Солтүстік Қазақстан газеті

КӨШІП КЕЛУШІЛЕРГЕ ҚЫЗЫЛЖАРДЫҢ ҚҰШАҒЫ АШЫҚ

Печать PDF
Өткен аптада Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрлігінің Солтүстік Қазақстан облысындағы күндері өтті. Төрт күнге созылған шараны қорытындылау үшін жұмыс сапарымен келген Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрі Тамара Дүйсенова ауыл тұрғындарымен, кәсіпорын жұмысшыларымен кездесті.

Жұмыс сапары Қызылжар ауданындағы Бәйтерек ауылынан басталды. Бұл жерде облыс әкімі Құмар Ақсақалов пен Еңбек және тұрғындарды әлеуметтiк қорғау министрi Тамара Дүйсенова өткен жылы ашылған жаңа мектептiң жарақтандырылуымен, білім ордасы жанындағы шағын орталықтың, фельдшерлік акушерлік пункттің жағдайымен танысып, ауыл тұрғындарымен әңгімелесті.

argaiv1934

Бәйтерек ауылының тұрғындары туған жерді аңсап келгендерге барлық жағдай жасалғанына алғыстарын білдіріп, толғандырып отырған мәселені де жеткізді. Ол – балабақша құрылысы. Бүгінгі таңда осы ауылдағы демографиялық жағдай көңіл қуантады. Жылына жиырма шақты сәби дүние есігін ашатын ауылға кең де жайлы балабақша қажет. Ал мектеп жанынан ашылған шағын орталық мектеп жасына дейінгі балалардың барлығына бірдей қолжетімді емес. Осы орайда Тамара Дүйсенова жергілікті кәсіпкерлерге мемлекеттік-жекешелік әріптестік аясында балабақша ашуға болатынын айтып, оларды атсалысуға шақырды. Сонымен қатар шілде айынан бастап зейнетақы мен жәрдемақы 20 пайызға көтерiлгенін, міндетті әлеуметтік медициналық сақтандыру жүйесі іске қосылғанын да айтып өтті.

Ал Бескөл ауылына оңтүстiк өңiрден көшіп келген отбасылар қоныстаныпты. Солардың бірі – Рахметовтар әулеті өңірімізге өткен жылы көшіп келген. “Жұмыспен қамтудың жол картасы – 2020” мемлекеттiк бағдарламасы аясында салынған 18 пәтерлiк жатақханадан үш бөлмелі баспана беріліпті. Отағасы Нұрмахан Жорабайұлы кәсіптік білім алып жатса, Жадыра Жолбарысқызы әлеуметтік қызметкер болып жұмысқа тұрған.

– Жаңа жерге келгеннен кейін жемісті еңбек етiңiздер. Ерiнбесеңіздер көп нәрсеге қол жеткiзесiздер. Ол үшiн мемлекет барлық жағдайды жасайды. Ең бастысы – еңбек етiп, ауданның, тұтастай алғанда, елiмiздiң дамуына үлес қосу керек, – деген Тамара Дүйсенова бұл әулетке кіржуғыш машинаны сыйға тартты.

Аудан орталығында орналасқан “Ахмутдинов” жеке кәсіпкерлігі – нәтижелі жұмыс істеп отырған кәсіпорындардың бірі. 20 жылдан бері ағаш өңдеп, түрлі бұйымдар өндірумен айналысатын жеке кәсіпкер 75 адамды жұмыспен қамтып, жұмысшыларын баспанамен қамтамасыз еткен.

– Қайың ағашынан үстел, астау, есік, бесік сияқты 50-ден астам өнiм түрін шығарамыз. Өнімдеріміздің денін еліміздің өзге өңірлеріне жөнелтеміз. Өндіріс барысы толық автоматтандырылған, – дедi жеке кәсіпкерлік басшысы Сермұхамет Оралұлы.

Осы күні Еңбек және халықты әлеуметтiк қорғау министрi Тамара Дүйсенова “Петропавл ауыр машина жасау зауыты” акционерлік қоғамына да ат басын бұрды. Бүгінгі таңда зауытта мыңға жуық адам жұмыс істейді. Еңбек қауіпсіздігін сақтап, өндірісті үнемі жаңғырту жұмыстарын жүргізетін зауыт басшылығы 2021 жылға дейін өнім көлемін үш есеге көбейтуді көздеп отыр. Қазіргі таңда жылына 7 млрд. теңгенің өнімін өндіреді екен.

– Алдағы үш жылда жалпы құны 4 млрд. теңге болатын жаңғырту жұмыстарын қолға алмақпыз. Осының арқасында еңбек жағдайы жақсаратын болады, – дейді “Петропавл ауыр машина жасау зауыты” акционерлік қоғамының бас директоры Қуаныш Бишімов. – Жаңа қондырғыларды жұмысы қиын учаскелерге қою көзделіп отыр. Бұл өндірісті толық автоматтандыруға мүмкіндік бермек.

Кәсіпорында жұмысшылардың біліктілігін арттыру да назардан тыс қалмаған. Бүгінде тиісті мемлекеттік бағдарламалардың арқасында мамандардың біліктілігін арттырамын деген кәсіпорындар үшін барлық жағдай жасалып отырғаны белгілі. Кәсіпорындар жұмысшысын біліктілігін арттыруға жіберсе, шығынның тек 30 пайызын ғана төлейді. Ал қалғанын мемлекет өз мойнына алған. Сондай-ақ, кәсіпорындар жас маманды жұмысқа қабылдаған кезде де жарты жылға дейін еңбекақыны мемлекет төлейді. Осының барлығын тілге тиек еткен Тамара Дүйсенова мемлекеттік бағдарламаларды тиімді пайдалану керектігін айтты.

Сонымен қатар зауытта үш жылда бір рет қабылданатын еңбек шартының барлық пункттерінің сақталуына да зор көңіл бөлінеді екен. Осы жолы зауыт басшылығы мен кәсіподақ төрағасы жаңа ұжымдық шартқа қол қойды. Шарт бойынша зауыт жұмысшылар алдындағы әлеуметтік міндеттерді орындау үшін 1 млрд. 100 млн. теңге қарастырып отыр. Әрі еңбекақыны 35 пайызға көтеру де көзделген. Десек те, зауыт жұмысшыларын баспана мәселесі толғандыруда. Басшылық ендігі жылы өз мамандары үшін жатақхана салуды жоспарлап отырғандығын жеткізді.

Осы жерде Еңбек және халықты әлеуметтiк қорғау министрi Тамара Дүйсенова жұмыс берушiлердің қатысуымен өткен кеңеске қатысты. Кеңестi ашқан өңiр басшысы Құмар Ақсақалов облыста еңбек құқығын қорғауға байланысты тиісті жұмыстар белсенді жүргiзiлiп жатқандығын атап өтті.

– Өндiрiстiк жарақат алу саны 20 пайызға азайған. Жұмыс iстеп тұрған кәсiпорындардың 97 пайызы ұжымдық келiсiм жасады, – дедi Құмар Ақсақалов.

Кемшіліктер де жоқ емес, солтүстікқазақстандық кәсіпорындардың өз жұмысшылары алдындағы еңбекақы бойынша борышы 17,5 млн. теңгеге жеткен, аударылмаған зейнетақы жарнасының жалпы көлемі 623 млн. теңгені құрап отыр.

Сонымен қатар өңірдегі кәсіпорындарда еңбек заңнамасын бұзу да жиілеген. Жыл басынан бері жүргізілген 177 тексерістің нәтижесінде еңбек заңнамасын бұзудың 382 фактісі анықталған. Әсіресе, жергілікті кәсіпорындар еңбек келісімін жасауға асықпайтын көрінеді. Үстіміздегі жылы өндірісте 23 төтенше жағдай орын алып, 26 адам зардап шексе, үш жұмысшы көз жұмған.

Осы орайда Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрі жұмыс берушілерге өткен жылы қабылданған Еңбек кодексi жайлы айтып, оларды өз мiндеттерiн орындауға шақырды. Әсіресе, мiндеттi әлеуметтік медициналық сақтандыру, техникалық мамандығы бар жас мамандарды тарту және мүмкiндiгi шектеулi адамдар үшiн жұмыс орындарын құру мәселесіне баса назар аударды.

Зейнетақы жарналарын төлемейтін жұмыс берушілермен күрес, ішкі көші-қонды реттеу, тұрмысы төмен отбасыларға төленетін жәрдемақылар жайы Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрі Тамара Дүйсенованың қатысуымен өткен жиында айтылды. Кездесуді ашқан облыс әкімі Құмар Ақсақалов әлеуметтік саладағы реформаларды түсіндіру мақсатымен барлық аудандардың тұрғындарымен, жұмыс берушілермен кездесулер өткізілгенін, халықтың әлеуметтік жағдайын жақсартуға бағытталған бағдарламалар өз тиімділігін көрсете бастағанын жеткізді.

Маусымның 28-і мен шілденің 1-і аралығында Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрлігінің Солтүстік Қазақстан облысындағы күндері аясында ведомство өкілдері ауылдарды аралап, әлеуметтік қорғау саласындағы жаңалықтармен бөлісті. Бүгінде өңір тұрғындарының саны 569 мың адам, оның 102 мыңы зейнеткер екен. Қалған солтүстікқазақстандықтардың әлеуметтік статусын анықтаған министрлік біраз кемшіліктерді де байқаған.

– Өзін-өзі қамтыған адамдар мен жұмыс істегенімен зейнетақы жарнасын төлемегендер бізді алаңдатып отыр. Шілденің бірінен міндетті медициналық сақтандыру жүйесі жұмысын бастады. 54 мың адам зейнетақы жарнасын аудармаған, олар медициналық қорға да жарна төлемесі анық. Ал 2018 жылдың басынан емханалар тек қорға қаржы аударған азаматтарға ғана қызмет көрсетеді. Сондықтан бұл мәселені тездетіп шешу қажет, – деді Тамара Дүйсенова.

Министр жұмыссыздар мәселесіне де алаңдаушылық білдірді. Солтүстік Қазақстан облысында екі қолға бір күрек таба алмай жүргендер саны 15 мың деп көрсетілген. Алайда, олардың 2 мыңы ғана ресми түрде жұмыспен қамту орталықтарына тіркелген. Оларға жұмыссыз ретінде медициналық сақтандыру жарнасын мемлекет төлейді, ал қалғандарының жағдайы қалай болмақ? Облыс әкімі Құмар Ақсақалов барлық аудан және қала басшылары мен тиісті ведомстволар өкілдері бұл мәселелерді шешетінін жеткізді. Жергілікті атқарушы орган мен кірістер департаментінің мамандары жұмыс берушілермен кездесіп, зейнетақы жарналары мен медициналық сақтандыру қорына төлемдер жасауды міндеттемек.

“Нәтижелі жұмыспен қамтуды және жаппай кәсіпкерлікті дамытудың 2017-2021 жылдарға арналған бағдарламасына” биыл облыс бойынша алты мың адам қатыспақ. Бағдарлама аясында 643 тұрғын қысқамерзімді оқытуға жіберілді, кейін олар жұмыспен қамтылмақ. Қыркүйек айында тағы 800 адам мамандық алады. Кәсіпке икемі бар 343 кісі “Бизнес бастау” және “Бизнес кеңесші” жобалары бойынша оқытылды.

Солтүстік Қазақстан облысы жұмыс күші тапшы өңірлер қатарынан саналады. Сондықтан еліміздің оңтүстік облыстарынан тұрғындарды көшіру қолға алынды. Жұмыс сапарының қорытындысы бойынша журналистерге сұхбат берген министр бұл жоба теріскейде сәтті жүзеге асырылып жатқанын айтты.

– Биыл жыл басынан бері күнгейдегі төрт облыстан, теріскей мен шығыстағы төрт өңірге 88 отбасы қоныс аударыпты. Соның 75-і Солтүстік Қазақстан облысын таңдаған. Қазіргі таңда 325 адамнан тұратын бұл отбасылар 33 елді мекенге тұрақтады. Баспана және жұмыс берілген. Бір реттік қаржылай көмек те көрсетіліпті. Бұл өте жақсы көрсеткіш, – деді Тамара Дүйсенова сұхбат соңында.

Ербақыт АМАНТАЙҰЛЫ,

Арайлым БЕЙСЕНБАЕВА,

“Солтүстік Қазақстан”.

Суреттерді түсірген

Виталий ВЛАСЕНКО.

Пікір білдіру


Защитный код
Жаңалау