Солтүстік Қазақстан газеті

АЛҚАП ИГЕРІЛСЕ — ЫРЫС

Печать PDF

argaiv1962

Өңір басшысы Құмар Ақсақалов кеше жұмыс сапарымен облыс орталығына жақын орналасқан Қызылжар ауданының Соколовка ауылында болды.

Облыс әкімінің сапары елді мекендегі орта мектептің жағдайымен танысудан басталды. Білім ордасында 265 оқушы тәлім алады. Мектептің материалдық-техникалық базасы едәуір жаңарған, түрлі үйірмелер жұмыс істейді. Балалар да спорттық жарыстарға қатысып, жүлде алып жүр. Өңір басшысы мектептің ауласының абаттандырылуына көңілі толмайтынын жеткізді.

– Біз алдын ала дайындалмаған мекемелерді аралап жүрміз. Басқа да мектептерге барып, жаңа оқу жылына дайындықтың қалай жүріп жатқанын тексереміз. Ауланы абаттандыру жұмыстарын қолға алу қажет. Оқушылардың өздері-ақ гүлдер отырғызып, мектептің жан-жағын әдемілеп қоя алады ғой, – деді Құмар Іргебайұлы.

Құмар Ақсақалов мектеп ішіндегі 75 орынға шақталған шағын орталықты да аралады. Мұнда жөндеу жұмыстары жүріп жатыр. Оған қажетті қаражат аудандық бюджеттен және жергілікті кәсіпкерлер тарапынан бөлінген. Білім ошағының мақтанышы – мұражайы. Ол биыл облыстағы білім ордаларындағы мұражайлар арасында ең үздігі атанған.

Облыс әкімі ауданға сапары барысында егістік алқаптарын да аралады. “Агрофирма Виноградовка” ЖШС-іне ат басын тіреген Құмар Ақсақалов игерілмей жатқан жерді көріп, серіктестік басшысы Адам Багеевке мемлекеттен жалға алған алқаптарда жұмыс жүргізу қажеттігін ескертті. Егін егілмесе, жергілікті тұрғындар да жұмыссыз қалатыны белгілі.

Бұл күні Құмар Іргебайұлы Қызылжар ауданының орталығы Бескөл ауылында аудан активімен кездесті. Аудан әкімі Болат Жұмабеков 2017 жылдың жарты жылында атқарылған жұмыс жайында есеп берді. Аудан бойынша негізгі капиталға құйылған инвестиция көлемі жарты жылда 5 млрд. 245 млн. теңгені құраған.

– Жыл басынан бері аудандық бюджетке 349 млн. теңге түседі деп жоспарланған болатын. Алайда, жоспар 104 пайызға орындалып, 426 млн. теңге қаражат түсті. Тұрғын үй құрылысы да қарқынды жүргізіліп келеді. Бірінші шілдеге дейін 48 мың шаршы метр баспана тапсырылды. Тағы бір 18 пәтерлік көпқабатты тұрғын үй салу жоспарда бар. Оның жобалық-сметалық құжаты дайын, – деді аудан әкімі.

Облыс әкімі ауданның әлеуметтік-экономикалық дамуын одан әрі жеделдету үшін алға қойған жоспарларды орындауда талмай еңбектену қажеттігін ескертті.

Фариза ЖАЗИТОВА,

журналист.

Суретті түсірген Виталий ВЛАСЕНКО.


Пікір білдіру


Защитный код
Жаңалау