Солтүстік Қазақстан газеті

ҚАРБАЛАС ШАҚ

Печать PDF
Жаз – облыс шаруалары үшін қауырт шақ. “Қыстың қамын жаз ойла” дегендей, бүгінде шөп дайындау науқанына жаппай кіріскен ауыл шаруашылығы құрылымдары ауа райының әр қолайлы сәтін тиімді пайдалануда.

Облыстың ауыл шаруашылығы басқармасы басшысының орынбасары Қуандық Шақұбаевтың айтуынша, Қызылжар өңірінде жауапты науқан қыза түскен. Облыста шөп дайындаудың екі айлығы жарияланып, 100-ден астам бригада мал азығын әзірлеу жұмыстарына жұмыла кірісті.

argaiv1934

– Үстіміздегі жылғы жоспар бойынша 570 мың гектардың шөбін шауып, 295,4 тонна жем-азық дайындау қажет. Ауыл шаруашылығы құрылымдары бүгіндері жоспардың 42,2 пайызын орындап үлгерді. Мемлекет тарапынан арзандатылған бағамен жанар-жағармай берілді. Тырмалауы, жинауы, тасымалдауы бар жауапты науқанда жанар-жағармай көптік етпейді. Осылайша, ауыл шаруашылығы құрылымдары мен жеке шаруашылықтарды шөппен қамтамасыз етуге барлық күш жұмылдырылып отыр, – дейді ауыл шаруашылығы басқармасы басшысының орынбасары Қуандық Нұрғазыұлы.

Бүгінде арнайы бригадалар ғана емес, ауыл тұрғындары да мал азығын дайындаудың қамымен жүр. Шаруалардың қырдағы қызу еңбегінің арқасында Тимирязев ауданы қысқа қажетті мал азығының – 57 пайызын, Айыртау ауданы – 56,6 пайызын, Ақжар ауданы 53,4 пайызын сақтау орындарына жеткізіп алды. Жоспарды 50,8 және 48,9 пайызға орындаған Қызылжар, Аққайың аудандарында да қарқын жоғары. Ал жауапты науқанды уақытынан кеш бастаған Тайынша және Мамлют аудандары жоспарды сәйкесінше 13,1 және 24,2 пайызға ғана орындады.

Қанат АТАМАНОВ,

“Солтүстік Қазақстан”.

Пікір білдіру


Защитный код
Жаңалау