Солтүстік Қазақстан газеті

АУЫЛ СПОРТШЫЛАРЫНЫҢ АЛАМАНЫ БАСТАЛДЫ

Печать PDF
Бұрнағы күні Мамлют ауданының орталығы Мамлютка қаласында дәстүрлі “Ақ бидай – 2017” жазғы ауыл спорты ойындарының жалауы көтерілді. Спорттық шараның ашылу салтанатына облыс әкімі Құмар Ақсақалов қатысты.

Үстіміздегі жылы дәстүрлі сайысты жоғары деңгейде өткізу мақсатында жергілікті бюджеттен 20 миллион теңге бөлінді. Бұл қаражатқа спорт жарыстары өтетін орталық стадионға жөндеу жұмыстары жүргізіліп, 700 орынға арналған көрермендер трибунасы орнатылған. Үш күнге созылатын ойындар барысында бір мыңнан астам қатысушы волейбол, футбол, баскетбол, үстел теннисі, еркін күрес, жеңіл атлетика, шахмат, дойбы, гір көтеру және жазғы президенттік көпсайыс сияқты дәстүрлі спорт түрлерімен қатар бокс, пневматикалық винтовкадан нысана көздеу бойынша күш сынасады.

argaiv1934

Стадионға жиналған спортшылар мен жанкүйерлерді өңір басшысы Құмар Ақсақалов құттықтады.

– Елбасымыз Нұрсұлтан Назарбаев “Қазақстанның Үшінші жаңғыруы: жаһандық бәсекеге қабілеттілік” атты Жолдауында болашағын айқындап, сын-қатерлерді күтіп отырмастан, оған табанды түрде қарсы тұра алатын халық қана жеңіске жетеді деген болатын. Біздің болашағымызда саламатты өмір салты мен бұқаралық спорт түрлерінің алатын орны ерекше. Үлкен спорттағы алғашқы қадамын ауылдық “Ақ бидай” жарысынан бастаған дарынды жерлестерiмiз бүгінде халықаралық және республикалық сайыстарда, Азия және әлем біріншіліктерінде табысты өнер көрсетiп, ел және өңір намысын абыроймен қорғауда. Жерлес спортшыларымыздың бұл жеңiстерi халықты дене шынықтырумен шұғылдануға ынталандырып, спорттың өркендеуіне жол ашады, – деген Құмар Іргебайұлы аудандарының намысын қорғай келген спортшыларға жеңіске деген ұмтылыстарында сәттілік тіледі.

Осымен жиырма бірінші мәрте ұйымдастырылып отырған дәстүрлі дода спортшылардың салтанатты шеруімен басталды. Бұдан кейін “Ақ бидай – 2017” жазғы ауыл спорты ойындарының басты нышаны саналатын алау стадионға жеткізілді. Бұл алауды алып жүру құрметі гір спортынан республикалық және әлем біріншіліктерінің жүлдегері, белгілі спортшы Александр Лузанға бұйырды. Ал сайыс алауын қазақ күресінен Еуропа чемпионы, Азия біріншілігінің жүлдегері, еліміздің бірнеше дүркін жеңімпазы Мақсат Нүсіпов жақты.

Бір атап өтерлігі, дәстүрлі жазғы аламан жылдағыдан ерекше өтіп, ауданның орталық стадионында ине шаншар жер болмады. Шара барысында көпшіліктің назарына ұсынылған облыс орталығының және жергілікті өнерпаздардың орындауындағы ән мен би, театрландырылған көріністер спорттық мерекенің шырайын аша түсті. Ал шара соңы жиналған қауымның көңiлiнен шыққан отшашумен аяқталды.

Бәсекелі доданың қорытындысы бойынша жүлдегерлер медальдармен және дипломдармен, кубоктармен марапатталып, “Ақ бидай – 2017” ойындарының жеңімпазына облыс әкімі Құмар Ақсақаловтың сыйлығы – “ГАЗель” автокөлігінің кілті табыс етілетін болады.

Қанат АТАМАНОВ,

“Солтүстік Қазақстан”.

Суреттерді түсірген

Виталий ВЛАСЕНКО.

Пікір білдіру


Защитный код
Жаңалау