Солтүстік Қазақстан газеті

КАНАДАМЕН ҚАРЫМ-ҚАТЫНАС НЫҒАЙМАҚ

Печать PDF
Облыс әкімі Құмар Ақсақалов кеше өңірімізге жұмыс сапарымен келген Канаданың Қазақстан Республикасындағы Төтенше және өкілетті елшісі Шон Стайл мырзаны қабылдады.

Жиында екі тарап арасындағы тауар айналымын ұлғайту, ауыл шаруашылығы саласындағы қарым-қатынасты жетілдіру мәселесі сөз болды. Өңір басшысы Солтүстік Қазақстан облысы үшін ауыл шаруашылығы өнімдерін өндіруде тәжірибесі мол канадалықтармен осы салада тығыз қарым-қатынас орнату маңызды екенін айтып өтті.

argaiv1934

– Біздің елдеріміздің арасында ұқсастық көп. Тіпті, аймақтық орналасуымызға, табиғи жағдайымызға, қазба байлықтарымызға дейін ұқсас. Сіздерде ауыл шаруашылығы саласы жақсы дамығанын білеміз. Біздің өңір де егін және мал шаруашылықтарын дамытуға өте қолайлы. Сондықтан Канада мен Солтүстік Қазақстан облысы арасындағы байланыс екі елге де пайдасын тигізері анық. Күзгі астық жинау науқаны аяқталған соң әріптестік қарым-қатынасты нығайту мақсатында арнайы делегациямызды Канадаға жіберуге, канадалық кәсіпкерлерге өңірімізде бизнесін жүргізуге жағдай жасауға дайынбыз, – деген Құмар Іргебайұлы мейманды өзара экономикалық іскерлік байланысқа дәнекер болуға шақырды.

Өз кезегінде Шон Стайл өздерінің Қазақстанда, әсіресе, Ауыл шаруашылығы министрлігімен тығыз байланыста жұмыс істеп отырғандарын тілге тиек етіп, бұдан басқа да салалар бойынша бірлесе еңбек етуге мүдделіліктерін білдірді.

Облысымыз тығыз қарым-қатынас орнатқан 60-тан астам елдің бірі – Канада. Екі ел арасындағы қарым-қатынас 2004 жылдан бері жалғасуда. Бүгіндері солтүстікқазақстандықтар Канададан ауыл шаруашылығы техникасы мен асылтұқымды қара мал сатып алуда. Облыс әкімінің айтуынша, бүгінгі таңда Канададан біздің облысымызға 400-ге жуық “Buhler Versatile” тракторы, 145 “Bourgault” және 100 “Morris Maxim” егіс кешендері, 25 “Honeybee” жаткалары жеткізілген. Қазір заманауи техниканы өзімізде шығару үшін бірнеше кәсіпорындармен келіссөздер жүргізілуде. Бұл өз кезегінде шығынды азайтатын болады.

Содан кейін өңірімізде ауыл шаруашылығы саласының даму барысы туралы ауыл шаруашылығы басқармасының басшысы Қайрат Омаров хабарлама жасады. Үстіміздегі жылы бұл саланы қаржыландыруға бюджеттен 59,2 млрд. теңге бөлінген. Өткен жылы өсімдік, мал және егін шаруашылықтарына қатысты 12 млрд. теңгенің 37 жобасы жүзеге асырылған.

Кездесу соңында Құмар Ақсақалов мәртебелі елшіге нәтижелі іске көшу үшін канадалық кәсіпкерлердің мал шаруашылығына, жалпы, ауыл шаруашылығына инвестиция салу мүмкіндіктері туралы әңгімеледі. Ал Шон Стайл мырза солтүстікқазақстандықтарды қараша айында Канаданың Саскачеван қаласында өткізіліп тұратын дәстүрлі ауыл шаруашылығы техникасының көрмесіне қатысып, агроөнеркәсіп саласындағы бірлестіктермен танысуға шақырды.

Қанат АТАМАНОВ,

“Солтүстік Қазақстан”.

Суреттерді түсірген

Виталий ВЛАСЕНКО.

Пікір білдіру


Защитный код
Жаңалау