Солтүстік Қазақстан газеті

ЖАС ТУРИСТЕР СЛЕТІ

Печать PDF

Айыртау ауданында жас туристердің слеті өтті. Биыл бұл шараға солтүстікқазақстандық он команда қатысты. Көкшетау қаласынан да бір топ жас туристер келді. Қуантарлығы сол, табиғат аясында өткен сайысқа қатысушылар саны арта түсуде.

argaiv1208

 

– Бұл – біздің өңірдегі жылына бір рет қана өтетін туристік шара. Оған қатысқан балалар арқан тартылған көпір арқылы өту, тауға өрмелеу, от жағу сынды сайыстарда бақ сынайды. Осындай маңызды сайыстарға қатысу арқылы жас жеткіншектер шыңдалып, Отанды, туған жерді құрметтеуге үйренеді, – дейді өңірлік дене тәрбиесі, спорт және алғашқы әскери дайындық оқу-әдістемелік орталығының директоры Қанат Сәдуақас.

Сайыс шарттарына балалардың жатын орындарының талапқа сай болуы да кіреді. Олардың шатырларының дұрыс құрылуы мен өз аумақтарының тазалығы да назарға алынады.

Жарысқа қатысушы он команданың ішіндегі ең тәжірибелілерінің бірі – петропавлдық “Планета” туристік орталығының өкілдері болды. Олар былтырғы жылдың жеңімпаздары және республикалық жас туристер слетінің қатысушылары. Тәжірибелері мол болғандықтан балалар өздеріне жүктелген тапсырмаларды жылдам әрі сапалы орындап, ұпай жинау үшін бар білгендерін салды.

Айта кету керек, арқан тартылған көпір арқылы өтуде қатысушылар жылдамдыққа айтарлықтай көңіл бөле қоймайды. Себебі, мұнда негізгісі – қателікке бой алдырмау. Туристер табиғат аясында ағыны қатты өзендерден осылай өтеді. Сондықтан басымдықты қауіпсіздікке бөлген дұрыс.

Жас туристер тауға өрмелеп, қайта түсуден де жарысқа түсті. Бір қарағанда, көзге оңай көрінгенімен, бұл да – қиын сынақ.

– Мен үшін бұл ең қиын тапсырмалардың бірі болды. Жаңбырдан кейін бұл жол өте тайғанақ. Сондықтан жоғарыдан түскен кезде кедергілер туындады. Бірақ бұл іс те біздің қолымыздан келді, – дейді Ғабит Мүсірепов атындағы ауданның намысын қорғаған қатысушы Аяна Мұқышева.

Қызығы мен қиындығы көп жас туристер слетінің қатысушылары екі күн бойы ептілік пен қайсарлықты талап ететін бірнеше сайысқа қатысты. Ал топ жарып жеңімпаз атанған команда республикалық кезеңге жолдама алды.

Алма ҚУАНДЫҚҚЫЗЫ,

“Солтүстік Қазақстан”.


 

Пікір білдіру


Защитный код
Жаңалау