Солтүстік Қазақстан газеті

ӘЛЕМ КӨЗ ТІККЕН КӨРМЕ

Печать PDF
“ЭКСПО – 2017” көрмесі – бұл жаһандық ауқымдағы оқиға. Оны маңыздылығы бойынша дүниежүзілік экономикалық форумдармен, ал туристік тартымдылығы және қатысу ауқымы жөнінен – Олимпиада және футболдан әлем чемпионаттары сияқты ең танымал спорттық жарыстармен салыстыруға болатын шығар. Өткен аптаның соңында Астана қаласында бір жарым ғасырдан астам тарихы бар “ЭКСПО” көрмесі ашылды. Жаһанның 100-ден астам елі қатысып отырған, төрткіл дүние көз тіккен көрмені көру бақыты бізге де бұйырды. Әлем елдерінің назарын энергия тұтыну мәселесіне аударған көрменің  негізгі тақырыбы  –  “Болашақ энергиясы”.

“ЭКСПО – 2017” халықаралық көрмесінің ресми ашылу салтанатына 17 мемлекеттің басшысы мен арнайы өкілдері қатысқаны белгілі. Құрметті меймандар қатарында Ресей Президенті Владимир Путин, Тәжікстан Президенті Эмомали Рахмон, Қытай Халық Республикасының Төрағасы Си Цзиньпин, Беларусь Президенті Александр Лукашенко, Түркіменстан Президенті Гурбангулы Бердімұхамедов, Қырғызстан Президенті Алмазбек Атамбаев, Өзбекстан Президенті Шавкат Мирзиеев, Сербия Президенті Александр Вучич, Люксембург Ұлы Герцогтігінің Премьер-министрі Ксавье Беттель, Армения Президенті Серж Саргсян, Үндістанның Премьер-министрі Нарендра Моди, Пәкістан Премьер-министрі Наваз Шариф, Сингапур Парламентінің төрайымы Халима Якоб бар. Елбасы Нұрсұлтан Назарбаев аса қадірлі қонақтарды көрме кешенінің орталығы – “Нұр Әлемде” орналасқан Қазақстан павильонының алдында қарсы алды.

argaiv1322

Ашылу салтанатында көрермендер назарына көрмеге арналған қойылым ұсынылды. Онда Жер-анадан, күннен және судан қуат алған алып шар дүниежүзін айнала ұшып, қазақ даласына, Астана төріне келді. Көріністе байырғы бабалар заманы мен бүгінгі жаңа заман тынысы суреттелген. Алып сфера қалықтай ұшып, қазақ даласы арқылы адамзат әлеміне шуақ шашады. Осы орайда халықаралық көрменің Қазақстан ұлттық павильонының да алып сфера формасында бой көтергенін еске сала кетейік.

Төрткүл дүние көз тіккен халықаралық шараның ашылу салтанатында Еуропаның үздік опера театрларында өнер көрсетіп жүрген ерекше талант иесі, жерлесіміз Мария Мудряк халық әні «Япурайды» шырқады. Әр қазақтың тұла бойын шымырлатар әннен кейін Қазақстан Республкасы Мемлекеттік күзет қызметі құрмет қарауыл ротасының сарбаздары ортаға салтанатты жағдайда Мемлекеттік Туды ортаға алып шықты. Көк байрағымызды биікте желбіретіп, Мемлекеттік Әнұран шырқалды. Ал одан кейін халықаралық көрмеге қатысуға келісім берген 115 елдің мемлекеттік тулары таныстырылып, байрақ көтерген өкілдер сахнада жүріп өтті.

– Қонақжай Қазақстанның елордасы әсем Астанаға қош келдіңіздер! Бүгін біздің елімізде ғана емес, дүниежүзілік көрмелер тарихында айтулы күн. Қазір көптен күткен халықаралық “ЭКСПО – 2017” көрмесінің шымылдығы ашылады. Осы салтанатты мерекемен баршаңызды шын жүректен құттықтаймын. Біз ЭКСПО көрмесін ТМД және Шығыс Еуропа елдері арасында тұңғыш рет өткізгелі отырмыз. Сөйтіп Қазақ елінің ордасы айтулы көрмені өткізген әлемдегі 35 қаланың қатарына қосылды. Астана үш ай бойы бүкіл адамзаттың жетістіктерін әйгілі ететін басты алаңға айналады. ЭКСПО осыдан 166 жыл бұрын өткен тұңғыш көрмеден бері әрдайым жаңа идеялардың бесігі болып табылады. Алғашқы телефон, аткөлік, компьютер, жер серігі мен атом электр станциясы сияқты жаңалықтың барлығының тұсауы осындай ЭКСПО-да кесілген болатын. Сол игі үрдісті жалғастырған Астана әлемдік инновациялық орталықтың бірі ретінде танылады деп сенемін. ЭКСПО ғылыми жаңалықтар көрмесі ғана емес, барлық елдер мен өркениеттерді жалғайтын алтын көпір. Қазақстан көрмені жоғары деңгейде өткізу үшін жан-жақты дайындалды. Алдыңғы қатарлы инфрақұрылым, дербес энергиялар жүйесі бар ЭКСПО қалашығы салынды. 100-ден астам сәулетті ғимарат бой көтерді. Астананың әлеуеттік даму жолы да тың серпіліске ие болды. Қалада жаңа әуежай, жаңа теміржол вокзалы пайдалануға берілді. Әлемдік деңгейдегі қонақүйлер, мәдени, ойын-сауық кешендері салынды, ашылды. Осының барлығы ЭКСПО-дан кейін де елдің орталық игілігіне қызмет ететін болады, – деді ашылу салтанатында сөз сөйлеген Елбасы Нұрсұлтан Назарбаев.

Көрменің ресми ашылу салтанатынан кейін “Нұр әлем” орталығының үстінде ғажап шоу ұйымдастырылды. Он минутқа созылған шоу барысында Астананың аспаны түрлі бояуға көмкерілді.

ӘР ПАВИЛЬОН-ЖАҢАЛЫҚ ЖАРШЫСЫ

ЭКСПО көрмесі пайда болғалы бері онда қоғамның дамуын өзгерткен түрлі жаңашылдықтар таныстырылып келеді. «Айшылық алыс жерлерден жылдам хабар алғызатын» телефон деген құрылғының алғаш рет осы көрмеде таныстырылғанын біреу білсе, біреу білмес. Ал тұңғыш ұялы телефон 1970 жылдары Жапонияның Осака қаласындағы халықаралық көрмеде таныстырылды. Бұл нағыз төңкеріс болатын. Бұған дейін қолданыста болған телефондардың барлығы электр қуатына қосылмаса, жұмыс істемейтін. Алғашқы ұялы телефондар Осакадағы таныстырылымнан кейін бірнеше жылда кейін-ақ қолданыста пайда болды. Ал саусақтың басқанын сезетін сенсорлық экран алғашқы рет жұртшылыққа 1982 жылы Ноксвилдегі халықаралық көрмеде таныстырылды. Көрмеге келген әрбір адам сенсорлық экранды жеке өзі пайдаланып, байқап көре алды. Отыз жылдан кейін бұл өнертабыс өте танымал бола бастады. Бүгінгі күні сенсорлық экрандар төлем терминалдары, ақпараттық дүңгіршектерде, қалта компьютерлерінде және ұялы телефондарда қолданылады.

Ал бізде өтіп жатқан ЭКСПО көрмесі қандай жаңашылдықпен есте қалатындығын уақыт көрсетер. Десек те, көрменің екінші күні түрлі елдердің павильондарының ашылу салтанатының куәсі болдық. АҚШ, Ресей, Түркия, Тәжікстан, Малазия, Иордания, Әзірбайжан, Армения сынды көптеген елдердің павильондары екі елдің лауазымды тұлғаларының қатысуымен салтанатты түрде ашылды.

Түркіменстан ұлттық павильонының жұмысын аталған елдің Президенті Гурбангулы Бердімұхаммедовтың өзі ашты. Өз сөзінде мемлекет басшысы халықаралық көрменің ұйымдастырылу жұмысына жоғары баға беріп, Қазақстанмен жемісті байланыс орнағандығын атап өтті.

– Түркіменстан бауырлас Қазастанмен бірқатар сәтті жобаларды жүзеге асырып келеді, солардың бірі – Қазақстан – Түркіменстан – Иран бағытындағы темір жол құрылысын атап айтар едім, – деді Гурбангулы Бердімұхамедов.

Түркіменстан ұлттық павильоны елдің жанармай-энергия саласын таныстырды. Ел назарына алдағы уақытта жүзеге асырылуы тиіс бірнеше жобалардың үлгісі ұсынылды. Мәселен, гелиокешенде жайылатын малдың тезегін газ тәрізді отын өндірілмек. Сонымен қатар, Түркіменстан билігі автономды қалдықсыз өсімдік, құс және жылыжайда қозықұйрық өсіруге арналған биоаккумуляторлы гелиобиологиялық кешен салу ісін жүзеге асырмақшы. Кешенде қалдықтар мен шығарынды газдарды да толығымен іске жарату көзделіп отыр.

Түркіменстан енгізіп отырған тағы бір жаңалық – бу-газды электр станциясы кешені. Бұл электр станциясы құрамында төрт газ және екі бу турбиналары, сондай-ақ, төрт кәдеге жаратушы қазандық бар. Олардың есебінше, мұндай электр станциясы жыл сайын миллиардтан астам текше метр табиғи газын үнемдеуге септігін тигізіп, буға айналушы газ қалдықтарын 3 млн. тоннадан артық төмендетуге ықпал етеді. Бұдан өзге павильонда ұлттық нақыштағы тауарлар мен электр энергиясының даму тарихынан сыр шертетін ашық аспан астындағы мұражай түріндегі бір ғасыр Гиндикуш су электр станциясының макеті қойылған. Қазіргі уақытта станцияда 100 жыл бұрын орнатылған құрылғылар мен бұйымдар әлі күнге дейін қолданылып келеді.

Германия павильоны болашақ қаласына көз тастауға мүмкіндік туғызады. Қаланың болашақ өмірі қандай болмақ? Қандай көлікке мініп, қандай үйлерде тұратын боламыз? Осы және өзге де қуатпен қамтамасыз ету мәселесіне қатысты сауалдардың жауабын “Энергия – дұрыс жолда” ұранымен жасалған Германия павильонының экспозициясынан табуға болады. Неміс павильонының “Болашақ қаласы” атауына ие болған экспозиция бөлімінде адамдардың күнделікті өміріне жаңа энергетикалық саясаттың ықпалы сөз етіледі. Көлік пен тұрғын үй салаларын жетілдіру мақсатында неміс өнеркәсібі мен ғылымы ұсынып отырған инновациялар мен шешімдер көрсетілді. Экспозицияның бұл бөлімі екі немесе төрт дөңгелекті заманауи электромобильдер, тұтынудан гөрі, қуатты көбірек шығаратын “ақылды үйлер” және де қуат алу үшін балдырға толтырылған қасбеттік панельдер жайында айтылды. Сонымен қатар, бұл тарауда қазба отынды қолданбай-ақ пластмасса өндірудің жаңа әдісі таныстырылды. Соңғысына кеңірек тоқталсақ, пластмасса өндірісіне төңкеріс әкелетін, әлі зерттеу үстіндегі, тағы бір футуристикалық технология ұсынылып отыр. Power-to-X атауына ие болған әдіс, мұнай мен табиғи газды қолданбай-ақ, су мен көміртегіден пластмасса өндірісіне қажетті негізгі материалдарды алуға мүмкіндік береді. Машина үлгісіндегі экспонат келушілерге инновациялық технологияның жұмыс істеу қағидасын түсіндіретін кішігірім кіріспе сөзден кейін, өз бетінше бір ғана батырманы басу арқылы виртуалды кеңістікте кез келген фигураны, тіпті, футбол бутсасын жасауға мүміндік береді.

Солтүстіктегі көршіміз Ресей Федерациясының ұлттық павильонында елдің энергетикалық әлеуеті, атом саласында жеткен жетістіктері, гидроэнергетикадағы тың серпілісі көрсетілген. “Мұндай ауқымды павильонды таныстырып тұрғаныма қуаныштымын және болашақтың энергиясын көрсетуде ресейлік павильонның алдыңғы орындардан көрінеріне сенімдімін. Барлық келушілер Солтүстік теңіз жолы бойында орналасқан Ресейдің өз табиғи артықшылықтарын қолдана отырып, болашақ энергияның инновациялық дамуына қадам басуын көре алады”, – деді Ресей Федерациясының Қазақстандағы Төтенше және Өкілетті елшісі Михаил Бочарников.

Бір қызығы, павильонның ашылу салтанатында әдеттегідей лента қию рәсімі болмады. Павильонның бас комиссары Георгий Каламанов пен “ЭКСПО – 2017” халықаралық мамандандырылған көрмесінің комиссары Рәпіл Жошыбаев, Ресей Федерациясының Қазақстандағы елшісі Михаил Бочарников сұйық азотпен мұз боп қатырылған лентаны балғамен жарды. Павильонға кірген көрме қонақтары мәңгілік мұзды мекен – Арктикаға тап болғандай әсер алды. Ғимараттың қабырғалары тоң басқан мұз түрінде жабдықталған және ондағы сәулелер Арктика табиғатына ғана тән Солтүстік шұғыла құбылысын бейнелейді. Экспозицияның басты жаңалығы – Арктикадан жеткізілген мұз сеңі болды. Қалыңдығы төрт метрді құрайтын мұз сеңі екі жылда түзілген және арнайы контейнерлер арқылы Астанаға жеткізілген. “Біз “Болашақтың энергиясы” тақырыбын Ресей Арктикасы бірегей аймағы арқылы көрсетеміз. Дәл осы аймақта Ресейдің баламалы энергетикасын дамытудың болашағы зор. Бұдан бөлек, Арктикада пайдалы қазбалар да көп”, – деді ресейлік секцияның бас комиссары Георгий Каламанов.

“ЭКСПО – 2017” халықаралық мамандандырылған көрмесі алаңына Түркия мемлекеті жоғары дайындықпен келгенін байқауға болады. Бұл елдің павильонын тамашалауға келгендердің қарасы қалың болды.

Түркия Республикасының Экономика министрінің орынбасары, Түркия ұлттық секциясының комиссары Тарык Сонмез ЭКСПО көрмелері халықтар арасындағы татулыққа, достыққа, бейбітшілікке шақыратын үлкен іс-шара екенін атап өтті. Оның сөзіне қарағанда, Түркия 19 ғасырдан бастап бүгінге дейін ұйымдастырылып келе жатқан ЭКСПО көрмелерінің 34-іне қатысыпты. Биыл Астанадағы “ЭКСПО – 2017” халықаралық көрмесіне бұл ел “Тұрақты энергия” тақырыбы бойынша дайындалыпты. Әсіресе, жел энергетикасына аса мән берілген. Сонымен қатар олар құрылыс саласында энергия үнемдеуге мүмкіндік беретін әйнектерді таныстырды. Яғни, бұл құрылыс материалында ыстықты және суықты, сырттағы шуды өткізбейтін ерекшелігі бар. Ұйымдастырушылардың айтуынша, бұл өнімді көптеген салада пайдалануға болады.

Осындай түрлі нанотехнологиялардың соңғы жаңашылдығымен, өз елінің салт-дәстүрімен таныстырған павильондардың арасында Оңтүстік Корея мен Қытайдың, Германияның, Жапонияның, Малазияның. Германияның павильондарына барушылардың қатары қалың. Десек те, жергілікті халық та, туристер де Қазақстанның ұлттық павильонын көруге асық болды.

КЕЛУШІЛЕРДІҢ ТАҢДАУЫ – “НҰР ӘЛЕМ”

Көрме аясында ашылған Қазақстан павильонында күн, жел, су, биомасса, ғарыш, тіпті қозғалыс энергиясының озық үлгілерімен танысуға болады. Біздің экспозициямыз “ЭКСПО – 2017" көрмесінің архитектуралық символына айналған көрме кешенінің орталық нысаны – «Нұр әлемде» орналасқан. Бұл диаметрі 80 метр, биіктігі 100 метр құрайтын әлемдегі ең үлкен сфералық ғимарат.

Сегіз қабатты ғимараттың іші де, сырты да көз тартады. Ал экспозициялары кірген адамды бірден болашаққа жетелейді. Футуристік лифтілер, шыныдан жасалған конструкциялар, лазерлік шоулар мен проекциялық көріністер – бәрідеі адамзаттың баламалы энергия көздерін іздеп, табиғат байлықтарын барынша сақтауға деген құлшынысын, ерен еңбегін көз алдына келтіреді. Ал осы саладағы теxнологияларды көргенде әлемнің қаншалықты жылдам дамып келе жатқанын түсінесің. Қазақстандық павильонның бірінші қабатында екі шатыр тігіп қойған. Экскурсияны сол жерден бастаған дұрыс. Бірінші шатырда туристерге арналған сиқырлы тақта қойылған. Ол арқылы қазақтың салт-дәстүрлерімен танысуға мүмкіндік бар. Қолыңды салттың нақты бір атауына тигізсең болды, тақтадағы суреттер қозғалып, сөйлей бастайды. Одан ары қарай өткенде Қазақстанның оңтүстігі мен солтүстігін, батыс мен шығысын шарлап шыққандай боласын. Проекция арқылы күмбезге түсірілген көріністер арқылы Ұлы Даланың кеңдігін сезінуге болады. Экпозицияның негізгі мақсаты – Самұрық құс туралы шежірені көрсету. Сол жерде жер мен көкті байланыстыратын Бәйтерек пен Самұрық құстың алтын жұмыртқасының декорациясы орнатылған. Сондай-ақ, Есік қорғанында табылған Алтын адамның көшірмесі тұр. Ал екінші шатырда футуристік Астанаға сапар жасалады. Бұдан бөлек, бірінші қабатта қазақстандық өнертапқыштар мен олардың ойлап тапқан жаңалықтары xалықтың назарына шығарылып отыр. Одан ары қарай Курчатов қаласында тұрған “Токомак” атты ядролық синтез құрылғысының моделін көруге болады. Тіпті, ондағы физикалық процестермен ішінен танысуға мүмкіндік бар.

Павильонның екінші қабаты толығымен су энергиясына арналып отыр. Онда диірменнен бастап қазіргі озық теxнологияларға дейінгі өнертабыстар қойылған. Біз білмейтін жобалар да баршылық. Мәселен, бүгінде мұxиттың жағасында тұратын мемлекеттер ол судан энергияны алудың сан алуан жолдарын тауып, іске асырып келеді. Ең қызығы, энергияны алу жолы бір болса да, оны іске асыру амалдары бір-біріне ұқсамайды. Мәселен, Шотландия, Дания, Ұлыбритания сияқты елдер арнайы құрылғылардың арқасында қуат көздерін судың астынан, тіпті судың толқынынан өндіріп келеді. Соның барлығын өз көзімен көруге болады. Айта кеткен жөн, бүгінде әлем бойынша баламалы қуат көздерінің 76 пайызы су энергиясынан өндіріледі.

Үшінші қабаттың тақырыбы – “Кинетикалық энергия”. Ол жерде қозғалыстың арқасында қуат көздерінің қалай өндірілетінін көруге болады. Мәселен, «Энергия дөңгелегі» деген экпозицияда екі акробат бір алып конструкцияны айналдырып, қуат өндіреді. Ал арнайы велосипедтер алаңында Астана көшелерімен жарысып қана қоймай, кинетикалық энергияның қалайша пайда болатынын көруге болады. Бұдан бөлек, қозғалыстан қуат көздерін алудың сан алуан мысалдары көрсетілген. Мәселен, бүгінде спорт алаңдарында спортшылар жүгірген кезде алаңнын астындағы арнайы құрылғылар арқылы энергия алуға болады екен. Сол сияқты фитнесте тұрған жүгіру қондырғыларын жай айналдырып қана қоймай, одан қуат шығару жолдары баршылық. Павильонның төртінші қабатында биомассадан энергия алудың озық тәжірибесі таныстырылады. Биодизель, этонол, биокөмір және тағы басқа таза отын түрлерін өндіру жүйесі бар. Бесінші қабатта жел энергиясы және оның тариxына арналған үлкен экпозиция ашылып отыр. Әлемге әйгілі квадриганың үлгісі де осында. Бүгінде біз жел энергиясын қанаттары бар диірменнен алуға болады деп ойлаймыз. Алайда оны тік тұрған діңгекпен де өндіруге мүмкіндік бар. Сол діңгектің бір үлгісі Қазақстан павильонынан орын тапты. Бұдан бөлек, торнадо генераторлары да бар. Ал арнайы залда дауылдан бастап салқын самалға дейінгі желдің түр-түрін сезінуге жағдай жасалған. Алтыншы қабат күн энергиясына арналған. Ол жерде күн энергиясымен жүретін көліктер, күн баттареялары бар киімдер және тағы басқа озық теxнологиялар бар. Экпозиция арқылы Күннің ішіне кіруге болады. Онда тамаша проекциялық көріністер арқылы Күнге ғана емес, Астанаға да саяxат жасалады.

Павильонның жетінші қабаты адамды ғарышқа «ұшырады». Шебер жасалған декорациялардың арқасында Айда серуендеп, ғарышкерлердің өмір салты мен тағамдарымен танысуға болады. Бұдан бөлек, Халықаралық ғарыш станциясының толық тариxы берілген. Ал Планетарийде жер-жаһанның тариxын күмбезді проекция арқылы көруге мүмкіндік бар. Сегізінші қабатқа шыққанда оқиғаның кульминациясына жеткендей боласын. Ол жердегі экпозициялар толығымен Астананың болашағына, қазақтың келешегіне арналып отыр. Шыныдан жасалған көпірден өткен кезде, аяғыңыздың астына қарасаңыз, бірінші қабаттағы тірлікті көре аласыз. Көпірдің орта тұсына жеткенде үрейден аяғымның қалтырағаны соншалық, көзімді тарс жұмып алып, жақтаудан ұсталынған қалпы кері қайттым.

“Астана ЭКСПО – 2017” ҰК” АҚ-ның Контент және іс-шараларды ұйымдастыру департаментінің директоры Марат Омаровтың айтуынша, қазақстандық павильонмен толық танысып шығу үшін үш жарым сағат уақыт кетеді екен. Ал жалпы көрмемен танысып шығуға 4 тәулік уақыт керек.

“ЭКСПО – 2017” көрмесі барысында қазақ еліне келген қонақтарды тек нанотехнологиялармен ғана емес, сонымен бірге қазақ халқының бай тарихы мен зор мәдени мұрасымен кеңінен таныстыру да көзделіп отыр. Ол үшін елордалық “Қазанат” ипподромының аумағында бірегей этноауыл орналасты. Бұл – мәдени-туристік бірегей жоба. Кешен келушілерін қазақ халқының салт-дәстүрімен, өнері мен бай мәдени мұрасымен таныстырады. Меймандар өткенге саяхат жасап, көшпенділер өркениетімен танысып, батыр, шебер немесе бүркітшінің бейнесіне ене алады. Астанадағы этноауылдың жұмысы 10 қыркүйекке дейін жалғасады екен. Осы үш ай ішінде шамамен 700-ге жуық шара өткізу көзделіп отыр. “Қазақ әуендері” АҚ-ның вице-президенті Сәкен Шәкеевтің мәліметінше, шетелдік қонақтар үшін күнделікті концерттік шаралар өткізу жоспарланған. Импровизацияланған ауыл “Қазанат” ипподромы аумағына 2500 шаршы метр аумаққа тігілген 30 киіз үйден тұрады. Сондай-ақ, ойын-сауыққа да арнайы бағдарлама бар. “Сайыс”, “Қыз қуу”, “Күміс алу, “Алтыбақан” ойындары да өз көрермендерін табады деп күтілуде. Ауыл аумағында қазақтың ұлттық музыкалық және театр өнері мен атбегілік және ұлттық спорт түрлерінен арнайы бағдарламалары да әзірленді. “Дәстүрлі аңшылық түрлері” секторында ұлттық аңшылық өнері таныстырылады. Мергендер мен саятшылар келушілерге бекзада өнердің қыр-сырын таныстырады. Ұлттық кешеннің тағы бір ерекшелігі қолөнер шеберлері болмақ. Үш ай бойы меймандар ұлттық қолөнер туындыларын тамашалап қана қоймай, олардың дайындалу барысына атсалыса алады.

Осының барлығын ұйымдастыру үшін шамамен 400 млрд. теңге қаржы жұмсалған көрінеді. Шетелдік және жергілікті журналистер үшін арнайы ұйымдастырылған баспасөз конференцияда “Астана ЭКСПО – 2017” ҰК” акционерлік қоғамының басқарма төрағасы Ахметжан Есімовтің айтуынша, үш айға созылатын көрмеге бес милионнан астам адам келеді деген болжам бар. Себебі, бүгінгі күнге дейін 1 миллион 300 мың билет сатылып кеткен екен. Соңғы деректерге сүйенсек, көрмеге 44 елдің өкілдері билет сатып алса, олардың дені – қытайлықтар мен ресейліктер. Алғашқы күннің өзінде түскі уақытқа дейін он мыңнан астам қонақ келіп үлгерсе, олардың арасында шетелдіктер көп болды. Солардың бірқатарымен тілдесіп, Қазақстан, бас қаламыз – Астана және көрме жайлы пікірлерін білген едік.

Амир Хушанг Данаи,

Иран Ислам Республикасының азаматы.

Қазақстан Президенті Нұрсұлтан Назарбаевтың арқасында әр сала бойынша дамып келе жатқан мемлекеттердің бірі. Өз тәуелсіздігін алған 25 жылдың ішінде жаңа астанасын салды, әлемдік маңызға ие түрлі шараларды өткізіп, көшбасшылығымен көзге түсті, десек болады. «ЭКСПО-2017» көрмесі осы сөзімнің дәлелі болмақ.

Қазақстанның Иран елімен қарым-қатынасы бертін, яғни тәуелсіздік жылдары кезеңінен бастау алды десек, бұл жансақ пікір айтқаным болар. Көрші елдің қазақ даласымен байланысы ежелгі дәуірден бастау алады. Қазақ пен Парсы даласы ежелден бері тарихи – географиялық белдеуде орналасқан аймақтар қатарында жатыр. Парсы жұртының қазақ даласымен тек саяси – экономикалық тұрғыда емес, мәдени дәстүрлік, діни қарым – қатынастар сақталған. Бұл екі аймақ бір дінді ұстанып, бір дәстүрге жақындығымен және тілдік, салттық айырмашылығына қарамай жақындығы белгілі.

ЭКСПО-ға қатысу – Иран елі үшін аса маңызды. Себебі, Иран да мұнай да, газ да, энергия да бар. Сондай-ақ, Иран Ислам Республикасы орасан зор адам ресурстарын, дамыған индустриялық өнеркәсіп және ауыл шаруашылығын, айтарлықтай инвестициялық мүмкіндіктерді иемденді. Нақ осы фактор Қазақстан Республикасының Иранмен экономикалық ынтымақтастықтың түрлі салаларында негізгі әріптес бола алады.

Мамад БАГИРОВ,

Қазақстандағы Әзірбайжан елшілігінің баспасөз хатшысы.

Қазақстанда “ЭКСПО – 2017" халықаралық көрмесінің өтуі – зор жетістік. Бұл Қазақстанның халықаралық аренадағы беделіне оң әсер етері сөзсіз. Сондай-ақ, қатысушы елдер үшін көрмеге келіп, өздерінің баламалы энергетика саласында жеткен жетістіктерін таныстыруы да аса маңызды ғой деп ойлаймын. Болашаққа жасалып отырған қадам бәрімізді бір мақсат, бір мүддеге ұйыстырып отыр. Ол мақсат, мүдде-баламалы энергетика. Баламалы энергетиканы пайдалануда қандай жетістіктеріміз бар, болашақта ол қалай дамиды деген сауал әр елді толғандырып отырғаны сөзсіз.

Әзірбайжан елінде де бұл сала бойынша айтарлықтай жетістіктер бар. Біз жел және күн энергетикасын дамытуды қолға алдық. Сонымен қатар мақта қалдықтарын үйді жылытуға пайдаланамыз. Мұнай-газ қорының да бір күні бітетіні анық. Осы арайда баламалы энергетиканы ойлауға міндеттіміз.

Бізді бауырлас қазақ елінің жетістіктері, қарыштап дамуы және оның баламалы энергетикаға баса назар аударып, әлем елдеріне үн тастауы қатты қуантады. Бұл болашаққа жасалған зор қадам. Осы орайда тіліміз де, діліміз де, дініміз де, мәдениетіміз де ұқсас қазақ елін қолдауға әзірміз.

Ван ПЭЙ,

Қытай Халық Республикасының азаматы.

Осындай халықаралық көрме біздің елде де өткен болатын. 2010 жылы 11 мамырдан 31 қарашаға дейін “Жақсы қала – жақсы өмір” атты тақырып бойынша өткізілді. Көрменің жұмысына 198 ел мен 27 халықаралық ұйымдар қатысқан болатын, ал көрмені тамашалауға 70 млн. жуық адам келген. Қазақстана павильоны “Азия” аймағында Жапония мен Оңтүстік Кореямен көршілес болған. Ондағы Қазақстан павильонының негізгі көздегені – Астананы әлемдегі ең жас, сонымен қатар жақсы дамып келе жатқан елорда ретінде халықаралық деңгейде таныстыру. Мұны мен жақсы білемін.

Бұл жолы көрменің Қазақстанда өтіп жатқанына және осы елге келгеніме қуаныштымын. Елдің бас қаласын аралап, жан-жақты таныспақпын. Сондай-ақ, ЭКСПО халықаралық көрмесінде қандай жетістіктердің таныстырылымы болады екен деген қызығушылық та басым. Әрі көрмеге өз елім де қатысып отыр. Қытай – күллі әлем көз тіккен көрмеге қатысуды ресми растаған алғашқы елдердің бірі. Біздің елдің “Жасыл” экономика саласында бағындырған жетістіктері шаш-етектен екенін атап өткен жөн.

Менің ойымша, көрме Қазақстан мен Қытайдың туризм саласындағы ынтымақтастығына сөзсіз игі ықпал етеді. Егер өткен жылы Қазақстанда 250 мың қытайлық турист болса, биыл олардың саны анағұрлым артпақ. Олардың барлығы Қазақстанды ішінен танып, көрменің жаңашылдығын алғашқылардың бірі болып көруге құштар. Себебі, технология саласындағы төңкерістер әлемнің дамуын өзгертеді емес пе?

Арайлым БЕЙСЕНБАЕВА,

“Солтүстік Қазақстан”.

Суреттерді түсірген Талғат ТӘНІБАЕВ.

Петропавл – Астана – Петропавл.

Пікір білдіру


Защитный код
Жаңалау