Солтүстік Қазақстан газеті

ЛАТЫН ӘЛІПБИІ ҚАЗАҚ ТІЛІНІҢ ТЫНЫСЫН КЕҢЕЙТЕДІ

Печать PDF

Елбасы Нұрсұлтан Назарбаевтың “Болашаққа бағдар: рухани жаңғыру” атты мақаласы терең мазмұнға ие тағы бір құнды еңбек екені сөзсіз. Кемел келешекке бағдар болған ауқымды құжатта ұлттық идеологияның, рухани жаңғырудың маңызды тетіктері қарастырылған.

argaiv1259

Мемлекетіміздің одан әрі дамып, көркейіп, гүлденуі үшін қолға алынған маңызды бастамалардың бірі – латын әліпбиіне көшу. Қашанда кемеңгерлігімен ерекшелене білген Елбасы: “2025 жылға қарай ісқағаздарын, мерзімді баспасөзді, оқулықтарды, бәрін де латын әліп­биімен басып шығара бастауға тиіспіз. Ол кезең де таяп қалды, сондықтан біз уақыт ұттырмай, бұл жұмысты осы бастан қолға алуымыз керек. Біз осынау ауқымды жұмысты бастауға қа­жетті дайындық жұмыстарына қазірден кірі­семіз”, – деп мәлімдеді. Бұл – заман талабына сай айтылған орынды ой.

“Оқусыз білім жоқ, білімсіз күнің жоқ” деген дана сөзді бүгінгі таңда “Латынсыз білім жоқ, білімсіз түгім жоқ” деген мақалмен ауыстыруға болады. Себебі, бар ақпарат, ғылыми жаңалықтар ағылшын тілінде, латын қарпімен жарық көруде. Қазіргі кездегі басты мәселе – осы латын әліпбиіне көшу тұрғысындағы екіұдайлы пікірлерден арылу. “Қазақстан – 2050” Стратегиясында латын әліпбиіне 2025 жылы толық көшетініміз туралы нақты белгіленген. Халық арасында, тіпті, ақпарат құралдары кеңістігінде өзіндік ой айтып, қызыл кеңірдек болып жүрген саясаткерлерді де, бұл бастаманың ақша шашу екендігін дәлелдеуге тырысып жүрген азаматтарды да көзіміз шалып қалады. Бірақ Елбасының “Латын әліпбиі – заман талабы” деген сөзін басшылыққа ала отырып, әлем кеңістігіне еркін саяхаттай алатынымызға кәміл сенуіміз керек.

Латын әліпбиін қозғаған кезде міндетті түрде Ыбырай Алтынсариннен кейінгі еңбегі ерекше ағартушы-педагог, сөз құдіретін танытқан қаламгер, қазақ баспасөз тілінің ұлттық үлгісін көрсеткен талантты публицист, туған халқының рухани дүниесін көтеруге көп күш жұмсаған ірі қоғам қайраткері Ахмет Байтұрсынұлы туралы сөз болатыны айдан анық. “Еңбекші қазақ” (қазіргі “Егемен Қазақстан”) газетінің 2030-шы жылдардағы сандарын мұрағаттан қарасақ, латын әліпбиіне қатысты мәліметтерді кездестіреміз. Сонда еліміздің бас басылымынан бастап, бүкіл қазақ газеттері 1932 жылғы 1 қаңтардан арабтың төте жазуынан латыншаға көшкенін байқаймыз. Оған дейін, яғни 1928 жылдан бастап газеттің әр санында “Латынша үйренейік” деген айдармен латын әріптерін үйрететін арнайы бөлім болған. 1931 жылға қарай аға басылымның беттеріндегі латын әрпімен берілген материалдар аралас жариялана бастаған. Сөйтіп, латын жазуына елдің бірте-бірте бойын үйретіп, уақыты келген кезде – 1932 жылы сол әліпбиге көше салған. Бізде солай істеуіміз керек.

Қазіргі таңда қолданыста жүрген жазу үлгілері аз емес. Біз солардың ішінен латын әліпбиіне түбегейлі көшуді жөн санап отырғанымыз белгілі. Латын әліпбиін қолдану арқылы болашағымыз жарқын болады деген сенімдеміз. Әрине, төте жазу немесе кириллицамен жазылған мол мұрамыз бар екені рас, олар жаңа қаріпке көшірілетіні анық. Латын әліпбиі – мемлекеттік тілдің қолданылу аясын кеңейтуге зор ықпал етеді. Сонымен бірге шетелде жүрген жастарымыздың осы жазу арқылы өз тілін басқа да ұлт өкілдеріне түсіндіру жағдайлары қиын болмасы анық. Басқа мемлекеттерде тұратын қандас бауырларымыз да латын әліпбиіне көшсек, еліне бір табан жақындай түспек.

Осы орайда өзіме етене таныс жағдайға тоқталып кеткім келеді. Бүгінде мемлекеттік бағдарлама бойынша Қытай, Өзбекстан және Моңғолия елдерінен жастар білім қуып, атамекеніне оралып жатыр. Бұл қуантарлық жағдай. Бірақ олар қазақ тілінде сөйлегенімен, кириллицаға шорқақ. Алғашқы бір жылын жазу үйренумен өткізеді. Бұл уақыт жағынан ұтылуымызға алып келеді.

Латын әліпбиіне көшкен жағдайда дүниеге кең қанатын жайған ағылшын тілін меңгеру де оңайға соғады. “Үштілділік” саясатына сәйкес ағылшын тілін білу – заман талабы. Латын әліпбиіне көшу арқылы біз өз тілімізді жаңғыртамыз, арыла алмай келе жатқан жат әріптерден арыламыз. Тілімізге екінші дем береміз. Шетелмен ақпарат алмасу да ыңғайлы болады. Елбасы Жолдауына сәйкес, латын әліпбиінің қазақша баламасын дайындау тапсырылды. Латын әліпбиі турасында бұқаралық ақпарат құралдарында көптеген мақалалар жарияланып жүр. Солардың көбі әліпбидің енгізілуін құптап, дұрыс екендігін дәлелдеуде. Електен өткізіп сараптайтын да, артығын алып, кемін толықтырып, жоғын жоқтап, бүтінін түгендеп беретін де – халық. Әліпби ауыстыру, бұл – ұлтымыздың тарихындағы ең маңызды бетбұрыс болып табылады. Сондықтан осындай жауапты қадамға әркім және баршаның атсалысқаны абзал. Латын графикасын үйреніп алу аса қиындық туғыза қояды деп ойламаймын. Өйткені, әлем қабылдап отырған әліпбидің жаттығы байқала қоймауы керек. Біз күнделікті өмірімізде латын графикасымен жиі бетпе-бет кездесеміз. Тауарлардың көпшілігінде ақпараттық жазулар латын қаріптерімен берілген. Ғаламтор мен ұялы байланысты пайдаланушылар, әсіресе, бүгінгі жас буын өкілдері латын әліпбиін пайдаланып та жүр. Алайда, осы жұмысты жүйелеп, бір бағытқа салу үшін қазақ тілінің түбегейлі латын әліпбиіне көшуі қажет.

Жазу – әрбір халықтың рухани, мәдени өсуін, даму деңгейін көрсететін әлеуметтік мәні зор құбылыс. Ол өткенді, бүгінді және келешекті жалғастыратын алтын көпір. Қазіргі жазуымыз бірнеше ұрпаққа білім беріп, оларды талай биіктерге жетеледі, қазақтың әдебиетін, мәдениетін, ғылымын көтеріп, егеменді мемлекетімізге де қызмет етіп келеді. Бұл рас. Бірақ барға қанағат етуге болмайды. Бәсекеге қабілетті 30 елдің қатарына ену үшін Елбасының алға қойған мақсат-міндеттерін жүзеге асыру жолында жұмыла жұмыс істеуіміз керек. “Ел бүгіншіл, менікі – ертең үшін” деген екен Ахмет Байтұрсынұлы. Қазір қолға алып жатқан дүниенің бәрі біз үшін емес, кемел келешек жолында жасалып жатқан ауқымды іс. Олай болса, Елбасының сындарлы саясатын қолдап, бірлік, білім, еңбекті ұштастырып, ортақ межеге қол жеткізуге атсалысуымыз керек.


Гүлбарам ХАМЗИНА, М.Қозыбаев атындағы

СҚМУ-дің “Қазақ филологиясы”кафедрасының доценті, филология ғылымдарының кандидаты.



Пікір білдіру


Защитный код
Жаңалау