Солтүстік Қазақстан газеті

“БОЛАШАҚ ЭНЕРГИЯСЫ” — ТЫҢ БАСТАМА

Печать PDF

 

argaiv1682

Батыс пен Шығыс өркениетін жалғастыратын алтын көпір атанған ару Астанамызда “ЭКСПО – 2017” халықаралық мамандандырылған көрмесінің жалауы желбіреді. Сарыарқа төсінде беделді шараға Мағжан елі қандай тарту жасамақ? Елімізге келген туристерді қызықтыратын қандай жобалармен таныстыратын боламыз? Жалпы “ЭКСПО”-ға облысымыздың дайындық жұмыстары қалай? Бүгінгі мақаламыз осы тақырыпқа арналмақ.

Үш айға созылатын “ЭКСПО – 2017” көрмесі кезінде Астана ірі халықаралық, көрме және ақпараттық-таныстырылымдық алаңға айналады. Көрмеге әлемнiң 110-нан астам мемлекетi өздерiнiң ең үздiк ғылыми жобаларын әкеледi. Көрме тақырыбы – “Болашақтың энергиясы”.

Елордамыз осы саладағы ең үздік әлемдік әзірлемелер мен трендтер көрсету үшін тиімді алаңға айналмақ. Атап айтсақ, біздің өңірден көрмеге аталмыш бағытта ізденісте жүрген “Зенченко және К” коммандиттік серіктестігі, “Био-ТЭС”, “Тайынша-Астық”, “Сапро-Нат”, “Радуга”, “VentacGroup”, “Soltustik-RubberRecycling”, “Углежок” жауапкершілігі шектеулі серіктестіктері, “Ахмутдинов” ЖК қатысып, өз өнімдерін жарнамалайтын болады.

Облыстық кәсiпкерлiк және туризм басқармасының туризмдi дамыту бөлiмiнiң басшысы Қанат Шамсутдиновтың айтуынша, өңiрде көрмеге дайындық жұмыстары бірнеше бағыт бойынша жүргiзiлген.

– Облыста көрменi насихаттау бойынша тиiстi жұмыстар атқарылуда, көшелерге арнайы билбордтар, ақпараттық үнпарақтар орнатылды.

Елордадағы көрмеге баратын 100 мың адамды көлiкпен қамтамасыз ету, олардың жатын орнын дайындау, саяхаттарын ұйымдастыру шаралары жоспарға сай атқарылуда. Автобус саны артып, пойыздар мен әуе рейстерi бойынша да орындар көбейтiлмек. Астанадағы жатақханаларды алдын ала брондау шаралары қолға алынды. Сондай-ақ, облыстан ағылшын, орыс және қазақ тiлдерiн жетiк бiлетін жүзге жуық ерікті iрiктелдi. Астанаға облыстан ауыл шаруашылығы өнiмдерiн тасымалдау жұмыстары да бақылауда тұр, – дедi Қанат Қайратұлы.

Облыстың диқандары мен кәсiпкерлерi “ЭКСПО – 2017” көрмесiне қызу дайындалуда. Бұл – көрменi ұйымдастырушыларға да, кәсiпкерлерге де тиiмдi. Бiрiншiден, көрмеде отандық өнiмдерге басымдық берiледi. Екiншiден, кәсiпкерлердiң табысы молайып, өнiмдерi өтедi. Үшiншiден, көрмеге қатысушылар сапалы әрi денсаулыққа пайдалы, құнарлы азық-түлiк өнiмдерiн тұтынады.

Сонымен көрмеге аққайыңдар өлкесінен 2851,1 тонна ауыл шаруашылығы өнімі жіберіледі. Атап айтқанда, 200 тонна ұн, 417,1 тонна ет және 132 тонна ірімшік, 140 тонна бал, 40 тонна балық және тағы басқа өнімдер ауыл шаруашылығы жәрмеңкелері барысында қолжетімді бағамен саудаланбақ. Бүгінде тауарды орналастыру және сату бойынша Ауыл шаруашылығы министрлiгiмен және Астана қаласы әкiмдiгiмен тиiстi келісімдер жүргiзiлді.

Елімізде бұрын-сонды болмаған мұндай іс-шараның абыроймен өтуіне халықтың елеңдеуі де өте орынды. Бұл Қазақстанның халықаралық деңгейде абыройының асқақтауына зор себеп болады. Көрмені өткізу Астана қаласының, сонымен бірге республикамыздың экономикалық және инфрақұрылымдық дамуын қосымша ынталандыруға қызмет етеді. Мұндай мамандандырылған көрмелерде әлемнің көшбасшы мемлекеттері өздерінің ең үздік инновациялық, технологиялық, ғылыми және мәдени жетістіктерін ұсынады. Олар жаһандық дамудың жаңа күн тәртібін қалыптастыруға бет алып, әлемдік экономиканың өрлеуін де, мәдениеттің мәйегін де, өнердің гүлденуін де паш етеді

Ел өміріндегі маңызды оқиғаны тамашалауға мектеп оқушылары мен студенттері де асық. Облыстық білім беру басқармасының бас маманы Анатолий Тарахтунның айтуынша, Астанаға 11286 мектеп оқушысы жіберіледі. Олардың қатарында ата-ана қамқорлығынсыз қалған, аз қамтылған отбасылардың балалары, оқу үздіктері мен әртүрлі байқаулардың жеңімпаздары бар. Сондай-ақ, кәсіптік-техникалық колледждердің 600 студенті де бас қалаға жол тартпақ. Жеткіншектердің Астанаға баруы үшін жергілікті бюджеттен арнайы қаржы бөлінген. Балалардың алғашқы легі 9 маусым күні жолға шықты.

Көрменiң облысымыздағы бас операторы – “Прогресс” компаниясының ішкі туризм бөлімінің меңгерушісі Надежда Иванованың айтуынша, Астана қаласындағы экскурсия тек “ЭКСПО – 2017” көрмесімен шектелмейді. Жерлестеріміз елорданың ажарын айшықтайтын көрікті орындарын аралайды. Солтүстікқазақстандық туристерге “Хан Шатыр” сауда-ойын-сауық орталығын, “Астана-Бәйтерек” монументін, “Думан” ойын-сауық орталығын, “Атамекен” Қазақстан картасы” этномемориалдық кешенін, “Ғашықтар” саябағын көрсету жоспарлануда. Біркүндік сапардың бағасы 14 мың теңгеден басталады.

Мағжан Жұмабаев ауданының ардагерлер кеңесінің төрағасы Оралбай Сағындықов көрменің еліміз үшін маңыздылығы орасан екенін, үш айға созылатын көрмеге қазақстандықтардың қатысқаны жөн екенін айтады. Оның сөзіне қарағанда, облыс бойынша 100 зейнеткерді халықаралық көрмеге апару көзделген. Олар ардагерлер кеңесінің есепшоттарында қайырымдылық сенбіліктерінде жиналған қаржыға және демеушілердің есебінен баратын болады. Бүгінде автокөлік мәселесi шешілуде.

– Бес жыл бойы көрмеге тыңғылықты дайындалған Қазақ елі енді әлем назарын өзіне аударып отыр. Халықаралық көрменiң халқымызға тигiзер пайдасы туралы айтқанда, оның өңiрлердегi отандық шағын және орта бизнестiң дамуына оң ықпалына айрықша тоқталған жөн. “ЭКСПО” құрылысына отандық кәсiпорындарды тарту арқылы өңiрлердегi шағын және орта бизнестiң дамуына, әсiресе, қазiргi дағдарыс жағдайында айрықша оң ықпал еттi. Көрмеге келушілер еліміздің көпұлтты бай мәдениетімен, салт-дәстүрімен, тарихымен, өнерімен және қазақтың ерекше қасиеті – қонақжайлылығымен танысады. Әлемдік қоғамдастықтың алдында бұл көрме Қазақстанның туристік тартымдылығын және танымалдығын арттырады емес пе, – дейді Оралбай Шәріпұлы.

Елорданың төріндегі көрмені қызықтауға келгендер еліміздің өнерпаздары мен шетелдік танымал әртістердің қатысуымен болатын үш мыңға жуық мәдени шараларды тамашалайды деп күтілуде. Халықаралық көрме барысында облыстардың мәдениет күндерін өткізу жоспарланған. Солтүстікқазақстандық өнерпаздар 21-31 тамыз күндері аралығында елорда тұрғындары мен қонақтары үшін мәдени іс-шаралар мен қайталанбас шоу өткізбекші.

Біздің жерлестеріміз мәдени-туристік және имидждік бірегей жоба болып табылатын “Этноауыл” ұлттық-мәдени кешенінің алдында суретшілердің және шебер қолөнершілердің көрмесімен мәдениет күндерінің шымылдығын түреді. Шараның шарықтау шегінде солтүстікқазақстандық өнерпаздар Амфитеатр, Энергия холы, Конгрессхолл немесе Өнер орталығының алдындағы алаңдарда өңіріміздің мәдениетін кеңінен таныстырады. Мәселен, облыстық қуыршақ театры – “Белая дочь степей”, Н.Погодин атындағы облыстық орыс драма театры – “Ночь перед Рождеством”, ал С.Мұқанов атындағы облыстық қазақ сазды-драма театрының әртістері “Ревизор” спектакльдерін қояды. Әр күндері сахна төрінде “Әлқисса” фольклорлық-этнографиялық ансамблі, “Туған жер” халық би ансамблі, “Балқадиша” вокалдық тобы, “Айнар”, “Самғау”, “Әлем”, “Курс” эстрадалық топтары, “Сегіз сері” атындағы қазақ халық аспаптары оркестрі концерттік бағдарламаларын ұсынатын болады. Сонымен қатар “ЭКСПО – 2017”: Қазақстан жаңа тарих белгісі” көрмесі, “Солтүстік Қазақстан облысы” деректі фильмі көрсетіліп, “Мәңгілік елдің жыршысы” жастар бағдарламасы ұйымдастырылады. Ал 31 тамыз күні Солтүстік Қазақстан облысының үздік шығармашылық ұжымдарының “Қызылжар елі – Солтүстік інжу-маржаны” галаконцертімен аяқталатын болады.

Жалпы, Астанадағы “ЭКСПО – 2017” Орталық Азия мен ТМД елдерінде өткізілгелі отырған алғашқы халықаралық көрме болмақ. Ол үстіміздегі жылдың 10 маусымынан 10 қыркүйегіне дейін созылады. Оған әлемнің 100-ге тарта елі және 10-ға жуық халықаралық ұйымдар қатысады деп күтілуде. Көрмеге 5 миллионнан астам адам келеді. Бұл Қазақстанның халықаралық аренада ілгері жылжуы жолындағы үлкен қадам болары анық.

Қанат АТАМАНОВ,

“Солтүстік Қазақстан”.

Пікір білдіру


Защитный код
Жаңалау