Солтүстік Қазақстан газеті

МЕРЕЙТОЙ ИЕСІНЕ — ҚҰРМЕТ

Печать PDF

Кеше облыстық әкімдікте жерлесіміз, еңбек ардагері, әр жылдары өңірімізде лауазымды қызметтер атқарған облысымыздың құрметті азаматы Иван Чиркалинге 70 жасқа толуына байланысты құрмет көрсетілді.

argaiv1087

Облыс әкімі Құмар Ақсақалов есімі солтүстікқазақстандықтарға жақсы таныс азаматты туған күнімен құттықтап, оның облыс пен қаланың дамуына, өркендеуіне сіңірген еңбегіне тоқталды.

– Қызылжарлықтар сізді қоғам қайраткері, білікті басшы ретінде жақсы біледі әрі құрметтейді. Сіз көп жыл бойы жемісті еңбек еттіңіз. Өмірлік соқпағыңыз аса жауапты қызметтік лауазымдарға алып келді. Әрдайым сенім үдесінен шығып, кемел біліміңіз бен бай тәжірибеңізді еліміздің Тәуелсіздігін нығайту ісіне арнай білдіңіз. Зейнет демалысында жүрсеңіз де облысымыздың қоғамдық өміріне белсене араласып келесіз. Осы еңбектеріңіздің жемісін ұзағынан көріп, балаларыңыз бен немерелеріңіздің мейір-шапағатына бөлене беріңіз, – дей келе, Құмар Іргебайұлы еңбек ардагеріне кәдейсыйларын салтанатты түрде табыстады.

Иван Федорович Мамлют ауданындағы Михайловка ауылында туған. Қазіргі Екатеринбург қаласындағы С.М.Киров атындағы Орал политехникалық институтын инженер-экономист мамандығы бойынша тамамдаған. Петропавл ауыр машина жасау зауытында еңбек жолын бастаған жерлесіміз 20 жылдың ішінде бөлім басшысы дәрежесіне дейiн көтерілді. 1989 жылы облыстық атқару комитетінің бас жоспарлау-экономика басқармасы басшысының бірінші орынбасары, ал екі жылдан кейін облыстық экономика жөніндегі басқарма төрағасы болып тағайындалды. 1993-1996 жылдары облыстық экономика басқармасының төрағасы, облыс әкімшілігі басшысының орынбасары, облыс әкімінің орынбасары қызметтерін атқарды. 1999-2012 жылдары аралығында Парламент Мәжілісінің депутаты болды. Экономика ғылымдарының кандидаты көпжылғы елеулі еңбегі үшін “Парасат” және үшінші дәрежелі “Барыс” ордендерімен, бірнеше медальдармен марапатталған.

Шара барысында туған күн иесінің қуанышын бөліскен достары әрі қызметтестері сөз алып, Иван Федоровичтің өмір жолын, адал атқарған қызметін тілге тиек етіп, жүректен шыққан құттықтауларын жеткізді.

Қанат АТАМАНОВ,

“Солтүстік Қазақстан”.

Пікір білдіру


Защитный код
Жаңалау