Солтүстік Қазақстан газеті

БАҒЫТ — АЙҚЫН, МАҚСАТ — АНЫҚ

Печать PDF

Елбасымыз Нұрсұлтан Назарбаевтың халыққа арнаған “Қазақстанның Үшінші жаңғыруы: жаһандық бәсекеге қабілеттілік” атты Жолдауының маңызы зор. Қазақстанның одан әрі дамуын, өркендеуін және халықты бір арнаға жұмылдыруды мақсат еткен басты құжаттың бірнеше мемлекеттік бағдарламаға жаңа дем беретіні сөзсіз. Жолдауда бес негізгі басымдық аталды. Сол басымдықтың бірі – адами капитал сапасын жақсарту. Мемлекеттің қуаттылығы халықтың білім деңгейі мен денсаулық жағдайына байланысты өлшенеді. Осы жағынан алғанда қазақстандықтарға білім алу және медициналық қызмет қолжетімді болу үшін барлық жағдай жасалуда.

argaiv1977

Биылғы жылдан бастап Елбасының бастамасы бойынша “Баршаға арналған тегін кәсіптік-техникалық білім беру” жобасы іске асырыла бастады. Осыған орай еңбек нарығының сұранысына сай болу үшін кәсіптік білім беру стандарттары жаңартылып, дуалды оқытуға көшу басталды. Президенттің Жолдауында жұмыссыз жүрген азаматтарды еңбекке орналастыру мәселесі қарастырылып, сұранысқа ие мамандықтарға оқыту үшін тек мектеп түлектері ғана емес, сонымен қатар жұмыссыз жүрген жастардың да қайта білім ала алатындығы қуантады.

Тарихы 1959 жылдан басталған біздің колледжде сапалы білім алуға барлық жағдай жасалған. Білікті, білімді ұстаздардың көздеген мақсаты – ауыл шаруашылығы мамандарын даярлау. Бүгінгі таңда құрылысшы, техникалық қызмет көрсету, ауыл шаруашылығы көліктерін жөндеу, дәнекерлеу ісі бағыттары бойынша мамандар даярлауға лицензиямыз бар. Сонымен қатар колледжде фермерлік шаруашылыққа қажетті тракторшыларды, аспаздарды, автокөлік жүргізушілерін оқытамыз. Білім мекемесінде алты топта жүз елуге жуық студент ауыл шаруашылығына қажетті мамандықтарды меңгеруде. Колледж арнайы және жалпы білім беретін пәндер бойынша оқу құралдарымен толықтай жабдықталған. Талапқа сай темір өңдеу, дәнекерлеу шеберханасы, спорт залы, асхана жұмыс істейді. Сонымен қатар колледжде тракторды және жеңіл көлікті жүргізуге үйрететін өзінің арнайы автодромы, стадионы және спорттық алаңы бар.

Қазақстан Республикасының техникалық және кәсіптік білімді дамытуға арналған мемлекеттік бағдарламасын іске асыру мақсатында атқарылып жатқан істер қазірдің өзінде колледждің материалдық-техникалық базасын жақсарту мәселелерін шешуге ықпалын тигізуде. Мекемемізді мемлекет тарапынан қаржыландыру жыл сайын көбейіп келеді. Соңғы жылдары ауыл шаруашылығы техникасын жаңартуға 25 миллион теңге қаражат бөлінді. Бөлінген қаржыға колледжіміздің материалдық-техникалық базасы нығайтылды. 2016 жылы оқу-материалдық базаны нығайтуға қосымша 4,5 миллион теңге қаржы бөлінді.

Дуалдық кәсіптік білім жүйесі кадрларды дайындауға ең көп таралған және танылған нысан ретінде әлемдік танымалдыққа ие болды. Ол оқу орнындағы теориялық және өндірістік кәсіпорындардағы өндірістік оқыту болып жүйеленеді. 2017 жылдың 1 қыркүйегінен бастап колледжде “Аспазшы” санаты бойынша дуалдық оқыту жүйесі енгізіледі. Дуалдық оқытуды бастау үшін “Джумабекова”, “Амангельдиева”, “Самсонова” жеке кәсіпкерліктерімен келісімшартқа қол қойдық.

Жаңа 2017-2018 оқу жылына талапкерлерді қабылдау Елбасымыздың Жолдауында көрсетілген тегін кәсіптік-техникалық білім беру бағдарламасының “Біліктілікті көтеру, жаппай кәсіпкерлік, жұмыспен қамту, нәтижелі дамыту бағдарламасы” аясында өткізіледі. Студенттерге он жеті мың теңге шәкіртақы, жолақы және бір мезгіл тегін ыстық тамақ берілетін болады. Жыл сайын колледжде жалпы оқыту пәндерінің және арнайы пәндердің тоқсандығы өткізіліп тұрады. 2016 жылы мемлекеттік аттестаттаудан өткен білім ошағының оқытушылары пәнаралық олимпиадаларға қатысып, жүйелі білімдерімен бөлісіп тұрады. Біздің колледжіміздің тәрбие жұмыстарының басты мақсаты – жастарды отаншылдыққа баулып, туған жерін, елін сүйетін адал азамат болып өсуіне ықпал ету. Көздеген межеге қол жеткізу үшін колледжде жоспарлы іс-шаралар өткізіледі. Оқытушылар мен студенттер әртүрлі аудандық, облыстық байқауларға белсене қатысуда. Спорт саласынан да құралақан емеспіз. 2016 жылы облыстық “Жас сұңқар” жарысында колледждер арасында волейболдан үшінші орынға ие болдық, 2017 жылы футзалдан бірінші орынға қол жеткіздік. Бұл жетістіктермен шектеліп қалмаймыз, білімнен де, спорттан да алар асуларымыз, бағындырар белестеріміз әлі алда. Ең бастысы, ұжым бір адамдай жұмылып, ел дамуының жаңа сатысын бағдарлайтын маңызды құжатта айтылған бағыттар бойынша белсенді жұмыс атқаруда.

Cүйіндік ЖҮСІПОВ,

Новоишимка аграрлық-техникалық колледжінің директоры.

Ғабит Мүсірепов атындағы аудан.

Пікір білдіру


Защитный код
Жаңалау