Солтүстік Қазақстан газеті

ДАЛА ӨРКЕНИЕТІ

Печать PDF

Елбасы Нұрсұлтан Назарбаев “Болашаққа бағдар: рухани жаңғыру” мақаласында: “Патриотизм кіндік қаның тамған жеріңе, өскен ауылыңа, қалаң мен өңіріңе, яғни туған жеріңе деген сүйіспеншіліктен басталады”, – деп атап көрсеткеніндей, әр педагог оқушылардың бойында өз пәніне құштарлығын оятып, оны зерттеп білуге деген қызығушылығын арттыруға тырысады. Тарих пәнінің мұғалімі ретінде, маған оқушыларды біздің облысымызда орналасқан Ботай қонысымен таныстырудың ерекше мүмкіндігі туды. “Сабақты ине – сәтімен” дегендей, осы мүмкіндікті қалт жібермеуге тырыстық.

argaiv1797

 

“Туған жер” бағдарламасы аясында Кішкенекөл №2 орта мектебінің оқушылары облыс аумағында орналасқан Ботай қонысындағы археологиялық экспедицияға қатысты. Экспедицияға шығуға қызығушылық білдірген оқушыларыммен бірге құбылмалы ауа райына да қарамай, он күн ашық аспан астында зерттеу жұмыстарын жүргіздік. Оқушылардың туған жерге, өлке тарихына қызығушылығына ештеңе кедергі келтіре алмады. Қатысушылар археологиялық қазба жұмыстарына қатыса отырып, ежелгі Ботай мәдениетіне зерттеу жүргізуді мақсат етті.

Ботай қонысы – ежелгі адамдардың жылқыны қолға алғаш үйреткен мекені ретінде белгілі. Бұл біздің заманымызға дейінгі ІІІ-ІV ғасырларға жатады. Экспедицияны ұйымдастырушы В.Зайберт пен қазба жұмыстарына тікелей басшылық жасаған А.Мағзұмов балаларға өз тәжірибелері туралы баяндап, қосымша ақпараттар беріп отырды. Қазақстан тарихы бойынша білімдерімен бөлісті.

Оқушылар топтастырылып, оларға қазба жұмыстарын жүргізетін жер телімдері бөлініп берілді. Алдымен олар қазба жүргізуге арналған құрал-саймандармен, жұмыс істеу барысымен танысты. Қазба барысында көптеген көне заттар: жебе, найза ұштары, қырғыштар, дискілер, керамика бөлшектері, сонымен қатар ботай жылқыларының сүйектері көптеп табылды.

Экспедиция кезінде оқушылар өркениеттен алшақ ен далада өмір сүру тәжірибесінен өтті. Олар ежелгі технологияларды пайдаланып, керамикалық заттарды жасауды және табылған бұйымдардың бөліктерін қиыстырып, қайта жинауды үйренді. Осының барлығы оқушылардың археология ғылымына деген ынтасын арттыра түседі деуге болады.

Туған өлкенің тамылжыған табиғатынан ләззат алған балалар бос уақыттарында гитарамен ән салып, суға түсіп, балық аулаумен айналысты. Алайда, олардың әрқайсысы өздеріне жүктелген міндеттерінен бөлек, лагерьдегі тазалық пен тәртіпті сақтауға, асxанадағы кезекшілікті де атқаруға белсене қатысты. Кешкі уақытта барлығы от басына жиналып, оқыған кітаптары, көрген көркем фильмдері туралы ойларымен бөлісіп, ойындар ойнады. Бұл басқосулар балалардың арасын жақындастыра түсті.

Ата-баба рухымен тілдескендей болған он күн тез өте шықты. Төзімділіктері сыналған қиын кезеңнен сүрінбей өткен оқушыларға экспедицияның соңғы күнінде “жас археолог” атағы берілді. Өздерін шын мәнінде зерттеушідей сезінген балалар әлі де ашылмаған тариxи сырлары мен жұмбақтарын ішіне бүккен Ботай қонысымен қимай қоштасты.

Руслан ХАЙЫРГЕЛДИНОВ,

Кішкенекөл №2 орта мектебінің

тарих пәні мұғалімі.

 


Пікір білдіру


Защитный код
Жаңалау