Солтүстік Қазақстан газеті

ЕЛ АБЫРОЙЫН АСЫРҒАН КӨРМЕ

Печать PDF
Ел жүрегі – елорда күнін облыс әкімі Құмар Ақсақалов пен бір жарым мыңдай солтүстікқазақстандық Астанадағы “ЭКСПО – 2017” халықаралық көрмесінде қарсы алды. Теріскейлік делегация бас шаһарға елорда әкімдігінің шақыруы бойынша барған болатын.

Экскурсия көрменің ең көрікті жері – “Нұр Әлем” павильонын аралаудан басталды. Бұл диаметрі 90 метрлік әлемдегі шар тәріздес жалғыз сәулет жобасы екенін айта кеткен жөн. Алып шарды айнала шетелдік көрме павильондарына арналған 14 нысан жайғастырылған. Сегіз қабаттан тұратын “Нұр Әлем” павильоны болашақтың энергиясы тақырыбына арналған мұражай іспеттес.

argaiv1934

Жерлестеріміз сегізінші қабаттағы “Астана – 2050” экспозициясын аралады. Сегізінші қабаттан Астана алақандағыдай көрінеді екен. Бұл жерде қонақтарға елорданың 2050 жылы қандай кейіпке енетіні көрсетілген. Шаһардың даму көкжиегіне көз жүгірткен солтүстікқазақстандықтар көрме жайлы ойларын ортаға салды.

– Кеудемізді қуаныш сезімі кернейді, көз тоймайды, қайта-қайта қарай бергің келеді екен. Елбасымыз халық үшін осындай көрме ұйымдастырғанына разымын. 115 ел қатысып жатыр, ауқымының кеңдігі сол, бір күнде бәрін аралап бітіре алмадық, – дейді Тайынша аудандық ардагерлер кеңесінің төрайымы Нина Попова.

Павильонның жетінші қабаты “Ғарыш энергиясы” деп аталып, мұнда ғарыштан қуат алу жөніндегі ғылыми жаңалықтар паш етілген. Таңдай қақтырар жәдігерлер, ғарыш кемелерінің үлгілері балаларды да, ересектерді де тамсантты.

– Маған бәрі ұнады, кез келген жәдігер қызықты. Мұнда ғарыш туралы көп мәлімет алдым. Ғарыш тақырыбы маған қатты ұнайды, ғаламшарлар, күн, жұлдыздар жайлы көбірек білгім келеді, космонавтика ғылымы да қызық, – дейді көрмеден кейін Мария Дудова.

Солтүстікқазақстандықтар “Нұр Әлемнің” әрбір қабатындағы жәдігерлерді мұқият қарап шықты. Күннен қуат алу тақырыбына арналған алтыншы қабат мол әсер сыйлады. Бесіншіде жел қуатын өндірудегі ғылымның озық жетістіктері мен болашақ жобалар көрініс тапқан. Биомасса, кинетикалық және су қуатына арналған қабаттар да көрерменнің назарын еріксіз өзіне аударады.

Бірінші қабаттағы 500 шаршы метр аумақты алып жатқан “Ұлттық павильонды” атамай өтуге болмайды. Онда Қазақстан жайлы кеңірек мағлұмат алып, елдің баламалы қуат көзін өндірудегі озық жетістіктерімен танысуға болады. Қазақ елінің табиғаты, мәдениеті мен тарихы жайлы және отандық ғалымдардың 28 үздік жобасы туралы білуге болады.

Көрмені аралап шыққан облыс әкімі Құмар Ақсақалов та алған әсерімен бөлісті.

– “ЭКСПО – 2017” көрмесін аралау арқылы ерекше әсер аласың. Бастысы – бойды елімізге деген мақтаныш және таңданыс сезімі билейді. Президент алға қойған жобалардың жүзеге асқанын көрдік. Біз еліміз үшін, Елбасы үшін қуаныштымыз, – деді өңір басшысы.

Солтүстік Қазақстан облысынан барған делегация басқа да шетелдердің павильондарын аралады. Соның ішінде Қытай елін атап өтуге болады, онда Шаньси провинциясы аймағының салтанатты ашылуы өтті.

Облыс әкімінің баспасөз қызметі.

Суретті түсірген

Виталий ВЛАСЕНКО.

Пікір білдіру


Защитный код
Жаңалау