Солтүстік Қазақстан газеті

САУАБЫ КӨП АМАЛ

Печать PDF

Мұхаммед пайғамбар (с.ғ.с.): “Рамазан айында ауызы берік адамға су беріп, ауыз аштырған адам анасынан жаңа туғандай күнәсіз болады”, – деген екен. Өңірімізде ауызашар берудің сауабы көл-көсір екенін түсінетін жомарт азаматтар аз емес. Әсіресе, түрлі диаспора өкілдері игі істің қасынан табылуда. Осыған дейін әзірбайжан мен татар-башқұрт қоғамдық бірлестіктері “Қызылжар” орталық мешітінің асханасында дастарқан жайса, бұрнағы күні “Барбанг” республикалық күрдтер қауымдастығының өкілдері ауызашар берді.

argaiv1582

Бұл күні мешіттің үлкен асханасына жиналған 300-ге жуық адам күрдтердің ұлттық тағамдарынан дәм татты. Дастарқан басында ҚМДБ-ның өңіріміздегі өкіл имамы, “Қызылжар” орталық мешітінің бас имамы Кенжетай қажы Байкемелұлы баршаны Рамазан айымен құттықтап, мұсылман баласы үшін бес парыздың бірі – оразаның пайдасы туралы уағыз айтты. “Ораза – адам баласын тақуалыққа, кемелдікке жеткізіп, рухани әлемнің сырына бойлауға бастайтын ерекше ғибадат. Ол адам бойында мейірімділік сезімін оятып, Алла тағаланың бергенін бағалай білуге септеседі. Денсаулықты шыңдап, төзімділікке үйретеді. Күнәні кешіріп, жұмаққа жетелейді. Қиямет күні арашашы болады”, – деді ол.

“Барбанг” республикалық күрдтер қауымдастығының өңіріміздегі филиалының жетекшісі Рашид Надиров бастаған бір топ адам орталық мешітте жасалып жатқан игі істердің бастамашысы болып жүрген бас имамға жылы лебіздерін айтып, асыл дініміз – исламның кең қанат жаюына тілектерін білдірді. Іс-шара соңында Түркия елінен арнайы келген қари Құран аяттарын оқып, дұға жасады.

Айта кеткен жөн, мейірім айында қаламыздағы диаспора өкілдері мешіттің асханасында кезектесіп ауызашар беретін болады. Сондай-ақ, орталық мешіттің өзі де аз қамтылған адамдарға күнде кешке дастарқан жаюда.

Нұржан СЕЙІЛБЕКОВ,

“Солтүстік Қазақстан”.

 


 

Пікір білдіру


Защитный код
Жаңалау