Солтүстік Қазақстан газеті

“БЕРЕКЕ” КӨРКЕЙЕ ТҮСПЕК

Печать PDF
Кеше өңір басшысы Құмар Ақсақаловтың төрағалығымен облыс әкімдігінің кезекті отырысы өтті. Облыс орталығын абаттандыру мәселесі қаралған жиында өңір басшысы “Берекені” Петропавл қаласының ең көрікті шағынауданы ету жөнінде нақты тапсырма берді.

Отырыс облыстық бюджеттің 2017 жылдың алғашқы бес айындағы кіріс және шығыс бөлігінің орындалуы, еңбекақы бойынша қарызды өтеу мәселесін қараудан басталды. Бұл мәселе бойынша облыстық қаржы басқармасының басшысы Ескен Әкімжанов хабардар етті.

argaiv1962

– Есепті кезең ішінде жергілікті бюджетке 14 млрд. 833 млн. теңге өзіндік кіріс түсіп, болжамды жоспар 119 пайызға орындалды. Соның нәтижесінде 2 млрд. 372 млн. теңге артық кіріс алынып отыр. Облыстық бюджеттің жоспары да 142,1 пайызға орындалып, 1 млрд. 896 млн. теңге артық кіріс түсті. Ал қалалық және аудандық бюджеттер 106 пайызға орындалды, – деді Ескен Әкімжанов.

Баяндаманы тыңдап болған соң облыс әкімі бұрындары бұл көрсеткіштердің өсімі еңбекақы мөлшері мен салық салудың ұлғаюы есебінен байқалатын болса, енді үстіміздегі жылы дұрыс басқару жолымен жақсы нәтижелерге қол жеткізу қажеттігін атап көрсетті.

– Бюджеттің кіріс бөлігін асыра орындау – ол болашаққа жасалған қор, оны біз дұрыс пайдалануымыз керек. Осыдан үш апта бұрын біз үлкен тендерлерді ұтып алған құрылыс жүргізетін, автомобиль жолдарын салатын және т.б. ірі компаниялардың жағдайларын талқыладық. Біз осы компаниялардың салықты толық көлемде төлемейтінін анықтадық. Мен облыстық кірістер жөніндегі департаментке, басқармалардың басшыларына олардың жетекшілерімен сөйлесуге және мониторинг жүргізуге тапсырма бердім. Біз салық төлеуден жалтаратындардың барлығын анықтауымыз және тиісті шаралар қабылдауымыз керек, – деді Құмар Ақсақалов.

Облыстық бюджеттің шығыс бөлігі үстіміздегі жылдың 1 маусымындағы жағдай бойынша 99,2 пайызға орындалды. Осы кезеңде 563 млн. теңге игерілмей қалған екен. Сонымен бірге республикалық бюджеттен бөлінген мақсатты трансферттер мен несиелердің игерілуі де 99,2 пайызды құраған. Ал игерілмегені – 167 млн.теңге.

– Бюджеттің шығыс бөлігінің орындалуы жаман көрсеткіш емес. Десек те, бұл мәселелерді барлық үдерістерді басшылыққа ала отыра, басқару арқылы шешуге болады. Бюджетті орындай алмайтындай объективті себеп жоқ. Ал өткен жылдың сәйкес мерзіміне қарасақ, ол кезде миллиардтаған қаржы игерілмеген еді. Биылғы бірінші жартыжылдықта осыған басымдық беретін боламыз, – деп атап өтті Құмар Іргебайұлы.

Екінші мәселе бойынша сөз алған мемлекеттік еңбек инспекциясы басқармасының басшысы Қайрат Пішенбаевтың айтуынша, бүгінде 7 кәсіпорынның 798 жұмысшы алдындағы еңбекақы берешегі 95,3 млн.теңгені құраған. Әсіресе, Уәлиханов, Жамбыл, Қызылжар аудандарындағы кәсіпорындар қарыз жөнінен көш басында тұр. Ал Тайынша мен Ғабит Мүсірепов атындағы аудандардың еңбекақы бойынша берешегі азайыпты. Аққайың, Ақжар, Айыртау, Мамлют, Тимирязев, Шал ақын, Мағжан Жұмабаев аудандары мен Петропавл қаласы бойынша еңбекақы қарызы жоқ.

Аталған мәселенің анық-қанығына жеткен өңір басшысы аудан әкімдеріне еңбекақы қарызы бар кәсіпорын басшыларымен әлеуметтік әріптестік бойынша үш жақты комиссияның отырысын өткізуді тапсырды.

– Біз еңбекақы бойынша қарыздың өсуіне жол бермеуіміз керек. Бірінші жартыжылдықтың қорытындысы бойынша тиісті сараптама жүргізілетін болады, – деді Құмар Ақсақалов.

Петропавл қаласының әкімі Марат Тасмағанбетов облыс орталығын абаттандыру жайын баяндады. Белгілі болғандай, қаланы санитарлық тазалау және абаттандыру үшайлығы аясында жоспарлы жұмыстар жүзеге асырылуда. Соның бірі – қаланың эстетикалық көркіне нұқсан келтіріп тұрған қоршауларды жою. Бүгінде негізгі көшелер мен қала орталығының қай тұстарында сұрықсыз қоршаулар бар екені анықталыпты. Егер меншік иесі бұл қоршауларды жоюға қарсылық білдірсе, оны еуроқоршаулар, яғни, полимерлік жабындысы бар торлы қоршауға ауыстыру ұсынысы жасалмақ.

Өңір басшысы қаланы абаттандыру ескі қоршауларды жаңартумен ғана шектелмейтінін ескертті. Бірінші кезекте жолдар, тротуарлар, саябақтар мен үй аулалары және Қазақстан Конституциясы көшесінің бойы жөнделіп, көгалдандырылуы керек.

– Бізде коммуникациялық желілер өтетін жерлерге көптеп дүңгіршектер салынып тасталған. Алба-жұлбасы шыққан ескілері көп. Бұл қаланың сәнін бұзады, эстетикалық талаптарға мүлдем сай емес. Қала әкіміне кәсіпкерлермен келісе отырып, “қызыл сызықтың” үстінде тұрған дүңгіршектерді бұзуды тапсырамын. Қалалық әкімдік барлық талаптарға сай келетін заманауи сауда нүктелерін салғысы келетіндерге орын бөлуге дайын, – деді Құмар Ақсақалов.

Өңір басшысы “Береке” шағынауданын абаттандыруға ерекше көңіл бөлінуі керектігін ескертті. Бүгінде бұл жерде құрылыс жұмыстары қарқынды жүргізіліп жатқаны мәлім. Құмар Іргебайұлы шағын аудандағы үйлердің аулаларын жаяу аралап шыққанын, тұрғындар күл-қоқыстан көз ашпай отырғанын айтты. Шаһардағы ең сәнді шағын аудан атануы тиіс Берекеде антисанитариялық жағдай орын алған. Облыс басшысының сынына жауап берген қала әкімі Марат Тасмағанбетов шағын ауданда бюджет қаржысына жаңа жол салынатынын айтты. Тұрғындар сол кезде саз-балшықтан құтылмақ.

Құмар Іргебайұлы вокзал маңын абаттандырудың маңыздылығын да тоқталды. Қалаға келген қонақтың көзіне алғаш ілінетін жер осы вокзалдың айналасы екені белгілі. Облыс әкімі кездесу соңында қала басшысы Марат Тастағанбетовке тоқтап тұрған кәсіпорындардың негізінде индустриялық аймақ құру мәселесін ойластыруды тапсырды.

Облыс әкімінің баспасөз қызметі.

Пікір білдіру


Защитный код
Жаңалау