Солтүстік Қазақстан газеті

ҮНЕМДЕУ — УАҚЫТ ТАЛАБЫ

Печать PDF

Электр қуатын үнемдеу және энергия тиімділігін арттыру – мемлекеттік үдемелі индустриялық-инновациялық даму бағдарламасының негізгі бағыттарының бірі болып табылады. Бұл мәселе төңірегінде Үкіметтік деңгейде талай талқылаулар өткізіліп, нақты ұсыныстар жасалуда. Электр қуатын үнемдеу – XXI ғасырдың ең маңызды міндеттерінің бірі. Еліміздің экономикалық қатынастарда дамыған елдердің қатарындағы орны және азаматтардың тұрмыс деңгейі осы мәселені шешудің нәтижесіне байланысты болмақ.

argaiv1582

“Солтүстік Қазақстан электр желілерін бөлу компаниясы” акционерлік қоғамының 2016-2020 жылдарға арналған негізгі қорларды қайта құру және жаңғырту” инвестициялық бағдарламасын жүзеге асыру былтыр сомасы 1042,635 млн. теңге болатын электр қуатын үнемдеу бағытында жұмыстар атқаруға мүмкіндік берді. “Петропавл жылу желілері” жауапкершілігі шектеулі серіктестігі өзінің 2020 жылға дейінгі инвестициялық бағдарламасын жүзеге асыру үшін сомасы 1339,9 млн. теңге Еуропалық қайта құру және даму банкінен заем, “Нұрлы жер” инфрақұрылымдық даму бағдарламасы бойынша Ұлттық экономика министрлігінен бюджеттік демеуқаржы алды. Осы инвестициялық бағдарламаны жүзеге асыру нәтижесінде кәсіпорын былтыр 2015 жылмен салыстырғанда негізгі қорлардың ескіруін 71,81 пайыздан 66,92 пайызға, ал апаттық жағдайды 272-ден 88-ге дейін қысқартуға қол жеткізді.

“Қызылжар су” жауапкершілігі шектеулі серіктестігі су құбыры-кәріздік жүйелерді қайта құру мен техникалық жарақтандырудың инвестициялық бағдарламасын жүзеге асыру барысында былтыр энергия үнемдейтін технологияларды енгізуге, сорғы станцияларындағы коммутациялық қондырғыларды жаңғыртуға 259,73 млн. теңге қаржы жұмсады. “СевКазЭнерго” акционерлік қоғамы өзінің энергетикалық қондырғыларын жаңғырту және техникалық қайта құру үшін инвестициялық бағдарламаны жүзеге асыруда. Былтыр бұл кәсіпорын Петропавл №2 жылу-электр орталығына жылу қуатын беру желісін жаңғыртты, станцияда электр қуатын үнемдеу іс-шараларын жүргізді, оған 468,77 млн. теңге бөлінді. Сонымен қатар басқа да мақсатты жұмыстарды жүргізу өз нәтижесін беріп отыр, былтыр 2015 жылмен салыстырғанда негізгі қондырғылардың ескіруі төмендеді, көрсетілетін қызметтердің сапасы артты, жылыту маусымы барысында бекітілген температуралық режім қатаң сақталды. Шаруашылық және өндірістік қажеттіліктерге жылу қуатының шығыны 2015 жылға қарағанда былтыр 18,5 пайызға азайды.

Энергияны үнемдеу мен оның тиімділігін арттыру саласындағы мемлекеттік реттеудің негізгі бағыттарының бірі – жылу қуатын есептейтін жалпыүйлік құралдар орнату болып табылады. Мемлекет басшысының тапсырмасына сәйкес еліміздің Үкіметі “Тұрғын үй-коммуналдық шаруашылығын дамыту қоры” акционерлік қоғамы арқылы қайтарымды негізде мемлекеттік бюджет қаржысы есебінен жылу қуатын есептеудің жалпыүйлік аспаптарын орнатуды қаржыландыру механизмін бекітті. Бүгіндері Петропавл қаласындағы бір мыңнан астам көпқабатты тұрғын үйлердің 49,33 пайызында жылу есептегіш аспаптары орнатылған. Бұл бағыттағы жұмыстар алдағы уақытта да жоспарлы жүргізілуі тиіс.

Жалпыүйлік жылуды есептеу аспабын орнатудың бірнеше тиімді жақтары бар. Есептеу аспабы үйдегі пайдаланған жылу қуатының мөлшерін нақты анықтайды. Бұл жылу мен ыстық суға кететін шығынды азайтуға мүмкіндік береді. Сонымен қатар көпқабатты үйдегі жылу желісін ретке келтіруге, әртүрлі энергия үнемдейтін шаралар жүргізуге болады. Қазақстан Республикасының “Энергия үнемдеу және энергия тиімділігін арттыру туралы” Заңына сәйкес 2017 жылдың 1 қаңтарынан бастап тұтынушылар жылу қуатын есептейтін аспаптың орнатылғанына немесе болмағанына байланысты дифференциалды тариф бойынша ақша төлеуде.

Қазіргі кезде электр үнемдегіш технологияларды қолдану жолымен электр қуатын ұтымды пайдалану күн тәртібінен түспейтін мәселе болып отыр. Соңғы кездері электр қуатын үнемдеу қажет, өйткені, оған желілердің ескіруінен болған әртүрлі жоғалулармен қатар, электр ресурстарына бағаның өсуі келіп қосылды. Сонда электр шығындарын қалай қысқартуға болады? Оның жауабы бұрыннан дайын – немесе оны ұтымды және үнемді пайдалану керек, не болмаса арзанға сатып алу керек. Бірақ арзан сатып алудың сәті түспейді, өйткені, электр ресурстарына баға барған сайын өсуде. Яғни, көздеген мақсатқа электр қуатын үнемдегіш құралдарды енгізудің есебінен ғана қол жеткізу мүмкін болады.

Бүкіл ел деңгейінде электр үнемдеу жұмыстарын ұйымдастыру – аса күрделі мәселе. Қазақстанда Үкіметтің қатаң қадағалауынсыз мұндай маңызды жобаларды жүзеге асыру тәжірибесі жоқ. Ал энергия үнемдеу кең таралған ұраннан керекті қажеттілікке айналғалы қашан. Энергия үнемдеу бағдарламасының мәртебесі коммуналдық инфрақұрылымды дамыту бағдарламасынан да жоғары тұруы тиіс, өйткені, коммуналдық жүйелерді дамыту жаңа қуаттарды қалыптастыру, энергия үнемдеу жолдарымен бір мезгілде жүзеге асырылады. Электр ресурстарын пайдалануды төмендету және электрмен қамтамасыз ету жүйесінің қуатын арттыру – бұл өзара байланысты процестер және энергетикалық жоспарлауда бірге қарастырылуы керек.

Наталья ШАЯХМЕТОВА,

Ұлттық экономика министрлігі Табиғи монополияларды реттеу, бәсекелестікті және тұтынушылар құқығын қорғау жөніндегі комитеттің СҚО бойынша департаменті басшысының міндетін атқарушы.

Пікір білдіру


Защитный код
Жаңалау