Солтүстік Қазақстан газеті

ЕҢБЕКТЕНГЕННІҢ ЕҢСЕСІ БИІК

Печать PDF

Жыл аяғына дейін өңірде 24172 адамды жұмысқа орналастыру міндеті қойылып отыр. Тарата айтсақ, жаңа жұмыс орындарын ашу арқылы 13047 адам еңбек ету құқына ие болмақ. “Өрлеу” бағдарламасы аясында тұрмысы төмен отбасыларды қамтуға бірінші кезекте басымдық берілген. Осыған орай 270 әлеуметтік келісімшарт жасалып, 1200 адам қатысуға ниет білдірген. Бұрындары бюрократтық кедергілер мен қағазбастылықтар салдарынан құжаттарды рәсімдеу бірталай қиындықтар тудырса, қазір бұл үдеріс әлдеқайда оңайланғаны байқалады. Жобаға қатысу үшін отбасы мүшелері тұрғылықты жердегі жұмыспен қамту орталығына немесе ауылдық әкімдікке хабарласып, тиісті құжаттарды ұсынса жеткілікті.

argaiv1322

Бағдарламаның игілігін көрушілер тиімділігін айқын сезініп отырғандарын айтады. Атаулы әлеуметтік көмек алушылар арасында еңбекке жарамды тұрғындар үлесінің 1,7 пайызға кемуі сөзіміздің бір дәлелі болса керек. Ендігі мақсат кірісі өмір сүру деңгейінен төмен топтағылардың санын 15,1 мыңға дейін азайтуға бағдарланған.

Сөз арасында жұмыспен қамту және кәсіпкерлікті дамыту бағдарламасын жүзеге асыруға республикалық қазынадан 4,5 миллиард теңге бөлінгенін, шағын несиелеу мөлшері 2,5 есеге артып, 2,3 миллиард теңге қарастырылғанын айта кеткен жөн.

Сол сияқты “Бастау Бизнес” бағдарламасы да өміршеңдігін көрсетіп келеді. Оның шеңберінде 920 адамды кәсіпкерліктің қыр-сырына үйрету белгіленсе, үштен бірі қысқа мерзімді курстарды аяқтап шыққан. Отыз адам несие алу кезегінде тұр, бес адам 11 миллион теңге жеңілдікті қаражатқа қол жеткізген. Тұтастай алғанда, жұмыссыздар мен өзін-өзі жұмыспен қамтамасыз ететін санаттағылардан алты мыңнан астам қатысушыға мемлекеттік бағдарламалардың жеңілдікті қызметтері ұсынылған. “Ауыл шаруашылығын қаржылай қолдау қоры” АҚ-ның жергілікті филиалы да белсенділігін күшейте бастаған сыңайлы.

Ведомство басшыларының айтуларынша, жыл аяғына дейін жұмыссыздар саны – 600, өзін-өзі еңбекпен қамтитындар 5000 адамға азайып, жалдамалы қызметкерлер 3,5 мыңға ұлғаятын болады. Жыл басынан бері 13 мың солтүстікқазақстандық жұмысқа орналасып, бала-шаға нәпақасын айырып отыр.

Өмір ШАЛАБАЙҰЛЫ,

“Солтүстік Қазақстан”.

Пікір білдіру


Защитный код
Жаңалау