Солтүстік Қазақстан газеті

КӨМЕК КӨПТІК ЕТПЕЙДІ

Печать PDF

 

argaiv1934

Жұмыс сапарымен Ғабит Мүсірепов атындағы ауданға барған облыс әкімі Құмар Ақсақалов көктемгі егіс науқанының барысымен танысып, су тасқынынан зардап шеккен Рузаевка ауылының тұрғындарымен кездесті. Табиғи апатқа тап болған жерлестерімізге қолдан келген көмектің бәрі көрсетілуде.

Қазір дала жұмыстарының қызған шағы. Құмар Іргебайұлы атбасын бұрған “Азко Пески” ЖШС-і биыл барлық егіс алқабының 20 пайызын парға қалдырған екен. Бұл шамамен 1,5 мың гектарға тең. Тың жер – болашақ мол өнімнің кепілі. Серіктестік директоры Айдар Жанзақовтың айтуынша, 7727 гектар алқапқа жаздық дақылдар сіңіріліпті. Барлық жұмыстар технологиялық тиімді мерзімде аяқталған.

Ғабит Мүсірепов атындағы ауданның әкімі Владимир Дудов диқандар биыл сапалы тұқым сепкенін жеткізді. Негізінен төртінші, бесінші және алтыншы сұрыпты тұқымға басымдық берілген.

– Біз былтыр 60200 гектар алқапқа майлы дақыл сепкенбіз, биыл оны 67700-ге дейін жеткізуді жоспарлап отырмыз. Сонымен қатар қарақұмықтың алқабын көбейттік, бұршақ үш есе көп егілді, ноқат пен жасымықты да арттырдық. Биыл суперэлиталық тұқым көлемі өсті, элиталық және бірінші сұрыпты тұқым азайып, керісінше, екіншісі сәл көп. Ал минералды тыңайтқыштарға келетін болсақ, 8300 тонна тыңайтқыш алу үшін келісімшарт жасалды. Бірер күнде арамшөп пен зиянкестерге қарсы дәрілеуді бастаймыз, – деді аудан әкімі.

Құмар Ақсақалов алқап басында ауданның диқандарымен кездесіп, топырақтың құнарлылығын азайтып алмау үшін оны өңдеу технологияларын сақтаудың маңыздылығына тоқталды. Сонымен қатар еңбек өнімділігін арттыру, жұмысшылардың жалақыларын өсіру қажеттігіне шаруашылық басшыларының назарын аударды. Кездесуде ауыл шаруашылығы техникалары өндірісін дамытудың жай-жапсары да сөз болды.

– Біздің облыс ауыл шаруашылығы техникаларын сатып алуға көп қаржы жұмсайды. Қымбат техникалар алынуда, яғни қомақты қаржы шетке, басқа мемлекеттерге кетуде. Біздің мақсатымыз – аз ақшаға, сапалы техника алуға қол жеткізу. Қандай комбайн мен трактор қажет екенін анықтап, сұраныс бойынша техникаларды өзімізде құрастыратын боламыз, – деді өңір басшысы.

Аграрлық саланы әртараптандыру үшін егіншілікпен қатар мал шаруашылығын дамытудың да маңызы орасан. Ет экспорты мен сүт өндірісінде мүмкіндіктер көп. Облыс әкімі көптеген шаруашылықтар бір сиырдан жылына орташа есеппен 6 мың литр сүт сауғанымен, оған деген сұраныс әлі де көп екенін айтты. Мал басын арттыру жайы Возвышенка ауылдық округінде шаруалармен кездесуде де талқыланды. “Возвышенка СК” ЖШС-нің директоры Абдурахим Нукаев озық тәжірибесімен бөлісті. Бұл серіктестік егіншілікпен қатар мал басын арттыруды қолға алған. Қазіргі таңда қорасында абердин-ангус тұқымды 1285 ірі қара бар. Жылдың өткен төрт айындағы көрсеткіш бойынша жұмысшыларының орташа еңбекақысы 108 мың теңгені құраған.

– Барлық дақылдарды сұранысқа сәйкес егетін болсақ, онда ауыл шаруашылығы саласында табысқа қол жеткізуге болады. Біз сіздердің бай адам болғандарыңызға мүдделіміз. Мемлекет те бұл саясатты қолдайды. Елдің өркендеуіне үлес қосып жүрген адамдарды есімізден шығармауға тиіспіз. Дәнді дақылдардың сапасына назар аударып, гектар берекелігін арттыру керек. Мемлекеттің жерін сіздерге пайдалану құқығы берілген. Егер бұл мүмкіндікті дұрыс пайдаланбаса, онда мемлекеттің қатаң сұрауға құқығы бар. Өйткені, еңбекақысы уақтылы қолына тимесе, адамдар салық алмаса мемлекет зардап шегеді. Басшылар өз әлеуетін дұрыс пайдаланып, барлық процестерге тиімді жетекшілік етуі тиіс. Демеуқаржы және басқа да көмек түрлерімен мемлекет сіздердің істеріңіздің оңға басуына, табысқа жетулеріңізге қолдау көрсетіп отыр, – деді Құмар Ақсақалов.

Сонымен қатар облыс әкімі кәсіпкерлердің назарын әлеуметтік жауапкершілікті арттыру қажеттігіне аударды. Олар елді мекендерді абаттандыруға, бірінші кезекте жастардың бос уақыттарын мазмұнды өткізуіне қолайлы жағдай жасауға өз үлестерін қосуы тиіс.

Ғабит Мүсірепов атындағы ауданға жұмыс сапары барысында өңір басшысы Рузаевка ауылында болып, көктемгі су тасқынынан зардап шеккен тұрғындармен кездесті. Аудан әкімі Владимир Дудов табиғи апаттан зардап шеккен 119 отбасының әрқайсысына келтірілген шығынға төленген өтемақылардан бөлек 96 мың теңгеден ақшалай көмек көрсетілгенін айтты.

– Материалдық көмек ретінде келген тұрмыстық техникаларды да аудандық мәслихаттың депутаттары барлық жағдайларды есепке ала отырып бөлді. Олар бірінші кезекте көпбалалы отбасыларға берілді. Туындап жатқан басқа мәселелерді біз жергілікті жерде қарастырудамыз және шешіп жатырмыз, – деді Владимир Дудов.

Табиғи апат барысында кейбір тұрғындардың жеке басын куәландыратын құжаттарынан айрылып қалғанына қарамастан, барлық төлемдер барынша қысқамерзімде берілген. Баспаналары тұруға жарамсыз болып қалған он үйдің иелеріне баспана сатып әперілді.

– Біз көктемгі су тасқынынан зардап шеккендерге қолдау көрсетуді жалғастырамыз. Сіздерге ақшалай көмек берілді, үй сатып әперілді, алайда бұл барлық іс-шаралар атқарылды дегенді білдірмейді. Біз тұтастай алғанда облыс бойынша бұл жұмысты жағдай толық қалыпқа түскенше, жалғастыратын боламыз. Мемлекет басшысының тапсырмасымен бұл жағдай Үкіметтің кезекті отырысында қаралды. Онда биылғы табиғи апаттың себептері талқыланды. Қыс айларында қар нормадан 1,5-2 есе көп түсті, оның үстіне топырақ тоң болып қатып қалды. Сонымен қатар Сергеевка су қоймасына жылдағыдан бір жарым есе су көп келді. Мұндай жағдай алдағы жылдары қайталанбауы үшін біз жоғары жаққа Ақмола облысында тағы бір су қоймасын салу қажеттігі туралы ұсынысымызды жібердік. Сонда ғана ол жерге жиналған суды Сергеевка су қоймасына жіберу бақылауға алынып, жағдай түзелетін болады. Бүгіндері бұл мәселе талқыланып жатыр, ол өз шешімін табады деп сенеміз. Петропавл қаласының Былғары зауыты шағынауданында ұзындығы 2,5 шақырым болатын бөгет салу қолға алынады. Бүгіндері зардап шеккен тұрғындарға көмек қолы созылуда, тиісті төлемдердің басым бөлігі берілді. Жағдай тұрақталғанша, бұл бағыттағы жұмыстар жалғаса береді, – деді өңір басшысы.

Рузаевка ауылындағы су тасқынынан баспаналары мүлдем қирап қалған Соколовтар әулеті жуырда жаңа қонысқа көшті. Оларға жаңа үйдің кілті тапсырылды.

– Біз көмек көрсеткен, басымызға қиындық туғанда қолдау жасаған адамдарға шексіз рахмет айтамыз. Аумағы бұрынғы баспанамызбен бірдей үш бөлмелі пәтерде жаңа өмір бастап жатырмыз. Бәріне де ризамыз, – деді Любовь Соколова. Рузаевка ауылында үйлері көп зардап шекпеген тұрғындарға жөндеу жұмыстарын жүргізу үшін материалдық көмек көрсетілгенін де айта кеткен жөн.

Облыс әкімінің баспасөз қызметі.

Суретті түсірген Талғат ТӘНІБАЕВ.

Пікір білдіру


Защитный код
Жаңалау