Солтүстік Қазақстан газеті

КООПЕРАТИВТЕР — ДАМУ ТЕТІГІ

Печать PDF

Мемлекет басшысы Нұрсұлтан Назарбаевтың “Қазақстанның Үшінші жаңғыруы: жаһандық бәсекеге қабілеттілік” атты Жолдауында ауыл шаруашылығы саласын дамытуға ерекше басымдық берілгені белгілі. Атап айтқанда, атқарушы билік ауыл шаруашылығы кооперативтерін құру арқылы жұмыссыз азаматтардың жаңа кәсіп ашуына жағдай жасау жұмыстарын жандандыруы қажет. Бұл аграрлы өңіріміздің тұрғындары үшін жағымды жаңалық екені анық. Осы орайда, кооперативтердің құрылу мақсаты, жеңілдетілген несие алу жолдары, мемлекеттік қолдауларды тиімді пайдалану тетіктері жөнінде “Ауыл шаруашылығын қаржылай қолдау қоры” АҚ-ы облыстық филиалының басшысы Әсемгүл Қайырденовамен әңгімелескен едік.

argaiv1259

– Әсемгүл Ақбайқызы, сұхбатымызды үстіміздегі жылғы Елбасы Жолдауындағы ауыл шаруашылығы саласын өркендетуге байланысты айқындалған басым бағыттардан бастасақ.

– Елбасы Нұрсұлтан Назарбаевтың кезекті Жолдауында шикізат өндірісінен сапалы өңделген өнім шығаруға көшу қажеттігі айтылған. Бұл халықаралық нарықтарда бәсекеге қабілетті болуымызға септігін тигізеді. Осы мақсаттарға қол жеткізу үшін қазіргі таңда нақты тапсырмалар берілді және жұмыстар басталды. Оның ішінде алдағы бес жыл ішінде 500 мыңнан астам жеке үй шаруашылықтары мен шағын фермерлерді кооперативтерге тартуға жағдай жасалатынын айта кеткенім жөн. Басты мақсат – жеке сектордың әлеуетін пайдалана отырып, ауыл шаруашылығы өнімдерін өндіру көлемін ұлғайту, әсіресе, ұсақ отбасылық сүт, ет өнімдерін өндіруді дамыту арқылы ауыл шаруашылығы кооперативтеріне біріктіру, жеке сектордың тиімділігін арттыру, сапасын жақсартып, өндірілген өнімдерді сатып алу жүйесін қалыптастырып, өңдеу өнеркәсібін дамыту болып отыр.

– Жылдың басты құжатында “...Аграрлық сектор экономиканың жаңа драйверіне айналуы керек” деп атап өтілген. Бұл ретте, ауыл шаруашылығы кооперативтерін құру заман талабы болып отыр. Осы мәселеге қысқаша тоқталсаңыз.

– Қазіргі нарық талаптарын бағамдар болсақ, кооператив – ауыл шаруашылығы саласының даму тұтқасына айналғанына көз жеткіземіз. Облысымызда кооператив құру бойынша атқарылған жұмыстардың нәтижесі көңілге қонымды. Бүгінгі таңда өңірімізде 9,3 мың жеке қосалқы шаруашылық жүргізушілердің бірігуімен 129 ауыл шаруашылығы кооперативі құрылды. Өз өнімдерін өндіруге құлшыныс білдіріп отырғандардың 33-і сүтті бағытта жұмыс істемек. Бүгінде олар инфрақұрылымдарын дамытып, 471 миллион теңгенің қара малын сатып алу арқылы бәсекелестік ортаны қалыптастыруда. Ауыл шаруашылығы министрлігі белгілеген индикатор бойынша жылдың соңына дейін тағы 20 ауыл шаруашылығы кооперативін, 13 сүт қабылдау және 5 мал сою қосынын, 1597 мал басына арналған бордақылау алаңын құру жоспарланған. Өңіріміз бойынша бұл мақсатқа 2 млрд. теңгенің қаражаты бөлінді.

Несиелендіру жобасының операторы – “ҚазАгро” ұлттық холдингі құрылымына кіретін “Ауыл шаруашылығын қаржылай қолдау қоры” АҚ-ның облыстық филиалы үстіміздегі жылы ашылған 21 кооперативті қаржыландырды. Оның 19-ы – сүтті, 1-еуі – етті мал, ал 1-еуі құс өсіру бағытында жұмысын жүргізуде. Жыл басынан бері 12 кооператив 58,6 миллион теңгеге қаржыландырылып, өндіріске қажетті 12 танкермен және 5 сүт тасушы автокөлікпен жабдықталды. Қазіргі уақытта үш өтініш қаралу үстінде. Бұдан басқа, 192 жеке қосалқы шаруашылық жүргізуші солтүстікқазақстандық “Ырыс” және “Береке” бағдарламалары бойынша 482,2 млн. теңгенің несиесіне қол жеткізді. Бүгінге дейін 13 кооперативке “Ынтымақ” бағдарламасы бойынша сүт қабылдау қосыны мен сүт тасу автокөлігін сатып алу мақсатында 70,4 млн. теңге бөлінді. Нақтырақ айтқанда, Шал ақын, Тайынша және Қызылжар аудандарында өз жұмысын бастаған 16 кооператив біздің қор арқылы қаржыландырылуда. Бұл жұмыстар Аққайың, Жамбыл, Мағжан Жұмабаев аудандарында да қарқынды жүргізілуде. Өкінішке қарай, Мамлют, Тимирязев және Уәлиханов аудандары көш соңында келеді. Соған қарамастан, ел Үкіметі кооперативтерге әрі қарай да қуатты қолдау көрсете бермек.

– Қарап отырсақ, құрылып жатқан кооперативтердің басым бөлігі сүтті бағытты таңдаған екен. Кооперацияға бірігуге ниет білдіргендердің тарапынан ерекше бизнес-жобалар түсті ме?

– Иә, құрылған кооперативтердің басым бөлігі сүтті бағытты таңдаған. Бірақ арасында жаңа салада бағын сынап көруді алдына мақсат қойған жерлестеріміз де бар. Атап айтқанда, Қызылжар ауданындағы Красный Яр ауылында қазды өндірістік бағытта өсіруді қолға алған “Красный Яр” ауыл шаруашылығы өндірістік кооперативін ерекше атап айтуға болады. Қарағанды облысында да құс ұстау бойынша құрылған кооператив бар. Бірақ ол инвесторлардың қаражатына құрылған. Ал біздің өңірімізде құрылғалы отырған кооператив толықтай мемлекеттік қолдаудың арқасында жұмысын жүргізетін болмақ.

Сондай-ақ, елімізде алғаш рет омарташылардың кооперативі құрылғалы отыр. Ол да біздің өңірде өз жұмысын бастамақ. Бірнеше күн бұрын “Солтүстік Қазақстан омарташылар қауымдастығы” қоғамдық бірлестігінің өкілдерін қабылдап, бизнес-жоспарларымен таныстық. Мамандардың айтуларынша, Солтүстік Қазақстан облысының омарташылықты дамыту бойынша әлеуеті жоғары. Соңғы жылдары облысымызда өсімдік шаруашылығының қарқынды дамуының арқасында солтүстікқазақстандықтардың арасында жаппай омарташылық белең алған. Бал өндіру кәсібіндегі негізгі үлесті жеке қосалқы шаруашылықтар құрайтындығын ескерсек, бұл салаға қызығушылық танытқан омарташылар кооператив құруға бел буған. Статистикалық мәліметке сүйенсек, еліміздегі әрбір азамат орташа алғанда 50 грамм бал жесе, ал Еуропа елдерінде бұл көрсеткіш 4 есе жоғары. Бірігудің арқасында субсидиялау немесе жеңілдетілген несие түрінде берілетін мемлекеттік қолдауды алу оңай. Бұл да өзіндік қанатқақты жоба болмақ.

– Әсемгүл Ақбайқызы, ауыл шаруашылығы кооперативіне бірігіп еңбек ету ел экономикасының дамуына серпін беретіні сөзсіз. Бірақ ауылдағы ағайындар бұл тиімділікті әлі де болса дұрыс түсінбей жатқан сияқты. Бұл бағытта қандай жұмыстар жүргізілуде?

– Иә, жаңа бастаманың жай-жапсарын жете түсіне қоймағандар аз емес. Сондықтан облыс әкімі Құмар Ақсақалов тиісті басшыларға ауыл шаруашылығы кооперативтерін құру бойынша маңызды міндеттерді жүктеп, түсіндіру жұмыстарын жүргізуді тапсырған болатын. Осыған қарай, ауылды жерлерде кооператив құрудың жолы мен оның жұмыс істеу механизмдерін түсіндіру жұмыстары жүзеге асырылды. Бұқаралық ақпарат құралдарында бірқатар мақалалар жарияланып, телесюжеттер жасалды. Ауыл шаруашылығы басқармасы мен облыстық кәсіпкерлер палатасының мамандары ауылдарға жол тартып, тұрғындарға ауыл шаруашылығы техникаларына Үкімет тарапынан берілетін жеңілдіктер мен субсидияларды алу мүмкіндіктерін түсіндірді. Көп азаматтар “Bastau бизнес” жобасы бойынша біліктілік курстарынан өтіп, өз жобаларын комиссия алдында қорғады.

– Кооперативке бірігудің арқасында қандай жеңілдіктерге қол жеткізуге болады?

– Ауыл шаруашылығы кооперативтерінің жұмысын жандандыру мақсатында мемлекет тарапынан бірқатар жеңілдіктер қарастырылуда. Мәселен, кооперативтерге қор арқылы “Ынтымақ”, “Ырыс” және “Береке” бағдарламалары бойынша құрылғылар, техника, ірі қара мал және оған қажетті жем-шөп, сауын аппараттарын алуға субсидиялар төленеді. Сондай-ақ, салықтық жеңілдіктер қолдануға, жеңілдікті және ұзақмерзімді несиелерді пайдалануға, мемлекеттік демеуқаржыларды алуға, шығындарды өтеуге, лизингке техника алуға, мүлікті кепілге салу үдерісін жеңілдетуге, тағы басқа процедураларды іске асыруға қол жеткізіледі.

Мемлекеттен қайтарымсыз қаржы алу үшін шаруа адамына құшақ-құшақ қағаз жинап, облыс орталығына сабылудың қажеті жоқ. Осы мақсатта мемлекеттік реттеуді цифрлық технологияларға көшіру көзделіп отыр. Өтінімдерді қарау мерзімі де қысқартылатын болады. Бұл шара субсидия беру кезіндегі сыбайлас жемқорлық тәуекелін төмендетеді. Осылайша, ұсақ шаруашылықтар бірігіп, мемлекеттен қолдау алуға зор мүмкіндік беріліп отыр.

– Жаңа науқан басталғалы бері еліміздің кейбір облыстарында көзбояушылықтың орын алғаны анықталды. “Жалған кәсіпкерлік” деген сияқты енді қолданысқа “жалған кооператив” деген ұғым енетін болар? Біздің өңірімізде бұл бағытта қандай да бір тексерістер жүргізілді ме?

– Бүгінгі таңда ауыл шаруашылығы саласы биліктің ерекше назарында. Елбасының жаңа Жолдауына сәйкес, ауыл шаруашылығы қадірі кетіп бара жатқан мұнайдың орнын басып, бюджетті түсіммен толтырар жаңа драйверге айналуға тиіс. Алтын бесік ауылға оралайық. Сіз айтқан келеңсіз жағдайдың алдын алу және мониторинг жүргізу үшін Ауыл шаруашылығы министрлігінің мамандары ауыл-аймаққа аттанып, жалған кооперативтерді анықтауға білек сыбана кірісті. Яғни, еліміздің барлық өңірінде “үлкен кооперативтік ревизияны” қолға алған. Мұндай тексерістер біздің облысымызда да жүргізілді. Біздің мамандар да аудандарды аралап, құрылған барлық кооперативтің жайымен танысып шықты. Тексерістің нәтижесі бойынша ешқандай кемшілік анықталған жоқ. Сан қуу жолында “де-юре”, яғни қағаз жүзіндегі кооперативтер анықталмады. Бірнеше ауыл шаруашылығы кооперацияларына жергілікті бұқаралық ақпарат құралдарының қатысуымен баспасөз турлары ұйымдастырылып, жүргізіліп жатқан жұмыстың барысымен танысуға мүмкіндік тудырылды. Жоғарыда айтқанымдай, мемлекет миллиондап қаржы бөліп жатқан осы салада бағын сынап көруге бел буған азаматтардың басым бөлігі біздің қор арқылы мемлекеттік қолдауға ие болуда. Біз олардың бизнес-жоспарымен танысқаннан кейін қаражаттың қайда жұмсалғанын қадағалаймыз. Құрылған кооперативті ұдайы назарымызда ұстаймыз.

Әлемдік тәжірибе көрсетіп отырғандай, кооперацияның пайдасы шаш етектен. Мәселен, АҚШ, Аргентина, Канада, Швейцария және тағы басқа алпауыт мемлекеттер кооперацияның тиімді екендігін іс жүзінде дәлелдеп отыр. Егер біз де сапалы отандық өнімді экспортқа шығаруды көздесек, бірігіп жұмыс істеуіміз қажет. Одан ұтпасақ, еш ұтылмаймыз.

Сұхбаттасқан

Қанат АТАМАНОВ,

“Солтүстік Қазақстан”.

Суретті түсірген

Амангелді БЕКМҰРАТОВ.

Пікір білдіру


Защитный код
Жаңалау