Солтүстік Қазақстан газеті

БАҒА БАҚЫЛАУДА

Печать PDF

 

argaiv1322

Облыстық әкімдіктің кезекті отырысы кадрлық тағайындаудан басталды. Өңір басшысы Құмар Ақсақалов облыстық білім басқармасының басшысы болып Гүлмира Кәрімова тағайындалғанын жеткізді. Басқарманың бұрынғы басшысы Шолпан Каринова Қазақстан Республикасы Білім және ғылым министрлігі Мектепке дейінгі және жалпы орта білім беру департаментінің директоры қызметіне ауысты.

Әкімдік отырысында Мамлют ауданында өтетін “Ақ бидай” жазғы ауыл спорты мерекесіне дайындық барысы туралы облыстық дене шынықтыру және спорт басқармасының басшысы Руслан Есеналин баяндады. Үстіміздегі жылдың 12-15 шілдесі аралығында өтетін “Ақ бидай” жазғы ауыл спорты мерекесіне бір мыңнан астам спортшы қатысып, спорттың 15 түрінен сынға түспек. Спорттық шараға орай, өткен жылы аудандағы орталық стадионға 20 млн. теңгенің жөндеу жұмыстары жүргізілген. 700 орындық трибуна орнатылып, баскетбол мен волейбол алаңдары қалпына келтірілді.

Құмар Ақсақалов барлық спортшыларды жатын орындармен, тамақпен қамту мәселесін ерекше назарда ұстау қажеттігін ескертті. Сондай-ақ, былтыр өткен ауыл спорты мерекесінің қорытындысы бойынша Тимирязев, Ақжар және Уәлиханов аудандары командаларының спорттың кейбір түрлеріне қатыспауын сынға алды.

Әлеуметтік маңызды азық-түлік өнімдерінің бағалары бойынша қазіргі ахуал жайында облыстық кәсіпкерлік және туризм басқармасының басшысы Құралай Жарова айтып берді.

– Сауда нүктелеріндегі бағаны бақылау жалғасуда. Соңғы бес айда жүргізілген мониторинг барысында меморандумға сәйкес тамақ өнімдерінің бағалары негізсіз көтерілмегені анықталды. Кейбір өнімдердің бағалары түскені байқалады. Атап айтқанда, күріш, күнбағыс майы, тауық еті, қант, жұмыртқа арзандаған. Дегенмен, жаз басталысымен сауда нүктелерінде сиыр еті – 3,7 пайызға, ірімшік – 3,8, картоп – 67,9, сәбіз – 34,1 пайызға, қырыққабат – 41, ал сарымсақ 66,7 пайызға қымбаттаған, – деді басқарма басшысы.

Азық-түлік өнімдерінің бағаларын өсірмеу мақсатында былтыр 350 млн. теңге бөлініп, 807 тонна өнім сатып алынған. Нәтижесінде күріш, өсімдік майының бағасы біршама төмендеген. Жаз уақытында қантқа деген сұраныстың артатыны рас. Бүгінде сауда орындарында оның бір килограмы 240 теңгеден саудалануда. Өңірімізде бағаны тұрақтандыру мақсатында ірі сауда үйлері желісімен меморандумға қол қойылған. Десе де, олқылықтар анықталуда. Мәселен, жүргізілген мониторинг барысында “ЦУМ” сауда үйінде картоп – 30, ал қырыққабат 12 пайызға қымбат саудаланатындығы анықталған.

Құмар Ақсақалов бағаға мониторингті одан әрі жалғастыруды, тексерісті күніне екі мәрте жүргізуді тапсырды.

Ал “Нұрлы жер” бағдарламасын жүзеге асырудың барысы туралы құрылыс басқармасының басшысы Серік Мұхамедиев есеп берді. Баяндамашының хабарлауынша, үстіміздегі жылдан бастап қолға алынған “Нұрлы жер” тұрғын үй бағдарламасы аясында тұрғындардың әлеуметтік әлсіз топтары үшін сатып алу құқығынсыз тұрғын үйлер салынып, жеке баспана құрылысына жер телімдері берілмек. Биыл облысымызда барлық қаржыландыру көздері есебінен жалпы аумағы 200 мың шаршы метр 1559 пәтерлік тұрғын үйдің құрылысы жүргізілуде. Бұл жұмыстарға 4,4 млрд. теңге бағытталған.

“Береке” шағынауданында сатып алу құқығы бар үш ірі панельді тұрғын үйдің құрылысы қолға алынса, Уральская көшесінің бойында 80 және 100 пәтерлік көпқабатты тұрғын үй бой көтеруде. Жәлел Қизатов-Семашко көшелерінің бойында 72 және 126 пәтерлік көпқабатты тұрғын үйлердің құрылысы аяқталуға жақындаған. Жуков көшесінде төрт 100 пәтерлік тұрғын үйдің құрылысы қолға алынған. Сондай-ақ, 19-шы шағынауданда “Қазақстан ипотекалық компаниясы” ИҰ” АҚ желісі бойынша 212 пәтерлік екі тұрғын үйдің құрылысы жүргізілуде. Облыс орталығының “Солнечный” шағынауданында да құрылыс жұмыстары қызбақ. Мұнда бірыңғай сәулеттегі тұрғын үйлер тұрғызылатын болады.

Жиын соңында облыс әкімі басқарма басшысына құрылыс жұмыстарының сапасына мән беруді, құрылыс компанияларының нысандарды уақытында пайдалануға беруді бақылауды тапсырды.

Қанат АТАМАНОВ,

“Солтүстік Қазақстан”.

Суретті түсірген

Виталий ВЛАСЕНКО.

Пікір білдіру


Защитный код
Жаңалау