Солтүстік Қазақстан газеті

БАНК КЕҢСЕСІ АШЫЛДЫ

Печать PDF

 

argaiv1962

Облыс әкімі Құмар Ақсақалов “ForteBank” акционерлік қоғамының басқарма төрағасы Мағжан Әуезовпен кездесті. Жиын барысында облыстық әкімдік пен қаржы ұйымы арасында өзара ынтымақтастық туралы меморандумға қол қойылды.

– Бүгінде өңіріміздің 28 мың кәсіпкерлік субъектісінде 100 мыңнан астам адам жұмыс істейді. Шағын және орта бизнестің өнім шығарудағы үлесі жыл сайын ұлғаюда. Біз серіктестікке әрдайым ашықпыз. “Forte” атауы шет тілден аударылғанда “күшті”, “бірінші”, “мықты” мағыналарын білдіреді. Бұл банктің бизнесті дамытуға және қызметтерді жақсартуға деген құлшынысын көрсетеді, – деді өңір басшысы кездесуде.

Өз кезегінде “ForteBank” акционерлік қоғамының басқарма төрағасы Мағжан Әуезов тұрғындардың банкке деген оң көзқарасын қалыптастыру үшін қызмет көрсету сапасын барынша жақсартатынын айтты.

Өткен жылдың қорытындысы бойынша “ForteBank” еліміздегі өркен жайып келе жатқан банктердің бірі деп танылған. Өңіріміздің 23 мыңнан астам тұрғыны және мыңнан аса компаниясы аталмыш банктің сапалы қаржылық қызметін пайдаланып келеді. Облысымыздағы көшбасшы банктердің бірінен саналатын “ForteBank” заңды және жеке тұлғаларды қаржылық қызметтің барлық түрі бойынша тиімді ұсыныстарымен қолдап келеді. Сонымен қатар шағын және орта кәсіпкерлік субъектілерін өңірлік бағдарламалар аясында қаржыландыруда жергілікті атқарушы органдармен де ынтымақтаса жұмыс жүргізуде. Соның жарқын бір мысалы – облыс орталығында бой көтеретін теннис орталығының құрылысына қатысуы.

Өңір басшысы Құмар Ақсақалов пен “ForteBank” акционерлік қоғамының басқарма төрағасы Мағжан Әуезов банктің Петропавлдағы филиалының жаңартылған орталық кеңсесінің ашылу салтанатына қатысып, нысанның лентасын қиды.

Нұржан СЕЙІЛБЕКОВ,

“Солтүстік Қазақстан”.

Суретті түсірген

Талғат ТӘНІБАЕВ.

 

Пікір білдіру


Защитный код
Жаңалау