Солтүстік Қазақстан газеті

МӘҢГІ СӨНБЕЙТІН ЖҰЛДЫЗ

Печать PDF

Жиырмасыншы ғасырдың бастапқы кезеңінде Ұлы далада жасындай жарқ етіп жанған, кешегі солақай саясаттан жазықсыз жапа шеккен Алаш жұртының аяулы да ардақты азаматы Мағжан Жұмабаевтың есімі күллі түркі әлеміне мәлім. Өмірі қыл үстінде тұрса да, артына сан ғасыр бойы ұмытылмайтын мұра қалдырған ақынның шығармашылығы соңғы жылдары кең көлемде, егжей-тегжейлі зерттеле бастады. Өзінің інжу-маржан өлеңдерімен өнегелі із қалдыра білген Мағжан Жұмабаевтың туған күні қарсаңында Қызылжар өңірінде “Мағжан көктемі” республикалық өнер фестивалінің төртінші мәрте өткізілуі – осының айғағы. Аталмыш өнер фестивалі жайлы толығырақ мәлімет алу үшін рухани шараны ұйымдастырушы, облыстық тілдерді дамыту жөніндегі басқарманың басшысы Кемел Оспановты әңгімеге тартқан едік.

argaiv1428

– Кемел Қарашаұлы, ақынның туып-өскен, кіндік кескен жерінде үздіксіз ұйымдастырылып келе жатқан “Мағжан көктемі” өнер фестивалінің маңызы туралы айтсаңыз.

– “Мағжан көктемі” өнер фестивалін ұйымдастыру тілдерді дамыту жөніндегі басқарманың бастамасымен және облыстық әкімдіктің қолдауымен қолға алынған болатын. Фестиваль екі жылда бір рет өткізіліп келеді. Қатысушылардың жасына шектеу қойылмайды. 2011 жылдан бастап қолға алынған шараның тұсаукесері 700-ге жуық көрерменнің қатысуымен Н.Погодин атындағы облыстық орыс драма театрында “Қазақ елі, бір ауыз сөзім саған” деген атаумен өткен еді. Бірінші фестивальдың тұсауын Қазақстанның халық жазушысы, Мемлекеттік сыйлықтың лауреаты, қоғам және мемлекет қайраткері Әбіш Кекілбаев кесіп, ұлы ақынның шығармашылық мұрасын насихаттауға бағытталған ауқымды фестивальдың қазылар алқасына төрелік еткен болатын. Қазылар алқасының құрамында сол кездегі Қазақстан Республикасы Парламенті Мәжілісінің депутаты, бүгінде облыстық “Солтүстік Қазақстан” газетінің бас редакторы Жарасбай Сүлейменов, республикалық “Егемен Қазақстан” газетінің бұрынғы вице-президенті, жазушы Жанболат Аупбаев, Жамбыл атындағы қазақ мемлекеттік филармониясының бас директоры, Қазақстанның еңбек сіңірген әртісі, профессор Мұхтар Өтеуов, тағы басқа да Қазақ еліне белгілі тұлғалардың келуі фестивальдың республика көлеміндегі ауқымды өнер байқауы екенін білдірсе керек.

– Фестивальды ұйымдастырудағы мақсат не болды?

– Мағжан әлемін таныған, тереңіне бойлаған әр адамның жан дүниесі ерекше нұрланып, өрісі ашылары сөзсіз. Фестивальды өткізудегі мақсат – ақынның шығармашылығы арқылы өскелең ұрпақты отансүйгіштікке, елжандылыққа тәрбиелеп, мәдени-эстетикалық сезімін дамыту, оны рухани ұстанымына айналдыру және отандық әдебиет пен өнер, музыка салаларында озық туындылардың дүниеге келуіне, оның авторлары – талантты тұлғалардың шығармашылығының халық игілігіне айналуына жол ашуды көздеген болатынбыз. Бұл мақсатымыз бүгінгі таңда Елбасы Нұрсұлтан Назарбаевтың “Болашаққа бағдар: рухани жаңғыру” атты бағдарламалық мақаласында көтерілген “Туған жер” бағдарламасының міндеттерімен астасып жатыр деуге толық негіз бар. Отансүйгіштік, ұлтжандылық пен елжандылық рухтың, туған жерге деген сүйіспеншіліктің барлығын Мағжан өлеңдерінің әр шумағынан табуға болады. Сондықтан ІV республикалық “Мағжан көктемі” өнер фестивалі ұлы ақынның шығармашылық мұрасын жүйелі түрде насихаттап, есімін ел есінде мәңгі сақтау миссиясын атқарып қана қоймай, оның ел ертеңі болып табылатын өскелең ұрпақ тәрбиесінде алар орнын айшықтай түседі.

– Мағжан Жұмабаевтың өршіл рухқа, асқақ мақсатқа, кіршіксіз сезім мен пәк махаббатқа толы поэзиясын оқып, сүйсінбейтін жан жоқ шығар.

– Дұрыс айтасыз. Мағжан поэзиясына сүйсінбейтін жан жоқ. Елбасы Нұрсұлтан Назарбаев өзінің “Тарих толқынында” атты кітабында: “Қазақтың асыл перзенті, алты Алаштың ардақтысы, халқы үшін, елінің болашағы үшін жарқырап жанған, күнге ғана табынған, өзіне ғана бағынған, жүрегі мен жаны – от, иманы мен ары – от Мағжан Жұмабаев поэзия әлеміндегі сәулесі мәңгі өшпес жұлдыз, қайталанбас құбылыс!” – деп жазды. Осы сөздер-ақ Мағжан поэзиясының бағасын, қоғамда алатын орнын көрсетіп тұрған жоқ па?!

“Бүгінгі күннің бар жазушысының ішінен келешекке бой ұрып, артқы күнге анық қалуға жарайтын Мағжанның сөзі қазақ әдебиетін ХХ ғасырдың басында-ақ әлемдік деңгейге көтерді”, – дейді Мұхтар Әуезов те.

Ұлты үшін тар жол тайғақ кешуден өтсе де, “халық жауы” ретінде тарихтан есімі сызылып, атын атауға тыйым салынса да, “Ұлтым”, “Алашым”, “Туған жерім” деп жырлаудан бір таймаған Мағжандай біртума ақынын халқы ұмытпады. Ақын еліне, жеріне, ұлтына деген кеудесінде бұлқынған асқақ махаббатты өлең жолдарымен жалпақ жұртқа жария етті. Мағжанның өз ұлтына деген махаббаты барша адамзатқа деген сүйіспеншілігімен үндесіп, ұласып жатты. Ол халқына өлеңімен, өмірімен жанын сала қызмет етті. Мағжанның сыршыл өлеңмен өрнектелген еркін, маржандай тізілген поэзиясына оқыған жан тәнті болмай тұра алмайды.

– Мағжан Жұмабаевтың шығармашылығын насихаттау, өлеңдерін танымал етуді көздеп, екі жылда бір рет өткізуді дәстүрге айналдырған фестивальға қатысу шарттары қандай?

– Өнер фестивалінің өрісі кеңейіп, маңызы артып келеді. Бұған дейінгі сайыстарға еліміздің түкпір-түкпірінен жиналған жас таланттармен қатар республикаға танымал ақындар Серік Тұрғынбеков, Елена Әбдіхалықова, композитор Жоламан Тұрсынбаев, тағы басқалары қатысқан болатын. Өнер фестиваліне үш аталым бойынша алдын ала іріктеуден өткен 60-тан астам үміткер қатысады. Жазба ақындар өздерінің бұрын еш жерде жарияланбаған, Мағжанның рухына бағышталған өлеңдерін оқыса, мәнерлеп оқу сайысына қатысушылар оның асыл мұрасы – өлеңдерін, поэмаларын жатқа оқуы керек. Әр қатысушы ақынның 50-ден астам өлеңін білуі міндет. Соңғысында сазгерлер бақ сынайды. Олар Мағжан өлеңдеріне жазылған, бұған дейін еш жерде айтылмаған музыкалық туындыларын ұсынуы тиіс. Өлеңдер тақырыбы – ақынның шығармашылық-адами келбетін, айнымас ұстанымын, елдік-ерлік қасиетін, ұлт тағдырындағы алатын орнын, туып-өскен жерінің шежірелі тарихын, тағы басқасын көрсететін туындылар болуы шарт.

Мағжан рухына арналған биылғы өнер сайысының қазылар алқасына Қазақстан Жазушылар одағының Мұқағали Мақатаев және халықаралық Жамбыл атындағы сыйлықтарының лауреаты, “Парасат” орденінің иегері Несіпбек Айтұлы төрағалық етеді. Одан басқа ақын, халықаралық Алаш сыйлығының лауреаты Ғалым Жайлыбай, “Құрмет” орденінің иегері, халықаралық Жамбыл атындағы сыйлықтың лауреаты Жоламан Тұрсынбаев және тағы басқа әдебиет пен өнер майталмандары келеді.

– Әңгімеңізге рахмет!

Әңгімелескен

Ләйла ЖАНЫСОВА,

“Солтүстік Қазақстан”.

Пікір білдіру


Защитный код
Жаңалау