Солтүстік Қазақстан газеті

ТАТУЛЫҚТЫҢ ТАЛ БЕСІГІ

Печать PDF

argaiv1208

Талайдың тағдырын бір арнаға тоғыстырып, татулықтың тал бесігі бола білген осынау қасиет­ті елімізде жүзден астам этнос өкілдері бір мақсат-мүдде аясында тіршілік етіп келеді. Оларды қанатының астына алып, қамқорлық танытып отырған Қазақстандай ел әлемде жоқ екендігін де жиі естиміз. Бүгінде өңірімізде қазақ елімен тағдырын байланыстырғандардың 25 облыстық, 154 аудандық этномәдени бірлестігі жұмыс істейді. Соның ішінде Ғабит Мүсірепов атындағы ауданның этномәдени бірлестіктері жергілікті жерде бірлік пен татулықты, бейбітшілікті нығайту жолында белсенді жұмыс атқаруда.

Ауданда 45 этнос өкілінің басын қосқан 27 этномәдени бірлестік жұмыс істейді. Түрлі шараларға белсенді қатысып жүретін олар өткен жылы 93 “дөңгелек үстел”, Тәуелсіздіктің 25 жылдығына арналған “25 қайырымды іс” акциясын, 3 флешмоб, Наурыз мейрамы мен Қазақстан халқының бірлігі күніне арналған 34 мерекелік шара және саяси қуғын-сүргін құрбандарын еске алу кешін және бірқатар спорттық жарыстар ұйымдастырды.

Этностардың тілдері мен ұлттық мәдениеттерін, салт-дәстүрлерін қайта жаң­ғырту және насихаттау, қазақ­стандық патриотизмді қалып­тастыру бағытында белсенді жұмыс атқарып отырған бірлестіктердің бірі – “Трембита”. Бұл этномәдени бірлестіктің құрамында ауданның мәдени-бұқаралық шараларының көркі болған “Мрия” квартеті мен “Новоишимские зори” хоры өнер көрсетеді.

Аудандағы әр этномәдени бірлестіктің көздеген мақсаты, жұмыс істейтін бағыты және алдына қойған міндеттері бар. Мысалы, “Алтын бесік” этномәдени бірлестігінің көздегені – өскелең ұрпақтың бойында қазақстандық патриотизмді қалыптастыра отырып, өз халқы мен елінің тарихына құрметпен қарауға тәрбиелеу. 2016 жылы бірлестік өкілдері облыстық “Нео-фольклор” қазақтың ұлттық киімдері байқауына қатысып, жүлделі үшінші орынды иеленген. Сондай-ақ, Тәуелсіздігіміздің 25 жылдығы мен Солтүстік Қазақстан облысының 80 жылдығына орай ұйымдастырылған халықаралық “Песня без границ” фестиваліне қатысқан.

Бірлестік мүшелерінің облыстық, республикалық фестивальдар мен түрлі байқауларға қатысып, жүлделі орындар иеленіп жүргені – Ғабит Мүсірепов атындағы ауданмен қоса облысымыз үшін де үлкен абырой. Ал “Мирас” этномәдени бірлестігінің құрамында әзірбайжан, татар, өзбек, армян, беларусь бастаған 10 этнос өкілдерінен құралған 711 адам бар. Бірлестік этносаралық қарым-қатынасты нығайту бағытында жұмыс істеп, қоғамда түсіністік пен сенімнің орнауына септігін тигізіп келеді. Осылайша, олар 2016 жылы облыстық “Достығымыз жарасқан” фестивалі аясында ұлттық мәдениет байқауына қатысып, Гран-при ұтып алған болатын.

Қоғамда тұрақтылықты сақтау, этносаралық қатынастар саласындағы мемлекеттік саясатты одан әрі дамыту бағытында этнос өкілдерінің алатын орны ерекше. Ал олардың бірқатарының басын біріктіріп отырған “Болашақ” этномәдени бірлестігі аудандық балалар кітапханасының негізінде құрылған. Қазақстан халқы Ассамблеясының 25 жылдығын тойлау қарсаңында Ресейдегі Зауралье диаспорасы мен ауданның этномәдени бірлестіктерінің қатысуымен телекөпір ұйымдастырылған. Бұл аудан тарихында көршілес екі мемлекет арасындағы алғашқы телекөпір болды.

Алдарына қойылған мақсат-міндеттеріне үлкен жауапкершілікпен қарап, жұмыстарын тиянақты атқаратын белсенді этномәдени бірлестіктердің бірі – “Ынтымақ”. Бірлестік мүшелері ауданда өтетін барлық іс-шараларға қатысып келеді. Үстіміздегі жылы олар облыстық театрландырылған қойылымдар байқауында бірінші орынды иеленсе, “Жыл бойы мереке” атты облыстық байқауда екінші орынды жеңіп алды. Бірлестік басшысы Людмила Емельянова Қазақстан халқы облыстық ассамблеясының 21-ші сессиясына қатысып, облыс әкімінің Алғыс хатымен марапатталды. Он екі этнос өкілінің басын қосып отырған бірлестік жетекшісі уақыттарын әрқашан қызықты әрі пайдалы өткізетіндерін айтты.

– Түрлі шараларға қатысу үшін өзімізге арнайы киімдер тігеміз. Ол үшін этностардың тарихын, салт-дәстүрін, ұлттық киім үлгілерін жақсы білуге тиіспіз. Бір-біріміздің әндерімізді шырқап, уақытты өте қызықты өткіземіз. Бірлестік мүшелері еш уақытта этносына, жас мөлшеріне қарай бөлінген емес. Ынтымағымыз жарасқан бірлестік мүшелері өзге этностардың құндылықтарын, әдет-ғұрыптарын сыйлау керектігін жақсы біледі. Арамыздағы ең жасы 6 жасар бүлдіршін болса, құрметті ардагеріміздің жасы – 76-да. Зейнет жасындағы көптеген ардагерлеріміз ешбір шарадан тыс қалмай, үнемі қатысуға тырысады. Олардың бұл істері құрметтеуге тұрарлық деп ойлаймын, – дейді Людмила Викторовна.

Ғабит Мүсірепов атындағы ауданның этномәдени бірлестіктері белсенді жұмысымен көзге түсіп, көптің көңілінен шығып жүр. Үстіміздегі жылдың басынан бері мерекелер мен айтулы күндерге орай өткізілген іс-шаралардың басы-қасында болған олар Алғыс айту күнін ерекше атап өтті. Бұл сөзімізге аудан мектептерінде жастардың этномәдени бірлестік өкілдерімен, соғыс және еңбек ардагерлері және шығармашылық қауым өкілдерінің қатысуымен ұйымдастырылған кездесу, Рузаевка ауылында “Ынтымақ” бірлестігі өткізген флешмоб, Новоишимка ауылының тарихи-өлкетану мұражайында болған алғыс айту марафоны мысал бола алады. Сондай-ақ, этномәдени бірлестік өкілдері шұғылалы көктемнің ерекше мерекесі Халықаралық әйелдер күні мейрамына орай мерекелік концерттік бағдарлама ұйымдастырса, ежелгі заманнан қалыптасқан жыл бастау мейрамы – Наурыз мерекесіне орай орталық алаңда ауыл тұрғындары үшін қайырымдылық дастарқанын жайды. Мұның барлығы жылдар бойы қалыптасқан өзара сыйластықтың арқасы емес пе?! Ынтымақтың ошағы жағылып, тұрақтылықтың туы тігілген еліміз күллі қазақстандықтарды бір мақсатқа жұмылдырып, мемлекетімізді заман дауылы шайқалта алмайтын, саяси жағынан сауатты, әлеуметтік жағынан тұрақты, экономикалық жағынан қуатты, өрке­ниетті, дәулетті ету – ортақ міндетіміз.

Орынбасар ТӨЛЕПБЕРГЕНҚЫЗЫ,

“Солтүстік Қазақстан”.

Пікір білдіру


Защитный код
Жаңалау