Солтүстік Қазақстан газеті

АУЫЛДА АЛҒА БАСУ БАР

Печать PDF

Тәуелсіздіктің ширек ғасырында елімізде қыруар шаруа атқарылып, толайым табыстарға бастаған тындырымды тірліктер жасалды. Бүгінде әлемнің алпауыт мемлекеттері санасатын күнге жеттік. Мемлекет басшысы Нұрсұлтан Назарбаевтың “Қазақстанның Үшінші жаңғыруы: жаһандық бәсекеге қабілеттілік” атты Қазақстан халқына Жолдауында жетістіктеріміз сараланып, ел болашағының бағыт-бағдары айқындалған болатын.

argaiv1582

 

Еліміздің өркендеуін көздеген кезекті Жолдау халықтың игілігін арттыратын сан түрлі саланы қамтып отыр. Маңызды құжатта көтерілген басымдықтар біздің ауылдық округімізде де жүзеге асырылуда. Ғабит Мүсірепов атындағы ауданның Рузаев ауылдық округiне Рузаевка, Сивковка, Березовка, Золотоноша, Сарыадыр және Чернобаевка елді мекендері қарайды. Бүгіндері 5091 адам түтін түтетіп отырған бұл ауылдарда ауыл шаруашылығы – негізгі табыс көзі.

Елбасы Жолдауында елдің агроөнеркәсіптік кешенінің болашағына ерекше тоқталды. Маңызды құжатта “Көптеген позициялар бойынша біз әлемде ірі аграрлық экспорттық өнім өндірушілердің біріне айнала аламыз. Астық өнімдері бойынша біз Еуразияда “нан кәрзеңкесі” болуымыз керек”, – деген еді. Жалпы, өңірдің әлеуеті, ең алдымен, ауыл шаруашылығы саласының дамуына байланысты екені сөзсіз. Қазіргі кезеңде округімізде Елбасы тапсырмасына сәйкес жұмыстар жүргізілуде. Иелігіміздегі жердің 43236 гектарында дәнді дақылдар өсіріледі. Бұл егістік алқаптарға “Тұқым” жауапкершілігі шектеулі серіктестігі, “Еңбек-Целина”, “Пимонов”, “Афганец”, “Кодаев”, “Шопанов” шаруа және фермерлік қожалықтары алтын дәндерін сіңіріп, жердің ырысына кенелуде. Алдыңғы қатарлы техникалармен жабдықталған шаруа қожалықтары былтыр әр гектардан 14,9 центнерден өнім алды. Бүгінде округ аумағындағы агроқұрылымдар өздерінен артылған астықты сату арқылы тұрақты тұтынушыларын тапты.

Мал шаруашылығы саласын дамыту бойынша да игілікті жұмыстар атқарылуда. Үстіміздегі жылдың 1 қаңтарындағы дерек бойынша округтің шаруа қожалықтарында 627 ірі қара, 527 ұсақ мал, 352 жылқы және 166 шошқа өсірілуде. Ал тұрғындардың жеке шаруашылығында 1327 қара мал, 1416 шошқа, 2209 қой және ешкі, 22214 құс, 552 жылқы бар. Өткен жылы “Сыбаға” бағдарламасы аясында “Корель” ШҚ-ы 27 млн. теңгеге 169 қара мал, ал “Николаев” ШҚ-ы 2,4 млн. теңгеге 15 бас сиыр сатып алды.

Округ тұрғындары жер жыртып, мал өсіруден басқа шағын кәсіпкерлікпен айналысуға да бет бұрған. Бүгінде округтегі алты ауылда сауда, қоғамдық тамақтану орындары , шаштараз, қонақүй, дәріхана, жанармай бекеттері сияқты тұрғындарға қызмет көрсету салалары, көлік қызметтері, жиһаз, ағаш тілу шеберханалары, құрылыс материалдарын жасау, тұрмыстық техниканы жөндеу қызметтері, фотосалон, монша қызметтері жұмыс істеуде. Олар ауылдық округтің тұрғындарын алғашқы қажетті тауарлармен қамтамасыз етіп отыр.

Үстіміздегі жылдың басынан бастап “Викос” сүт өндіру кәсіпорны және “Гузева” ЖК еттен жартылай дайын өнімдер әзірлейтін цех ашылды. “Нильга”, “Тлегенова” және “Танатаров” жеке кәсіпкерліктері “Бизнестің жол картасы – 2020” бағдарламасы шеңберінде өндіріс аясын кеңейтуге 9 млн. 500 мың теңгенің несиесін алды.

Рузаев ауылдық округінің аумағында орналасқан “Қазақтелеком” АҚ-ы телебайланысының аймақтық торабында байланысты жақсарту мақсатында интернеттің түрлі пакеттерін, сонымен қатар қазақстандық арналардың толық пакеті бар ID TV сандық телевидение қызметтерін қосу жұмыстарын жүзеге асыруда. Ал “Рузаев электр желілері” жергілікті электр желілеріне ағымдағы және жоспарлы жөндеу жұмыстарын жүргізді.

Жылдың басты құжатындағы Елбасының тапсырмасына сәйкес елімізде жұмыссыздарды еңбекке тарту бойынша әртүрлі бағдарламалар жүзеге асырылуда. Біздің округте де бұл бағытта жұмыстар қолға алынып, мемлекеттік атаулы қолдау мұқтаж азаматтарға көрсетілуде. Мәселен, өткен жылы округте 202 жұмыс орны құрылып, 100 адам жұмысқа орналастырылды. Оның ішінде ауыл шаруашылығында 25 адам, басқа салаларда 75 адам еңбекпен қамтылды.

Округтің Рузаевка, Сарыадыр, Березовка ауылдарында жалғыз тұратын бес зейнеткерге үйде қызмет көрсетіледі. Әлеуметтік жұмысшылар 83 жалғызбасты зейнеткерлерге қамқорлық жасап, 18 жасқа дейінгі 10 баланы тәрбиелеп отырған көмекке мұқтаж отбасыларға 118 110 теңгенің көмегі көрсетілді. Сондайақ, бір отбасы “Өрлеу” жобасы аясында 51 078 теңге көлемінде қаржылай көмекке ие болды.

Елбасымыздың білім саласын ерекше назарда ұстап, өзінің тікелей қамқорлығына алуы, оны мемлекеттік даму саясатының өзегі деп қарайтыны бәрімізге белгілі. Мемлекетіміздің болашағын болжамдап, өркениетті даму жолындағы жаңа бағыттарын айқындаудың бірден-бір өзегі, темірқазығы – білім беру жүйесін дамыту арқылы “Мәңгілік Елдің” білімді, бәсекеге қабілетті ұл-қызын тәрбиелеп өсіру арқылы саналы ұлт қалыптастырамыз. Округте үш орта және екі негізгі – жалпы білім беретін бес мектеп және Рузаев аграрлық-техникалық колледжі бар. Онда бір мыңға жуық бала білім алуда. Балаларды мектепке дейінгі оқумен және тәрбиемен қамтамасыз етуге бағытталған мемлекеттік “Балапан” бағдарламасы аясында ауыл мектептерінде кішкентай балаларға арналған шағын орталықтар, Калиновка орта мектебінде жақын маңдағы ауылдардың балаларына арналған мектеп жанындағы интернат жұмыс істейді. Округте 75 балаға арналған “Ақ ниет” сәбилер балабақшасы қызмет етеді. Жаңа оқу жылында білім беру саласында үлкен табыстар мен жетістіктерге қол жеткіземіз деп үміттенемін.

Бір ауысымда 60 сырқатты қабылдайтын және 10 орындық күндізгі стационары бар Рузаевка дәрігерлік амбулаториясы, 15 орындық Рузаевка бөлімшесі және 10 орындық күндізгі стационар және Березовка, Чернобаевка, Сарыадыр, Золотоноша ауылдарында орналасқан 4 медициналық қосын округтің емдеу желісіне кіреді. Барлық медициналық қосындар білікті мамандармен, “Жедел жәрдем” көлігімен қамтылған. Дәрігерлік амбулатория УДЗ, ФГДС, ЭКГ, R-аппараттарымен, флюороқондырғымен, көз қысымын өлшейтін индикатормен, скринингтік кәсіби тексеріс кезіндегі зертханалық зерттеулер аппаратымен жабдықталған.

Ауылдық округ тұрғындары 5 спорт залында, спорт және футбол алаңдарында, хоккей қорапшаларында, жасанды жамылғысы бар футбол алаңында жаттығып, саламатты өмір салтын насихаттауда. Тұрғындардың барлық топтарын бұқаралық спортпен айналысуға тарту үшін биыл 15,1 млн. теңгеге Рузаев аграрлық-техникалық колледжі және Калиновка орта мектебінің футбол алаңдарын қайта қалпына келтіруді жоспарлап отырмыз. Калиновка орта мектебіндегі хоккей қорапшасына жөндеу жұмыстарын жүргізуіміз қажет. Бюджеттен бөлінген 1 млн. 976 мың теңге бұл мәселені шешуге бағытталып отыр. Сондай-ақ, биылғы жылы Рузаевка ауылындағы балалардың ойын алаңдары жаңартылады.

Рузаев ауылдық округінде елді мекендерді абаттандыру мәселесіне ерекше көңіл бөлінеді. “Өңірлерді дамыту” бағдарламасы бойынша бөлінген 1,5 млн. теңге қаражат орталық саябақты абаттандыруға жұмсалды. Нәтижесінде, бедерлі тас төселіп, шамдар жаңартылды, жаңа орындықтар мен қоқыс жәшіктері орнатылды. Көп жылдар бойы жөндеу жұмыстары жүргізілмеген Рузаевка ауылының Каримов, Рузаев, Энгельс, Трудовая көшелеріне ағымдағы жөндеу жұмыстары атқарылып, Рузаев және Калиновка орта мектептерінің ауласына асфальт төселді. Иә, бұл осы күнге дейін атқарылған көп жұмыстардың бір бөлігі ғана. Ал жыл соңына дейін орталық алаңдағы және оқу мекемелеріндегі саябақтарға жөндеу жұмыстарын, округ орталығы Рузаевкадағы көшелерді жарықтандыру, Сивковка ауылының сыртындағы мұсылман зиратының жолына жөндеу жүргізу жоспарланып отыр.

Бүгіндері Қазақстан халқы жаңа белеске көтерілу жолында тың серпіліс жасап отыр. Ендігі кезекте еліміздің экономикалық қуатын одан әрі арттырып, халықтың әл-ауқаты жақсара түсуі үшін баршамыз бір адамдай жұмыла еңбек етуіміз қажет.

Игорь КОБЯЛКО,

Рузаев ауылдық округiнiң әкiмi.

Ғабит Мүсірепов

атындағы аудан.

Пікір білдіру


Защитный код
Жаңалау