Солтүстік Қазақстан газеті

АУЫЛ ТҰРМЫСЫ ЖАҚСАРА ТҮСПЕК

Печать PDF
Өзінің даму және мемлекет болып қалыптасу тарихында көптеген күрделі кезеңдерді басынан өткерген Қазақстан халқы келесі жаңа белеске көтерілу жолында тың серпіліс жасап отыр. Елбасының “Қазақстанның Үшінші жаңғыруы: жаһандық бәсекеге қабілеттілік” атты Жолдауы – еліміздің одан әрі дамуының алғышарттарын көрсететін және қазақстандықтарды жа­ңа белестерді бағындыруға же­телейтін, ортақ мақсатқа топтастыратын тарихи құжат.

Тәуелсіздіктің ширек ғасырында қыруар шаруа атқарылып, толайым табыстарға бастаған тындырымды тірліктер жасалды. Бүгінде алпауыт әлем елдері санасатын күнге жеттік. Ендігі кезеңде, еліміздің экономикалық қуаты одан әрі бекіп, халықтың әл-ауқаты арта түсуі үшін жұмыла еңбек етуіміз қажет. Бұл бағытта қандай жұмыстар жүзеге асырылуда?

argaiv1582

Мағжан Жұмабаев ауданындағы Молодежный ауылдық округінің аумағында Молодежный және Сарытомар елді мекендері бар. Бүгіндері 475 адам түтін түтетіп отырған ауылдарда ауыл шаруашылығы негізгі табыс көзі болып табылады. Иелігіміздегі жердің 18320 гектарына дәнді дақылдар өсіріледі. Бұл егістік алқапқа “Қызылжар МТС Агро”, “Авангард СКО”, “Алтын – Жер СҚ”, “Сарытомар СҚ” жауапкершілігі шектеулі серіктестіктері, 22 шаруа және фермерлік қожалықтары дән сіңіріп, табысқа кенелуде. Елбасы Жолдауда біз астық өнімдері бойынша Еуразияда “нан кәрзеңкесі” болуымыз керек екендігін айтты. Бүгінде округ аумағындағы агроқұрылымдар өздерінен артылған астықты сату арқылы тұрақты тұтынушыларын тапты.

Округ тұрғындары егін егіп, мал өсіруден басқа, шағын кәсіпкерлікпен айналысуға да бет бұрған. Бүгінде Молодежный және Сарытомар ауылдарында үш сауда орны жұмыс істейді. Олар ауылдық округтің халқын алғашқы қажетті тауарлармен қамтамасыз етіп отыр.

Ауылдағы ағайынның әлеуетін жақсарту үшін әлеуметтік салалар да дамуы тиіс. Әсіресе, таза ауызсу көп ауылдардың өзекті мәселесіне айналса, біз орталықтандырылған су құбыры мұнарасы арқылы тіршілік көзіне қол жеткізіп отырмыз. Ал Сарытомар ауылындағы 20 үйге су тартылған.

Бүгінде әр елді мекеннің темірқазығы болып отырған білім ошағы екі ауылда да жұмыс істеп тұр. Мектептер білім беруге қажетті материалдық-техникалық базамен қамтылғанымен, оқушы саны аз. Қос мектепте бар-жоғы 83 бала білім алуда. Молодежный ауылындағы мектепте 15-ақ бала оқиды. Бұл ауыл тұрғындарының мектеп жабылып қала ма деген алаңдаушылығын тудырып отырғаны сөзсіз. Үкіметтің 2007 жылғы “Білім беру жүйелеріне кепіл болу туралы” қаулысына сәйкес оқушылар саны орта мектептерде 81 және одан көп, ал орталау мектептерде – 41, бастауыш мектептерде 5 баладан кем болмауы керек. Енді бізге аталған ауылдағы мектептің орталау деген мәртебесін сақтау үшін оқушылар санын көбейту керек. Ол үшін еліміздің оңтүстік облыстарынан көшіп келіп жатқан ағайындарды тартуды ойластырып отырмыз.

Балаларды мектепке дейінгі оқумен және тәрбиемен қамтамасыз етуге бағытталған мемлекеттік “Балапан” бағдарламасын жүзеге асыру аясында, Молодежный мектебінде – 25, ал Сарытомар мектебінде 15 орындық шағын орталық жұмыс істеп тұр. Бүгінде ауылдарда бала туу көрсеткіші төмен екені жасырын емес. Биылғы Жолдауда 1 шілдеден бастап бала туғанда берілетін бір реттік жәрдемақы көлемі 20 пайызға өсетіні айтылды. Бұл ауылымыз түгіл, өңіріміздегі демографиялық жағдайды жақсартуға септігін тигізер деген үміттеміз.

Округтегі екі медициналық пункттің қызметкерлері ай сайын жалғызбасты зейнеткерлерге, сырқат адамдарға және балаларға барып, денсаулықтарын бақылауда ұстап отыр. Айына бір рет Совет ауылдық емханасының дәрігерлері келіп тұрады. Сондай-ақ, медициналық пункттер қажетті дәрі-дәрмектермен қамтылған. Округте міндетті әлеуметтік медициналық сақтандыру жүйесінің басты қағидаттарын түсіндіру жөніндегі шаралар қолға алынған. “Үкіметке және әкімдерге кең ауқымды ақпараттық-түсіндіру жұмысын жүргізуді тапсырамын”, – деген болатын Елбасы өз Жолдауында. Денсаулық сақтау саласындағы жаңашылдықты ауыл тұрғындарына жеткізу біздің басты міндетіміз болып табылады.

Бүгінде елімізде жұмыссыздарды еңбекке тарту бойынша түрлі бағдарламалар жүзеге асырылуда. Әсіресе, ауыл тұрғындарын жұмыспен қамту елді меккендердің сақталуына септігін тигізері сөзсіз. Жұмыс бар жерде тұрғындар да бақуатты, ауыл да тұрақты дамиды. Мәселен, өткен жылы 32 адам жұмысқа орналастырылды. Оның 14-і жаңа жұмыс орындарына орналасса, ал өкілетті орган арқылы 5 адам еңбекпен қамтылды. Ауылдық округте жалғыз тұратын бес зейнеткерге қызмет көрсететін әлеуметтік жұмысшы бар. Биыл да ауылдарда осындай тиісті жұмыстар атқарылуда.

Округтегі қоғамдық тәртіпті учаскелік инспектор қадағаласа, өскелең ұрпақтың тәрбиесіне, рухани дамуына ардагерлер және әйелдер кеңестері зор үлестерін қосуда. Сонымен қатар Сарытомар ауылындағы Мағжан Жұмабаев мұражайы да жастарға танымдық, тағылымдық тәрбие беріп қана қоймай, мағжантанушылардың сүйікті орнына айналған. Жалпы ауыл тұрғындарының көңілін көтеріп, күнделікті тірліктеріне әр беретін түрлі мәдени шаралар ұйымдастырылып отырады. Мемлекеттік мейрамдарды тойлағанда округ аумағындағы агроқұрылымдар демеушілік жасап, игі істің басы-қасында жүреді. Осындай бірліктің арқасында округ тұрғындары аудандық, облыстық деңгейде өтетін барлық спорт шараларына белсене қатысып жүр.

Бұл осы күнге дейін атқарылған жұмыстар. Ал алдағы уақытта округімізді көркейтер бірқатар шараларды қолға алуымыз керек. Олар – елді мекендерді абаттандыру, шағын кәсіпкерлікті дамыту, жұмыс орындарын құру, Молодежный ауылын ауызсумен қамтамасыз ету, аталған ауылға дейінгі тасжолды жөндеу. Бұл мәселелерді шешуге аудан басшылығы да қолдау жасап, көмегін көрсетуде. Сәтін салса, үстіміздегі жылы бұл түйінді мәселелер өз шешімін табатынына сенімдімін. Себебі, бұдан да күрделі мәселелер Үкіметтің қабылдаған шараларының арқасында шешіліп, ауыл тұрғындарының жағдайы анағұрлым жақсарды.

Ширек ғасыр даму жолынан өткен Қазақстанның әр ауылының іргесі алдағы жылдары нығайып қана қоймай, өрісі кеңейеді деген сенімдеміз. Мемлекет құру жолында теңдессіз мол тәжірибе жинап, жаңа кезеңге қадам басқан Қазақстанның ендігі мақсаты – әлемдік дағдарыстың әрбір сәтіне ерекше дайындығымызды пысықтап, ел экономикасын дамыту мен халықтың тұрмысын жақсартып, табысы жоғары ел қатарына қосылу үшін аянбай еңбек ету.

Нұрсұлтан ШАХМЕТОВ,

Молодежный ауылдық округінің әкімі.

Мағжан Жұмабаев ауданы.




 

Пікір білдіру


Защитный код
Жаңалау