Солтүстік Қазақстан газеті

ПОЛИЦЕЙЛЕР БАСПАНАЛЫ БОЛДЫ

Печать PDF

 

argaiv1962

Кеше облыс орталығында заманауи жатақхана пайдалануға берілді. Бұған дейін қаңырап бос тұрған ғимарат бюджеттен бөлінген 67 миллион теңгеге күрделі жөндеуден өткізіліп, ажары кірген. Облыстық ішкі істер департаменті мен Петропавл қалалық ішкі істер басқармасының қызметкерлеріне арналған бұл үшқабатты үй Қазақстан полициясының 25 жылдығына облыстық әкімдіктің тартуы болды. Нысанның тұсаукесер рәсіміне қатысқан өңір басшысы Құмар Ақсақалов тәртіп сақшыларын кәсіби мерекелерімен құттықтап, пәтер кілттерін табыс етті.

– Кең-байтақ еліміз тәуелсіздігін алған тұста полицейлерге тұрғындардың қауіпсіздігін қамтамасыз етуде үлкен міндеттер жүктелді. Содан бері тәртіп сақшылары өз қызметтерін абыроймен атқаруда. Жылдан-жылға өңірімізде құқық бұзушылықтардың саны азайып, қылмыстарды ашу деңгейі артуда. Бүгін 41 полицейдің әлеуметтік жағдайы жақсарып, қоныстойын тойлайтынына қуаныштымын. Бұл көптеген полицейлерді үлгілі қызмет етуге ынталандырады деген сенімдемін, – деді облыс әкімі.

Қуаныш иелерінің қатарында Петропавл қалалық ішкі істер басқармасының инспекторы, полиция лейтенанты Ғалия Ыбыраева да бар. Үш бала тәрбиелеп отырған жалғызбасты ана әу баста қиындықты көп көріпті.

“Ұзақ жылдар бойы жалдамалы пәтерде тұрдым. Бүгін, міне, жатақханадан бөлме бұйырып, бұл мәселе шешімін тапқанына қуанып отырмын. Кәсіби мереке қарсаңында және қасиетті Рамазан айында көптен бергі арманым орындалды. Енді еш алаңсыз қызмет етемін”, – деді тәртіп сақшысы.

Бұл күні Құмар Іргебайұлы Қазақстанның “Тұрғын үй құрылыс жинақ банкі” акционерлік қоғамының жеңілдікпен несие беру бағдарламасы аясында баспаналы болған 11 полиция қызметкерін де қоныстойларымен құттықтады. Сондай-ақ, салтанатты жиында “Өз кәсібінің үздігі” байқауы жеңімпаздарының есімдері белгілі болды. Жарыста топ жарған екі полицейге әрқайсысына қызметтік автокөліктің кілті табысталды. “Темір тұлпарлардың” бірін облыстық ішкі істер департаментінің жеке тұлғаға қарсы қылмыстарды ашу бөлімінің аса маңызды істер жөніндегі аға жедел уәкілі, полиция майоры Дәулет Метолқынов тізгіндеді. Құқық қорғау органдарындағы еңбек жолын 2008 жылы бастаған қызметкер ауыр және аса ауыр деңгейдегі жүздеген қылмыстың бетін ашыпты.

Бұдан соң облыс әкімі Құмар Ақсақалов пен облыстық ішкі істер департаментінің бастығы, полиция генерал-майоры Берік Біләлов Петропавл қалалық ішкі істер басқармасындағы мұражайды аралап, Қазақстан полициясының 25 жылдығы аллеясына ат басын тіреді.

– Тәртіп сақшыларының жанкешті қызметін жиі насихаттауымыз қажет. Өйткені, күні-түні отбасынан жырақта жүріп, өңір тыныштығын қалтқысыз күзететін қарапайым полицейлердің қоғамға тигізіп жатқан еңбегі зор. Олардың өмірі мен қызметінен сыр шертетін мұражайдың болғаны маңызды. Өйткені, мұнда келген әрбір жас көп нәрсені түсініп, үлкен сабақ алып қайтады, – деді Құмар Іргебайұлы.

Айта кеткен жөн, бұл күні Шоқан Уәлиханов көшесіндегі бағдаршамдар өшіріліп, жергілікті полиция қызметінде еңбек ететін 10 қыз-келіншек жол қозғалысын реттеді. Нәзікжанды тәртіп сақшыларының жұмысымен танысқан өңір басшысы олардың қызметтеріне оң бағасын берді.

Нұржан СЕЙІЛБЕКОВ,

“Солтүстік Қазақстан”.

Суреттерді түсірген

Амангелді БЕКМҰРАТОВ.

Пікір білдіру


Защитный код
Жаңалау