Солтүстік Қазақстан газеті

ТЫҢАЙТҚЫШ — ЖЕР НӘРІ

Печать PDF

argaiv1087

Облыс әкімі Құмар Ақсақалов аудандарға жұмыс сапары барысында жергілікті әкімдердің есебін шынайы жағдаймен салыстырды. Дүйсенбі күні Мағжан Жұмабаев ауданында болған өңір басшысы Успен ауылдық округінің диқандарымен кездесіп, алқаптарда егіс технологиясының қаншалықты сақталатындығын көрді. Бүгінде өңірімізде бұл тұрғыда кемшіліктер бар.

– Аудандық әкімдіктер мен шаруашылықтардың қалай жұмыс істейтіндігін көріп отырмыз. Ауылдық округ әкімдері туындаған мәселелерді шешуде қандай механизмдерді қолдану керектігін білмейді, – деді өңір басшысы.

Іссапар барысында Құмар Іргебайұлы Булаево қаласында “Жұмыспен қамтудың жол картасы – 2020” бағдарламасы аясында тұрғызылған 18 пәтерлік жатақханада болып, аудан активімен кездесті.

Ертеңіне Есіл ауданына барған өңір басшысы “Петровка-Агро” жауапкершілігі шектеулі серіктестігінің иелігіндегі алқаптың маңына тоқтады. Егіннің бітік шыққанына риза болған Құмар Іргебайұлы бұл егістікте минералды тыңайтқыштардың тиісті мөлшерде қолданылғандығын атап көрсетті.

“Мына алқаптағы бидай тыңайтқышсыз егілген жердегіден ерекше екендігі көрініп тұр. Минералдық тыңайтқыштардың әсері сол – масағы толы, сабағы биік әрі қуатты. Бұдан сапалы өнім алынады”, – деді өңір басшысы. Өз кезегінде серіктестік директоры Николай Ионов 1,5 мың гектар егіске “аммофос” тыңайтқышын сепкенін айтты.

Ал “Жанғали” жауапкершілігі шектеулі серіктестігі парға қалдырған алқапты арамшөп басқан. Квадрокоптерді ұшырып, бейнедегі алқапты ауыспалы егіс сызбасымен салыстырған өңір басшысы оның талапқа сай еместігін анықтады. Өйткені, пардың дұрыс өңделмеуіне байланысты оны егін егілген алқаптан айыру қиын, арамшөп қаулап өскен.

Спасовка ауылдық округінде жалпы көлемі 21 мың гектар егістік алқап бар. Бүгінде оның 1800 гектары, яғни тиісті 20 пайыздың 8,6 пайызы ғана парға бөлініпті. Өңір басшысы тұрғындарға көмектесу түгілі, жерді дұрыс өңдемей, өздері де өнікті жұмыс істемейтін серіктестіктердің басшыларын сынға алды.

Іссапар барысында Құмар Іргебайұлы Тауағаш ауылына соғып, “Асылхан” шаруа қожалығында ашылған сүт қабылдау бекетінің жұмысымен танысты. Қожалық жетекшісі Гүлмира Жаңабекова бұл нысанды мемлекеттік қолдау-дың арқасында ашыпты. Бүгінде 30 ірі қара мен 20 жылқысы бар кәсіпкер алдағы уақытта тағы да 10 сиыр алуды көздеп отыр. Ал ауылдан күнделікті жиналатын 300 литрдей сүтті Гүлмира Жаңабекова Меңгесер кеңшарына өткізеді екен. “Жақында 5 миллион теңгеге сүт сақтайтын салқындатқыш сауыт сатып алдық. Қаржының жартысын мемлекет қайтарымсыз демеуқаржы түрінде берді. Алайда, шикізат көлемінің аздығынан қондырғы әлі бос тұр”, – дейді кәсіпкер. Ендігі мақсаты – мал басын көбейту. Қазіргі таңда 70 гектар егістік жерге арпа егеді, 110 гектар шабындығы бар. Алдағы уақытта комбайн сатып алып, егістікті 500 гектарға ұлғайтпақ.

Кәсіпкер Петропавл-Тауағаш бағытында жолаушы тасымалымен де айналысады. “Жолдың азабын жүрген білер” демекші, қожалық жетекшісі тасжолдан ауылға дейінгі жолдың жайын да айтып өтті. Аталған арақашықтықтың жаңбыр жауғанда миы шығып, жүруге мұрша бермейді екен. Шаруа қожалығының жұмысына оң бағасын берген өңір басшысы Тауағаштан Спасовкаға дейінгі 8 шақырымдық жолды жөндеуге 40 миллион теңге бөлінгенін айтты.

Бұдан соң Құмар Ақсақалов аудандағы ең шалғай ауыл – Спасовкаға ат басын бұрып, мұндағы бастауыш мектептің жағдайымен танысты. Білім мекемесінің басшысы Алена Ткачтың айтуынша, үшқабатты мектептің екі бөлмесі ғана пайдаланылғанына қарамастан, мектеп түгел жылытылады. Бүгінде бастауыш сыныпта 6 бала оқыса, шағын орталықта 5 балғын ғана тәрбие алады. Ал барлығы 245 адам тұратын ауылдан үстіміздегі жылы 10 отбасы көшіп кетіпті. Десек те, олардың орнына оңтүстіктен 8 шаңырақ қоныс аударған.

– Елді мекеннің жай-күйі көңіл көншітпейді. Құлдырап кеткен. Мал шаруашылығы болмағандықтан, жұмыс та жоқ. Барлық мәселе ауылдың инвесторлары – “Явленка МТС” және “Жанғали” серіктестіктеріне байланысты. Олар ауылға көктем мен күзде ғана келіп, жергілікті тұрғындардың мәселесіне көңіл аудармаған. Бұлар салықты 10 есеге көп төлеулері тиіс. Жұмысшыларына төлейтін еңбекақы орта есеппен 30 мың теңге. Неліктен мал шаруашылығымен айналыспайды? – деді өңір басшысы.

Іссапар соңында облыс әкімі Явленка ауылындағы Мәдениет үйінде аудан тұрғындарымен кездесті. Жиында Есіл ауданының әкімі Мұратбек Әбішев алғашқы жартыжылдықта атқарған жұмыстары жайлы есеп берсе, облыстық ауыл шаруашылығы басқармасының басшысы Қайрат Омаров жергілікті шаруашылықтардың жұмысына талдау жасады.

Өткен 6 айда ауданның ауыл шаруашылығы саласына 1,2 млрд. теңге инвестиция тартылған. Бұл көрсеткіш бойынша есілдіктер өңірдегі 13 ауданның ішінде 11-ші орында тұр. Шығынның 50 пайызын мемлекет төлесе де, 280 ауыл шаруашылығы құрылымының тек 28-і ғана егістікке тыңайтқыш себеді екен. Сондай-ақ, 250-ден астам шаруашылық топырақ құнарлылығын арттыруды мүлдем ұмытқан. Тұқым сұрыбын жаңартуда да атқарылған жұмыстар көңіл көншітпейді.

– Аудан бойынша ауыл шаруашылығы құрылымдары 572 млн. теңге салық төледі. Еңбекақы 535 млн. теңгені құрады. Демеуқаржы түрінде 1 млрд. 483 мың теңгеге қолдау көрсетілді. Бұл іс жүзінде мемлекеттің еңбекақыны да, салықты да өздері төлеп отырғанын білдіреді. Шаруашылықтар бұлай жұмыс істемеуі керек. Көрсеткіштер не себепті төмен? Өйткені, ауданда жұмыс жоқ. Бүгін бұл мәселелерді шешуде ешқандай шара қолданылып жатпағанына көзім жетті. Ауданның жартыжылдық жұмысы біздің көңілімізден шықпады, – деген облыс әкімі Құмар Ақсақалов аудан басшылығына барлық сала бойынша жұмысты жандандыруды тапсырды.

Нұржан СЕЙІЛБЕКОВ,

“Солтүстік Қазақстан”.

Суреттерді түсірген

Виталий ВЛАСЕНКО.

 

 

 


Пікір білдіру


Защитный код
Жаңалау