Солтүстік Қазақстан газеті

ОТАННАН БЕЗУ — ОПАСЫЗДЫҚ

Печать PDF

Отан әрбір адам үшін қасиетті ұғым, оның отбасынан бастау алып, мемлекетті іштей жұмылдырып тұратын алып күш екендігі баршаға аян. Өз Отанын, туған жерін қорғау – әркімнің азаматтық парызы. Отансүйгіштік – өз отбасына, қоршаған ортасына, тұрған жерінің табиғатына, жалпы еліне деген құрметтен бастау алатын сезім. Міне, жастарды осындай шынайы патриоттыққа тәрбиелеудің қоғам үшін маңызы зор. Әрбір елдің болашағының жарқын болуы оның азаматтарының білімділігімен қатар отансүйгіштік сезімдерінің деңгейіне байланысты. Өз елінің, ұлтының патриоты болған азамат қана елінің тағдырына жанашырлықпен қарап, оған адал қызмет етуді өзінің борышы деп санайды.

argaiv1582

Қазақ халқы үшін “Отан үшін отқа түс, күймейсің” деген даналық сөз – тәрбиенің негізгі ұстанымы. Халқымыз баланы Отанды қорғау жолында барлық қиындықтарға төзе білуге тәрбиелейді, ата-бабамыздың көздің қарашығындай қорғап келген жері мен аңсап өткен тәуелсіздігін сақтап қалу үшін кейінгі ұрпаққа перзенттік парыз жүктейді.

Дегенмен, соңғы жылдары еліміздің аумағында осынау Отан деген ұлы ұғымның қадір-қасиетін төмендеткісі келетін, халықты өзіне тән құндылықтары мен ұлттық болмысынан айырып, елдің тұтастығы мен қауіпсіздігіне қатер төндіретін теріс пиғылды ағымдар саны артып келеді. Дәстүрлі емес дінді ұстанғандардың негізгі мақсаты ел арасына іріткі салып, алауыздық тудырып, тұтастығымызға қол сұғу болып табылады.

Мәселен, олар елдігіміздің нышаны – мемлекеттік рәміздерді құрметтемейді, сайлауда дауыс беруге қатыспайды, айтулы мерекелерді тойламайды. Яғни, олардың отансүйгіштік, патриоттық сезімнен ада екенін байқауға болады.

Ал нағыз патриоттық сезім адамның, ең алдымен, өз елінің – Ата Заңын, Туын, Елтаңбасын, Әнұранын, төлқұжатын, мемлекеттік тілін құрметтеуінен басталады. Ал адамды өз отбасынан, одан әрі Отанынан безінуге жетелейтін ислам атын жамылған діни ағымдар оңы мен солын танып үлгермеген өскелең ұрпаққа теріс көзқарастарын сіңіруге жанталасуда. Ұлттық құндылығынан алыстаған бала өзіндік ойлау қабілетінен де айрылып, күйзеліске ұшырайды, одан соң қоғамнан оқшауланып, өз елін тастап кетуге дейін барады. Жалған “жиһадтың” соңында, “таза исламды” аңсап, “жұмаққа” баруды көздеп, туған жерін оп-оңай тастап кетушілер осындай ортадан шығып жатыр. Өткен жылдары төрт жүзден астам отандасымыз “жиһадтың” жетегіне еріп, Таяу Шығыстағы соғыс алаңына аттанды.

Зайырлы мемлекет пен оның заңдарын жоққа шығаратын теріс пиғылды ағымдар өздерін ғана шынайы ислам дінін ұстанушылар деп жариялап, билікке қарсы бағытталған көзқарастарды насихаттайды. Олардың елімізге қатысты ұстанымдары мемлекет билігін мойындамауға, азаматтық міндеттерден, дұрыс өмір сүру салтынан бас тартуға негізделеді.

Осындай идеологияның ықпалына түскен діни сауатсыз жастар өз еліне қарсы көзқарасты ұстанып, “нағыз ислам” мемлекетінде тұруды көздеп, елден кетуге шешім қабылдайды. Алайда, біздің елімізде отбасын тастап, туған жерден безетіндей қиындықтар жоқ. Дінді ұстануға да, діннің насихатталуына да елде барлық жағдай жасалған. Оларды жылы ұясынан бездіруге үндеп отырғандар – халықтың арасына іріткі салып, мемлекеттің тыныштығы мен ынтымағын бұзуды көздеушілер, елді бөлшектеп, жерімізге көз сүзушілер.

Ал шынайы ислам дінінде Отанға, отансүйгіштік, патриоттық сезімге деген көзқарас қандай? Бұл ұғымдардың мәні қалай түсіндіріледі?

Ислам дінінде Отанды, туған жерді қорғау ең қасиетті борыштардың бірі болып есептеледі, оны қорғау жолында қайтыс болғандар шәйіттердің қатарынан саналатындығы бұл ұғымның қаншалықты маңызды екенін көрсетеді.

Сонымен қатар Отан қорғаудың маңыздылығын көрсететін мынадай тағылымды хадис те бар: “Екі көз ақыретте тозаққа күймейді: біріншісі, күнәсіне өкініш білдіріп, оңашада егіліп жылаған көз, екіншісі, Отанды қорғап, шекара күзеткен көз”. Осының өзі басқа жерді өзінің туған жерінен артық санап, “жұмақ өмірді” аңсап, Отанынан безінудің қисынсыз екенін дәлелдемей ме?!

Жат ниетті ағымдардың негізгі мақсаттары елдің қамын ойлап, жастарға тура жолды көрсету емес, керісінше, мемлекеттің ішкі қауіпсіздігіне зиян тигізу екені айдан анық. Елді тоқырату жолында олар, негізінен жастарды пайдаланатындығы белгілі. Өйткені, елдің ертеңі білімді жастардың қолында. Бүгін жастарды арбап, білімнен, руханияттан айырып, өз мақсаттарына қолдана алса, мәңгүртке айналған адамды өз мүдделеріне пайдаланудың да қиындығы болмайды. Сол себепті олар жастардың білім алуына, ғылыммен шұғылдануына қарсы.

Сондықтан да жастарды әртүрлі жат ағымдардың жетегінде кетуден сақтандыру үшін жастайынан асыл дінін, төл тарихын, ұлттық құндылықтарын біліп өсуіне баса мән беру өте маңызды. Өскелең ұрпақты ата-бабаларымыздың сан ғасырлар бойы ұстанып келген имандылық жолына, туған жері мен салт-дәстүрін, тілі мен мәдениетін берік ұстануға тәрбиелеу арқылы елдің тұтастығы мен ынтымағына қол сұғуды көздеген теріс пиғылды ағымдардың ықпалынан сақтандыруға күш салғанымыз жөн. Оларды отансүйгіштікке, патриоттыққа, адамгершілік қасиеттерге баулып, жалған құндылықтардан аулақ болуға тәрбиелеуіміз қажет.

Ата-бабаларымыз да территориялық тұтастығымыз пен руханиятымызды қорғау жолында қаншама тер төгіп, ерен еңбектер атқарды. Атамекенін жатқа таптатпаған жауынгер қазақ халқының ұрпақтары енді найзаның ұшы, білектің күшімен келген тәуелсіздіктің қадірін жете түсінуге міндетті. Азаттықтың туын жықпай, Мәңгілік елге айналуға үлес қосу бүгінгі буынның перзенттік парызы.

Жанар ТЕҢЛІБАЕВА,

дін мәселелері жөніндегі ғылыми-зерттеу және талдау орталығының жетекші ғылыми қызметкері.

Пікір білдіру


Защитный код
Жаңалау