Солтүстік Қазақстан газеті

ЖАЗ ҚЫЗЫҚТЫ ӨТПЕК

Печать PDF

Үстіміздегі жылы облысымыздағы 65 мыңнан астам мектеп оқушысының 93 пайызын жазғы демалыстың барлық түрімен қамту жоспарланған. Бұл туралы Қазақстан Республикасы Президенті жанындағы Орталық коммуникациялар қызметінің облыстық филиалындағы баспасөз мәслихатында хабарланды.

argaiv1208

Жаз айларында мектеп оқушыларының демалысын ұйымдастыру шаралары туралы сөз алған облыстық білім басқармасы басшысының орынбасары Күлпәш Қалғожина бұл мақсатқа облыстық бюджеттен 364,9 млн. теңге бөлінгенін тілге тиек етті. Биыл облыс аумағында бір ауысымда 1935 баланы қамтитын 15 жазғы сауықтыру лагері жұмыс істейді. Бұдан бөлек, 224 жеткіншек – “Балдәурен” республикалық балалар демалыс орнында, 80 оқушы – “Бөбек” ұлттық білім беру және сауықтыру орталығында және 750 бала “Солнечный” балалар санаторийінде жолдама бойынша демалады. Сондай-ақ, Астанадағы “ЭКСПО – 2017” халықаралық көрмесіне өңіріміздің 11 мың оқушысы барады деп жоспарланған.

Облыстық дене шынықтыру және спорт басқармасының басшысы Руслан Есеналин маусым мен шілде айларында 12 облыстық деңгейдегі спорттық шара ұйымдастырылып, оған сегіз мыңнан астам бала қатысатынын айтты. Облыс аумағында 2854 спорттық нысан бар. Олардың саны толыға түсуде. Мәселен, үстіміздегі жылдың бірінші жартыжылдығында екі стадион, бес шағын футбол алаңы мен бір күштік гимнастикамен айналысатын тренажер пайдалануға берілді.

– Жазғы демалыс барысында балаларды бұқаралық спортпен қамту мақсатында бірқатар спорттық шараларды ұйымдастыру жоспарланған. Білім беру мен спорт желісі бойынша 40 мыңнан астам жасөспірім жаттығу-сайысу шарасына қатысатын болады. Сонымен қатар Петропавл қаласындағы жалпы білім беретін мектептердің аулаларында және Пестрое көлінің жағалауында стритболдан, футбол, бокс, тай боксы, каратэ, жүзу сынды спорт түрлерінен тегін жаттығулар мен жарыстар өткізіледі. Бұған қоса жасы 35-тен асқандар арасында бокстан әуесқойлар турнирі ұйымдастырылады. Бас жүлде 1 млн. теңге болмақ, – деді Руслан Бақыттыұлы.

Петропавл қаласы әкімінің орынбасары Евгений Глотов облыс орталығындағы “Жастар” стадионында жүргізіліп жатқан қайта жаңғырту жұмыстарының барысына тоқталып өтті. Қазір спорттық нысанда көрермендер орындықтарын ауыстыру жұмыстары жүргізілуде. Бұл жұмыстарға қалалық бюджеттен 55 млн. теңге бөлініп отыр. Сонымен қатар шаһарда жастар арасында танымал “Streetworkout” спорты дамуда. Былтыр бұл спорт түрімен айналысуға арналған екі тренажер кешені орнатылған болатын. Биыл тағы екі кешен пайдалануға беріледі.

Қанат АТАМАНОВ,

“Солтүстік Қазақстан”.

Пікір білдіру


Защитный код
Жаңалау