Солтүстік Қазақстан газеті

АРМАНДАРЫ АСҚАҚ

Печать PDF
Облыс әкімі Құмар Ақсақалов үстіміздегі оқу жылында өңіріміздегі білім беру мекемелерін тамамдаған жетім және ата-ана қамқорлығынсыз қалған балалармен кездесіп, болашақ жоспарлары жайлы әңгімелесті.

 Бүгінгі күні мемлекет тарапынан жетім және ата-ана қамқорлығынсыз қалған балаларға арналған мекемелер түлектерінің тегін оқып, білім алуларына мүмкіндік жасалған.

argaiv1322

– Сіздерге жоғары оқу орнына түсу үшін квота бөлінеді. Елбасының бастамасымен қолға алынған “Баршаға арналған тегін кәсіптік-техникалық білім беру” жобасына қатыса аласыздар. Шәкіртақымен қатар оқып жүрген кезеңде (23 жасқа дейін) асыраушысынан айрылғандарға төленетін жәрдемақы да сақталатын болады. Біз жаңа көзқарастағы, жаңа технологиялар заманындағы өскелең ұрпаққа зор сенім артып отырмыз, – деген облыс әкімі Құмар Ақсақалов түлектерге жоғары білімді, бәсекеге қабілетті, сұранысқа ие мамандықты таңдауға кеңес берді.

Жаңа өмірге қадам басып отырған түлектердің болашаққа құрған жоспарлары асқақ арманға толы. Жамбыл ауданынан келген Айғаным Құдайберген өзінің “Еңбек адамын ардақтайық!” тақырыбында жазған шығармасы облыста ІІ орынға ие болғанын зор мақтанышпен жеткізсе, жетім және ата-ана қамқорлығынсыз қалған балаларға арналған Айыртау мектеп-интернатының түлегі Валентина Василенко “ЭКСПО – 2017” көрмесіне арнап жазған өлеңін оқыды.

Өңір басшысы Құмар Іргебайұлы оқушыларға әлем жұртшылығы көз тігіп отырған ЭКСПО көрмесі туралы әңгімеледі. Кеңес елдері арасында алғашқы болып Қазақстанда өтіп отырған көрменің әркімнің жүрегінде туған жерге деген сүйіспеншілігін оятуы тиіс, – деді Құмар Іргебайұлы.

Кездесу барысында Елбасы Нұрсұлтан Назарбаевтың “Болашаққа бағдар: рухани жаңғыру” атты мақаласындағы “Туған жер” бағдарламасы, үштілділік және жаңа технологияның маңызына тоқталған облыс басшысы түлектерге “Дипломмен – ауылға!” бағдарламасының мүмкіндіктерін пайдалану керектігін айтты. “Сұранысқа ие маман болу – дипломы бар жұмыссыз инженер болудан жақсы”, – деген Құмар Ақсақалов: “Мемлекет маған не береді” деп қарап отырмай, өз күштерің мен білімдеріңді салып, жайлы өмір сүруге тырысыңдар”, – деп ағалық қамқорлығын жеткізді.

Кездесуге келгендердің арасында облыс, республика көлемінде өткен түрлі олимпиадалардың жеңімпаздары, спортта жетістікке жеткен түлектер бар. Спортты жанына серік еткен Александра Семченко президенттік көпсайыстан спорт шеберлігіне кандидат болса, жүзуден ересектердің 1-ші разрядының иегері. Тахир Жепеев баскетболдан екі дүркін чемпион атанған. Петропавлдағы машина жасау колледжінің түлегі Руслан Ахметов білім ошағында оқи жүріп, өзінің болашақта жақсы маман болатынын дәлелдеп үлгеріпті. Ол Петропавл ауыр машина жасау зауытында дуалдық оқыту бойынша тәжірибеден өтіп, сол мекемеде жұмысқа қалуға ұсыныс алған.

Құмар Ақсақалов Елбасының тапсырмасымен облыс орталығында жастардың интеллектуалдық дамуына барлық жағдайлар жасалған, соңғы үлгідегі технологиялармен жабдықталған Оқушылар сарайы салынатынын хабарлады.

Патронаттық отбасында тәрбиеленіп жатқан Камилла Баландина жетім және ата-ана қамқорлығынсыз қалған балаларға мемлекет тарапынан жасалып жатқан қамқорлық үшін алғысын білдірді.

Түлектермен емен-жарқын әңгімелескен облыс әкімі Құмар Ақсақалов балалардың алдарына қойған мақсат-тілектері орындалуына тілек білдіріп, мектептегі достарын, білім берген ұстаздарын, ұмытпай әрқашан қарым-қатынастарын үзбеуді тапсырды. Ол түлектерге ақшалай сыйақылар табыстап, естелік суретке түсті.

Ләйла ЖАНЫСОВА,

“Солтүстік Қазақстан”.

Суретті түсірген Талғат ТӘНІБАЕВ.

 

Пікір білдіру


Защитный код
Жаңалау