауыл шаруашылығы саласы қызметкерлерінің еңбекақысы әлі де төмен. Осыған орай, Құмар Іргебайұлы мемлекеттік қолдаудың игілігін көріп отырған агроқұрылым басшыларына жұмысшылардың еңбекақысын кемінде 20 пайызға көтеруді тапсырды.

Өңір басшысы саланың қордаланып қалған мәселелерін еңсерудің бірден-бір жолы – маусымдық емес, тұрақты еңбекті қажет ететін мал шаруашылығы арқылы жұмыссыздар санын азайту және жерді игере алмай отырған ауыл шаруашылығы құрылымдары басшыларымен тиянақты жұмыс істеу екенін атап айтты. Сонда ғана ауыл шаруашылығы табысты салаға айналмақ.

Облыс әкімі Құмар Ақсақалов атқарылған жұмыстар мен кемшіліктерді саралай келе, жауапты тұлғаларға мал шаруашылығын дамыту, ауыл шаруашылығы кооперативтерін құру, еңбеккерлердің еңбекақысын көтеру бойынша бірқатар тапсырмалар жүктеді.

Қанат АТАМАНОВ,

“Солтүстік Қазақстан”.

Суреттерді түсірген

Виталий ВЛАСЕНКО.

Пікір білдіру


Защитный код
Жаңалау