Солтүстік Қазақстан газеті

Ассамблея мүшелері Айыртауға жиналды

Печать PDF

Шілдеде табиғат құлпырып тұр. Көк зеңгір аспан, түкті кілемдей жайнаған сайын дала көздің жауын алады. Ал Айыртау ауданының реңі тіпті өзгеше. Жақында өңірлердегі облыстық ассамблеялардың, “Қоғамдық келісім” мекемелерінің өкілдері осы қасиетті мекенде тоғысты. Ұйымдастырушы – “Қоғамдық келісім” коммуналдық мемлекеттік мекемесі “Бірлігіміз жарасқан” деп атаған шараның барысында қатысушылар Елбасының “Болашаққа бағдар: рухани жаңғыру” мақаласынан туындайтын міндеттер төңірегінде пікір алмасты. 100-ден астам адамның басын қосқан форум үш күнге созылды. Осы уақыт аралығында әр өңірден келген қонақтар Айыртау жеріндегі тарихи, мәдени және туристік орындарды тамашалап қана қоймай, түйінді мәселелерді де талқылады. Қазақстан Республикасы Президенті жанындағы “Қоғамдық келісім” республикалық мемлекеттік мекемесі ғылыми-сараптамалық сүйемелдеу және әдістемелік қамтамасыз ету қызметінің басшысы Жанна Шаймұханбетова іс-шараның осындай бейресми жағдайда өтуі өнімді жұмыс істеуге және көңіл-күйге оң әсер ететінін айтып өтті. Шынында да, таза ауадағы әр шара қызықты өтті.

argaiv1087

Ұрпақ тәрбиесіне зор көңіл бөліп, осы бағытта түрлі шараларды қарқынды өткізіп жүрген Қазақстан халқы облыстық ассамблеясы жанындағы Аналар кеңесінің жинақтаған тәжірибесі талқыланып, өңіріміздегі діни ахуал және басқа да келелі мәселе әңгіме өзегіне айналды.

Қазақстан халқы облыстық ассамблеясының құрылымдарымен жұмыс істеу және қоғамдық-бұқаралық шаралар ұйымдастыру бөлімінің басшысы Күнсұлу Илькенова меценаттықты насихаттау және оның негізгі әдістері туралы баяндады. Оның айтуынша, әлеуметтік желілер – қоғаммен жұмыс істеп, адамдарды игі іске тартудың ең тиімді құралы. Әлеуметтік желіде парақша ашу, посттарды сауатты жазу, ақпаратты ашық жариялау – қоғамға әсер етудің бірден-бір жолы. Айтылған сөз дәйекті болуы үшін былтыр және биыл өткізілген іс-шаралардың қорытындысымен де таныстырды.

Бағдарламалық мақала мен “100 жаңа есім” жобасын жүзеге асыру аясында “Моя судьба в судьбе моей страны” кітабы жарық көрген еді. Туындының авторы – Светлана Воробьева. Авторға кітапты жазуға және оны таратуға “Коперник” поляк этномәдени бірлестігі төрағасының орынбасары Валентина Корнева көмектескен. Олар сырттан келген қонақтарға кітап кейіпкерлері жайлы әңгімелеп берді.

Шараның танымдық, тағылымдық бөлігі аяқталған кезде “Қазақстанның аспанын бояйық” деген атаумен бояулар фестивалі өткізілді. Қазақстан халқы достығының белгісіндей болған 100-ден астам түрлі түсті шырақтар көкке ұшырылды.

Форум соңында қатысушыларға сертификаттар тапсырылды. Осы үш күн ішінде біраз нәрсені үйреніп, өз әлеуетін көрсете білген қонақтар көтеріңкі көңіл-күймен тарқасты. Өзге өңірлердегі әріптестеріміз де осындай шараны өткізуді игі дәстүрге айналдырады деген үмітіміз зор.

Сағыныш БЕКТЕМІРОВА,

Қазақстан халқы облыстық ассамблеясы жастар қанатының жетекшісі.

Пікір білдіру


Защитный код
Жаңалау